////

Көп балалы аналарға арналған орталықтар бар мәселені шеше ала ма?

2463 рет қаралды
1
Тараздағы "Бақытты отбасы" орталығының ашылу сәті. фото: inform.kz

Елімізде соңғы екі жылдан аса уақыт ішінде көп балалы аналардың проблемасына ерекше ден қою басталды.   2019 жылы, 4- ақпанда  Нұр-Сұлтан қаласында Ситер отбасындағы 5 бүлдіршіннің қазасынан кейін, әсіресе билік көп балалы аналардың прлблемасына баса мән бере бастады. Көп балалы аналарға құқықтық, қаржылай, тіпті психологиялық тұрғыда көмек керек екені білінді.

Осы қозғалыстың негізінде  еліміздің барлық аймақтарында, бас қалаларында көп балалы аналарға қолдау көрсету орталықтары ашылған болатын. Алды екі жылға жуық уақыт жұмыс істеп тұрған мұндай орталықтардың жай-күйі қалай деген сауалға жауап алу мақсатында Тараз, Талдықорған және Өскемен қаласындағы көп балалы аналар проблемасымен жақын таныс жандарды сөзге тарттық. Тараз қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының жұмысына қатысты қоғам белсендісі Жанат Естаева біршама сыни пікірлер айтқан еді. Оның пікірінше, орталық мемлекеттің тапсырыс аясында алған қаражатты карантинді сылтау етіп толық игермей отыр дейді.

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР ҚАЖЕТТІ КӨМЕКТІ АЛЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ

Тараз қаласындағы көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, қоғам белсендісі Жанат Естаева:

Жанат Естаева

– «Қарағандыдағы немесе  Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтары ұсынып отырған көмектер секілді, Тараз қаласындағы көп балалы аналарға арналған орталықтан аналардың үлкен көмек алып жатқанын көрмейміз. Әлеуметтік желілер, Facebook-те кім қандай жетістікке жетіп жатқаны, қандай көмек көрсетіліп жатқаны  туралы ақпаратты үнемі көріп, бақылап отырмыз ғой. Біздің «Бақытты отбасы» орталығы халықпен ашық жұмыс істеп жатқанын көрмейміз. Негізінен ол жерде аналарға анкета толтыртып жатқанын байқаймыз. Тараздағы «Бақытты отбасы» орталығы өткен жылы-наурызда салтанатты түрде ашылған болатын. Мені әкімшіліктен шақырып, сол ашылу салтанатына қатыстым, одан кейін 16  наурызда елде төтенше жағдай жарияланып, карантинге жабылды.

Орталық та карантинге жабылды. Маусым айында мен «Бақытты отбасы» орталығының жұмысына қатысты Facebook-та пост  жазып,  бұл орталық қашанғы жабық тұрады, мемлекеттен ақша бөлінді ғой, ол игерілуі керек қой деп мәселе көтердім. Мен ғана емес, көптеген аналар бұл орталықтың жұмысына риза болмады. Енді, аналар да әртүрлі болады. Біреулер ішер ас, киер киіміміз жоқ дейді, кейбіреулері несиемізді жауып бер деген өтінішпен хабарласып жатады. Әрине, аналардың мұндай талаптарын бұл орталық орындай алмайды. Ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, жұмысқа орналастыру, кәсіптік курстарда оқыту деген істермен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл орталық  визажист, маникюрлік курстарды оқытады. Жөн дейік, бірақ әрі қарай не болады?  Ол аналарды  оқытып, әрі қарай мемлекеттік грант алуға көмектесіп, өз бизнестерін ашуға дейін жетелесе, бұл нағыз көмек болар еді. Алайда, «Бақытты отбасы» орталығынан мұндай көмектер көрсетіліп отырған жоқ. мысалы, биыл да мемлекет тарапыпан қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. Ол гранттарды кім алып жатыр, белгісіз. «Бақытты отбасы» орталығы мұндай гранттарды аналардың алуына ықпал етті ма, жетеледі ме, белгісіз. Бұл қайтарымсыз грант болғанымен сұрауы жоқ ақша емес екенін аналарға түсіндіріп, ақпарат беруі керек қой. Бұл  жайында әлі күнге дейін білмейтін аналар бар.

Сонымен қатар, бұл орталық көп балалы аналарға тән проблемаларды жергілікті әкімдіктер деңгейінде көтерсе деген тілек бар. Өткенде коммуналды қызмет ақысын төлеуге 30 мың теңге бөлу туралы Үкіметтің жарлығы шықты. Біздің орталық ол мәселені  де көтерген жоқ. Тараздағы «Бақытты отбасы» көп балалы аналарға арналған орталықтың жұмысы үшін былтырғы жылы 10-11 млн теңге шамасында қаражат бөлінген екен. Биыл естуімше 8,5 млн теңге бөлініпті»

Жанат Естаева ханымның орталық жұмысына қатысты осы сыни пікірінен кейін, біз Тараздағы «Бақытты отбасы» орталығының жұмысына тікелей жауапты мамандармен хабарластық. Орталықтың жұмысын қоғамдық бірлестік жүргізуі шарт сондықтан ол үшін мемлекет тапсырыс аясында арнайы байқау өткізіледі. Былтырғы байқауда да, биылға байқауда да  Тараз қаласында «Тәртіп пен тәрбие алаңы» қоғамдық бірлестігі  жеңіп алған.  «Тәртіп пен тәрбие алаңы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы  Бақытжан Нәметолла мырзаның сөзінше, былтыр орталықтың  жұмысына облыстық бюджеттен  9 млн теңге қаржы бөлінген. Өткен жылы төтенше жағдай жарияланған бір ай ішінде орталық жұмыс істемеген. Жұмыс істемеген уақыттың қаражаты мемлекетке қайтарылған. Ал, биыл алты айға 8 млн теңге қаражат бөлініпті. Алайда, биыл байқау өткізіліп, қаржы аударылғанша  жыл басынан бері бес айдай уақыт өткен. Яғни, осы уақыт аралығында  орталық  мамандары тегін жұмыс істеп отыр, қоғамдық ұйым өз қалтасынан орталық жалдап отырған ғимараттың жалдау ақысын төлеп отырған көрінеді. Сонымен қатар,  орталық мамандары көп балалы аналарға  волонтер ретінде тегін қызмет көрсетіп отыр. Бақытжан Нәметолла мырзаның айтуынша, қазір орталық негізінен көп балалы аналарға консультациялық қызмет беруде. Психолог, заңгер мамандар, баспана алу бойынша Отбасы банкі қызметкерлері,  200 АЕК қайтарымсыз грант алу бойынша бизнес-жоспар әзірлеу бойынша мамандар көмегі көрсетіліп жатыр.

Тараз қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Гүлнар Нарболдиева да Бақытжан Нәметолла  мырзаның сөздерін растап отыр. Тіпті орталық жұмысы қаржыландырылмаған бес ай ішінде ағылшын, ҰБТ-ға дайындық курстары, тігін курстары секілді білім беру бағдарламалары да тоқтамаған. Тіпті осы курстарды жүргізетін мамандардың өзі көп балалы аналар, орталық жұмысын тоқтатпас үшін волонтер болып жұмыс атқарған. Орталықтың кейбір мамандары да өздері көп балалы ана бола тұра, тегін консультация беру қызметін тоқтатпапты. Сонымен қатар, аптаның екі күнінде әкімшіліктегі түрлі салаға жауапты мамандар, Мәслихат депутаттары көп балалы аналарды қабылдап, мәселесін тыңдап отыратын көрінеді.

БҰНДАЙ ОРТАЛЫҚТАРДЫ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕ КӨПТЕП АШУ КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕРДЕН ГӨРІ АУЫЛДЫҚ ЖЕРДЕГІЛЕР АҚПАРАТҚА ЗӘРУ

Ал, Өскемен қаласы, әйелдер істері және демография жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы Жұлдыз Ақтанжанова өз өңірлеріндегі мәселелермен бөлісті. Оның айтуынша, Өскемен қаласында көп балалы аналарды қолдау орталығы ашылмапты:

Жұлдыз Ақтанжанова

– Семей қаласында «Жанұя» деген көпбалалы аналарға арналған орталық ашылды. Ал, Өскеменде ашылмады, өйткені  Семейде көп балалы отбасылар көп деген уәж айтылды. Орталықтың ашылғанына 1 жылға да толған жоқ.  Менің ойымша бұл орталық  кішігірім көп балалы аналарды жұмыспен қамту орталығы секілді. Аналарға түрлі консультация береді. Алайда, бұл тек Семей қаласында тұратын көпбалалы аналар үшін, бұл жобадан Өскемен шет қалып отыр.

Мен осы жақында ғана Тарбағатай ауданына іссапармен барып қайттым. Содан байқағаным, мұндай орталықтар, тігіншілік, шаштараз курсы секілді мамандыққа арналған курстарды тегін ұсынып жатыр ғой. Осындай курстар ауылға керек екен. Содан кейін, бала тәрбиесімен отырған аналарға психологтың, заңгердің деген секілді консультациялар өте көп қажет екен. Сондықтан, мұндай жобаларды ауылдарға ашса ғой. Штат ашып, 11-12 адамды жұмысқа алып, осындай орталық жұмыс істесе бір ауылға жетер еді.
Қалалы жерде интернет бар, мессенджерлерде чаттар бар, аналар дер кезінде ақпарат ала алады, оларға көмек көрсетіледі. Ал, ауылдық жерлерде бұл мәселе біршама күрделілеу.  Қазір біз мысалы «Жанұя», «Бақытты  отбасы» деген орталықтар болмаса да, өзіміз аналарға көмек көрсетіп жатырмыз. Бізге ондай орталықтың болған, болмағаны тіпті маңызды емес болып отыр.
Мысалы, біз екі жыл бойы өзіміз көп балалы аналардың атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін кеңес бердік, заңға қатысты заңгердің кеңесін ұйымдастырдық, несие алып қайтара алмай, қаржылық қиындыққа тап болғандарға да көмектестік.  Қаншама дөңгелек үстелдер, жиындар ұйымдастырып, жергілікті деңгейде біршама жетістікке жеттік.

Қазір осы ауылдық жерлердің мәселесін көтеріп, «Нұр Отан» партиясына ұсыныс жасап отырмыз. Партияның да өз ішінде «Бақытты отбасы» деген жобасы бар. Сол жоба бойынша ауылдық жерлерді қамтиық деген ұсыныс білдіріп жатырмын. Қазір іске асады деп үміттеніп отырмын. Іскер әйелдер қауымдастығы алдында да бұл мәселені көтеріп отырмын, енді жобаны қорғауым керек.  Бірақ, «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы қаржыландырылмайды. Мұнда да тегін жұмыс істеу керек. Дегенмен, ауыл мәселесіне келгенде партия мүмкін қаржыландыру көзін табатын шығар деген үміт бар.

Негізінен көп балалы аналарға көмек әкімшілік тарапынан көрсетіледі. Дегенмен, Өскемен индустриялы аймақ. Мұнда ірі кәсіпорындар бар. Солар тарапынан меценаттар, демеушілер табуға да болар ма еді, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін. Бірақ, мұнда бір проблема бар. Меценаттармен толықтай әкімшілік жұмыс істейді. Зауыттар, ірі кәсіпорындарға барсақ, олар көмек бердік деп бізге есеп беріп тұрады. Алайда, олардың нақты кімге көмек көрсетіп отырғанын білмеймін. Менімен жұмыс істейтін аналар ол кәсіпорындардан еш көмек алмады.  Сосын, тіпті есігін тоздырған күннің өзінде де мұндай кәсіпорындар көп балалы аналарға азық-түлік беруден әрі аспайды. Мысалы, бір отбасын патронажға алып, балаларының білім алуына, үй жайын жақсартуға көмектессе ғой деген тілек бар. Бірақ, қазірге ірі кәсіпорындар тарапынан ондай демеушілікке қол жеткізе алмай отырмыз.

БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ БАСЫ ТАУДАЙ, АЯҒЫ ҚЫЛДАЙ БОЛМАСА ЕКЕН. ЯҒНИ, НАУҚАНДЫҚ ШАРА БОП ҚАЛМАСА ИГІ

Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының Президенті, Нұрмұханова Жанар Болатқызы болса, Талдықорған қаласындағы орталық жұмысы қалай ұйымдастырып жатқаны жайлы әңгімелеп берді. Жанар Болатқызы мұндай орталықтың болашағына қатысты өз ұсынысын да білдірді.

Жанар Нұрмұханова

– «Талдықорған қаласында көп балалы аналарға және аз қамтылған отбасыларға арналған «Жанұя» әлеуметтік орталығы деп аталатын орталық бар. Ол мен басқаратын үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік жобасы.  Орталық өткен жылы қаңтар айында ашылды. Орталықты қаржыландыруға Талдықорған қаласының әкімі тікелей ықпал етіп отыр. Мұнда көп балалы аналарға заңгерлік кеңес береміз, психологиялық тұрғыда кеңес беріледі. Олардың проблемасымен айналысатын әлеуметтік қызметкерлер бар. Курстар өткіземіз. Курстарды  аяқтаған әйелдердің жұмысқа орналасуына ықпал етуге тырысамыз. Балалар бөлмесі бар, анасы курста оқып жатқан кезде баласының білім алуына жағдай жасаймыз. Ағылшын тілі курстары бар. 5 жастан 4-сыныпқа дейінгі балаларға арналған курстар да бар.

Карантин кезінде де біздің курстарымыз онлайн жалғаса берді. Консультациялар онлайн жүрді. Бастапқы кезде әрине интернет байланысы жақсы болмай қиындықтар туды.
Мерекелік шаралар да өткізіп тұрамыз. Дегенмен, карантин кезінде әрине санитарлық талаптардың орындалуына баса мән береміз. Сондай-ақ, электронды цифрлы қолтаңба алу бойынша, egov.kz порталын қолдану  бойынша да компьютерлік сауат курстарын өткіземіз.

Дегенмен, көп балалы отбасылардың жағдайы әртүрлі болады. Жағдайы төмен отбасыларға гуманитарлық көмек те көрсетеміз. Кейде тіпті, аналар хабарласып, баламды курсқа жіберуге жолға ақша жоқ болып қалды деген де өтініштер айтып жатады. Енді, аналарға қаржылай көмектесуге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен, әрбір отбасының жағдайын түсінуге тырысамыз. «Жанұя» орталығының негізгі мақсаты келген ананың мәселесін бір орталықтан шешіп беру. Сондықтан, Тұрғын-үй шаруашылық бөлімінің, Отбасы банкінің мамандары деген секілді туындаған мәселе бойынша құзырлы мекеме мамандарын осында шақырып, көп балалы аналармен кездестіріп, мәселесін шешіп беруге тырысамыз. Қазіргі таңда біздің орталықты қаржыландыру бойынша үш жылға келісім шартқа отырғанбыз. 2020, 2021,2022 жж қаржыландыру берілді. Осы үш жыл өткен соң қаржыландыру жоқ деп орталық жұмысы тоқтаса, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға обал болады ғой. Оның үстіне өзімізге бөлінген қаржының басым бөлігін біз ғимарат жалдауға жұмсаймыз. Әкімшілік тарапынан бізге ғимарат бөліп берсе, біз оның коммуналды қызмет ақысын ғана төлеп отырсақ, қаншама қаржы үнемделіп, пайдалы мақсаттарға жұмсалар еді.

Сосын, мұндай орталықтарды қалаларға ғана емес, ауылда, аудан орталығында ашса деген тілек бар. Мысалы, біздің орталыққа ауылды жерден де аналар келіп жатады, көмек сұрап, біз қолымыздан келгенше көмек беріп жатамыз.

Содан кейін, мен үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеп жүріп байқағаным біздің қоғамда тренд деген нәрсе бар. Мысалы, бір жылдары жастарға қолдау көрсету керек деген мәселе көтерілді. Жастар жылы жарияланды, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Қазір ол саябырсып қалды. Сол сияқты көп балалы отбасылардың жағдайы нашар деген мәселе көтеріліп, аналарға жағдай жасалсын деп орталықтар ашылып, жұмыс жасалып жатыр. Біраз уақыттан кейін бұл мәселе де күн тәртібінен түсіп қалуы ықтимал. Өйткені, басқа мәселелерге мән беру басталады, мұндай проблемалар елеусіз қалады. Осылай басы жақсы басталғанымен, аяғы сұйылып кетеді. Сондықтан, мүмкіндігінше осындай бастамалар орта жолда қалмай, жалғасын тапса екен деген тілек бар».

Осынау біз сөзге тартқан спикерлердің   сөзінен көп балалы аналар проблемасы үнемі күн тәртібіндегі мәселе болуы керек екенін ұқтық.  Ал, көп балалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған аналарға қолдау көрсету орталықтарының жұмысы да уақыт өте келе жетілдіруді, бейімделуді қажет ететін де шығар. Оны уақыт көрсетеді. Бастысы, ана мен балаға деген мемлекет қамқорлығы азаймаса екен.

(жалғасы бар)

Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мен Тараз қаласының анасымын. Бұл орталықтан өте көп ана көмек алды. Бірақ бірі айтса енді бірі айтпайды. Ыңғай көмек беріп оқу оқытып грант алып, тіпті тегін бизнес план жасап ары қарай дамытып жүр. Сіз көрмегенмен басқалар көріп отыр. Неге айтпайды? Қызғанады. Тағы ақша сұрауға мүмкіндік болмайды. Сондықтан айтпайды. Әйтпесе, көмекті бәледей қырылып алып жатыр.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар