///

Ескерткіш паш еткен тарих

1806 рет қаралды

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Атаулы күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы бекіткен. Мереке 1984 жылдан бері аталып жүр.

Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені мен Алматы қаласына таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы 2003 жылы осы тізімге кірді.

Қазақстанда ұлттық құндылық ретінде бағаланатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Ескерткіштер күніне орай, қазақ халқы киелі санайтын жылқы малына қойылған ескерткіштердің бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз. Қазақ халқы жылқы малын аса қадір тұтып, осы тақырыпқа көптеген шығармалар жазғаны белгілі. Қолына қалам алып, қасиетті өлең әлеміне қадам басқан ақындардың жылқы туралы жазбағаны кемде-кем. Проза жазатындар да жылқы тақырыбын өзге тақырыптан көп қозғады десек, артық айтпаспыз. Алайда, қазақтың жылқы малына деген сүйіспеншілігі мүсін өнерінде әдебиеттегідей айқын көрінбейді. Олай дейтініміз, қазақ мүсіншілері жылқы малын батырдан бөлек алып сомдамаған екен. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Ақан серінің Құлагерін республикалық «Қазанат», «Құлыным» журналдарының бас редакторы, ҚР Ұлттық ат спорт Федерациясының Президенті Сәдібек Түгел мырзаның идеясымен мүсіндеп Астана-Көкшетау бағытындағы жолға қойды. Авторы – сәулетші Сұлтан Иляев.

Құлагер тұлпардың тарихы иісі қазаққа, әсіресе Жетісу тұрғындарына, жақсы таныс. Арқадағы Ақан серінің пырағы жайлы Жетісу даласында жазылған поэма бүгінгі ұрпаққа  жылқы малының қадірі мен қасиетін жақсы ұғындырған.

«Құлагер». Сәулетші Сұлтан Иляев.

Ал дүниежүзінде жылқы малына қойылған мүсіндер біздің елден әлдеқайда көп.

Олардың бірі – Түркіменстанның Ахал уәлаятында  қойылған сәулет кешені. Түркімен халқы ежелден ақалтеке арғымағын ерекше қастерлейді. Осы құрмет олардың бір емес, екі аймақта арғымақтардың сәулет кешенін тұрғызуына себеп болған. Оның бірі Түркіменстанның Ахал уәлаятында болса, енді бірі Ашхабаттағы монумент.

Ашхабаттағы Ақалтеке арғымақтарына қойылған ескерткіш.

Ахал уәлаятындағы  ескерткіш

Арғымақтарды әспеттеп әдемі мүсін жасаған елдің бірі – Ұлыбритания.  Суреттегі темір мүсінді жасауға 600 тонна темір кеткен. Мүсіндердің ұзындығы30 метр. Шотландия көлдеріндегі ат пішінде көрінетін рухты жергілікті халық «келпи» деп атайды екен. Мүсіннің атауы да –«Келпи», авторы – шотландық суретші Энди Скотт. Фолкерк қаласына қойылған мүсінді бірінші жылы 1 миллионға жуық адам көрген.

Жүйріктерге қойылған ендігі бір ескерткіш Минск қаласында орналасқан «Экипаж» атты мүсін. Аустерлиц шайқасында қырылған аттарға арнап қойылған ескерткіште арба жегілген екі ат бейнеленген. Ол шайқаста 20 мың адам, 5 мың ат қырылды деген дерек бар. Авторы – В. Жбанов.

«Экипаж». Минск қаласы

«Коногон» мүсіндік композициясы көрші Ресейдің Кемерево қаласында Шахтер күніне орай ашылған. Техника дамымаған кезеңде шахтадағы қазбаларды аттарға жегілген жәшіктерге салып алып шығатын болған. Шахта жұмысына жегілген аттардың көзін байлап тастаған екен. Аттарға қарайтын, қазбаларды жер бетіне алып шығатын мамандарды Коногон деп атаған. Қазір бұл мамандық ескірді. Ескірген мамандықты кейінгі ұрпақтың есіне салу үшін бұл идея ең алдымен көмір өндіруші компания мамандарының ойына келіпті, қаржыны да өздері бөлген. Авторлары – архитектор Георгий Гайфуллин мен сәулетші Павел Барков. Шахтерлер 1972 жылдың 3 желтоқсанында Кузбасс шахтасынан ең соңғы жұмысшы атты алып шыққан екен.

Ұлыбританиялық суретші Хизер Янш жағалаудағы ағаш кескіндерінен керемет мүсіндер жасайды. Суретші аттың және бұғының мүсіндерін жасауға ерекше ықыласты екен. Майыстыруға немесе жонуға келмейтін түрлі пішіндегі ағаштарды жылқы мүсініне лайықтап қойып, жарамсыз кескіндерден әдемі өнер туындысын жасайтын Хизердің қолынан шыққан заттар көрген көзді сүйсіндіреді.

Ат. Хизер Янш. 

Интернет материалдарынан аударған

 Назым ДҮТБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері