/////

Сегіз ғасырға куә ағаш, айналмалы мейрамхана, түнде өзгеретін стадион: Ташкент сапарынан түйгендер

2332 рет қаралды

Екі мың жылдық тарихы бар Ташкентке жолыңыз түссе, қандай туристік орындарды аралар едіңіз? Сан ғасырлық тарих пен жаңа мәдениет тоғысқан мекенде орта ғасырдың құнды ескерткіштері мен небір құнды жәдігерге толы мұражайларды көруіңізге болады. Шеберлердің  әлемдік қолөнер қоржынына
қосқан үлесін бағалап, сан ғасырда сызат түспеген орта ғасыр ғимараттарын тамашалау бір топ қазақ журналистеріне де бұйырды. Сонымен, Ташкенттегі негізгі 10 туристік нысанға жеке-жеке тоқталып көрейік.

  1. Ташкент метрополитені

Ташкент метросының бірінші желісі 1977 жылы ашылған. Қазір метрода жалпы ұзындығы 36 км болатын үш желі және 29 станция бар. Метроны безендіруге ең жақсы суретшілер мен дизайнерлер шақыртылған. Станциялардың дені өзбек халқының ұлттық нақышында безендірілген. Метро таңғы алтыдан кешкі он бірге дейін ашық. Күн сайын 60 мыңнан 100  мыңға дейін жолаушы келеді. Бүгінде метро жылдам көлік құралы ғана емес, сонымен қатар, шаһардың басты көрікті жерлерінің бірі.

  1. Әлішер Навои ұлттық саябағы

Ташкенттегі ең үлкен ұлттық саябағына өзбек ақыны – Әлішер Навоидың есімі берілген. Аумағы 65 га. Әсем саябақта күн сайын отбасылар, зейнеткерлер, балалар, туристер демалады. Бұнда әдемі гүлзарлар, субұрқақтар, орындықтар, сондай-ақ, мәдени және рухани орталық Әбілқасым медресесі мен неке сарайы орналасқан. Ұлттық саябақта бүлдіршіндерге арналған алаңдар өте көп.

  1. Тәуелсіздік алаңы

Өзбекстан астанасының жүрегінде Тәуелсіздік алаңы орналасқан (түпнұсқа атауы Мустакиллик Майдони). Әдетте мұнда мерекелер мен фестивальдар өтеді. Саябақтағы биік субұрқақтар алаңға ерекше көрік беріп тұр. Бұнда ескерткіштер мен туристік нысандар бар. Олардың ең бастысы жер шары түрінде жасалған Тәуеліздік пен гуманизм монументі. Онда Өзбекстанның шекарасы белгіленген. Ал, қолында баласы бар әйелдің мүсіні Отанды, халықты қорғайтын ананы бейнелейді.

  1. «Ерлік» монументі

Ескерткішті 1970 жылы мүсінші Дмитрий Рябичев 1966 жылғы жер сілкінісін еске алу мақсатында мүсіндеген. Бұл табиғи апат қала тарихында терең із қалдырды, өйткені қатты дүмпудің салдарынан Ташкент тұрғындарының жартысына жуығы баспанасыз қалды. Сонымен қатар, көптеген ғимараттар қирады. «Ерлік» монументі тыныштық пен тұрақтылықты бейнелейді.

  1. «Бунедкор» стадионы

Бунедкор стадионы – Өзбекстандағы ең үлкен футбол стадионы. Ол Ташкент қаласының Чиланзар ауданында орналасқан. Оның жанында «Мирзо Ұлықбек» метро станциясы бар. Ғимаратқа қарама-қарсы сіз Гафур Гулям атындағы үлкен балалар саябағын таба аласыз. Сонымен қатар, 200 метр қашықтықта Чиланзар сауда орталығы орналасқан. Стадион жаңа бағытта салынған. Яғни, нысан кешке және түнде түсін ауыстырып тұрады. Бұл технология «шығыс жалыны» деп аталады. «Бунедкор» стадионында алғашқы футбол кездеуі 2013 жылы өткен. Стадионға 32 мың көрермен сияды.

  1. «Бродвей» аллеясы

Қаланың дәл орталығында, «Бродвей» лақап атына ие көркем көше орналасқан. Мұнда сіз достарыңызбен және отбасыңызбен серуендеп, керемет уақыт өткізе аласыз. Бродвей көшесінің бойында жанды дауыста ән айтатын әншілерді, музыканттарды, жеке портретіңізді салатын суретшілерді жолықтыруға болады. Көше маңында сауда орталықтары мен дүкендер, мейрамханалар мен кафелер, кинотеатр орналасқан.

  1. Ташкент телемұнарасы

Ташкенттегі теледидар мұнарасының биіктігі – 375 метр. Сәулетшілер оның сейсмикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық техникалық талаптарды ұстанып, сапалы тұрғызған. Мұнара 8 баллға дейінгі жер сілкіністеріне төтеп бере алады.  Телемұнараны салудағы басты мақсат хабар тарату. Бұнда күн сайын жүзден астам адам жұмыс жасайды. Туристер жоғары жылдамдықты лифтпен 94 м биіктіктегі бақылау алаңына көтеріліп, сол жерден Ташкенттің панорамасын тамашалай алады. Телемұнараның ерекшелігі – ұлттық тағамдар ұсынылатын «көк зал» және 104 м биіктіктегі айналмалы мейрамханасы бар.

  1. Төле би мазары

Төле би кесенесі шаһардағы көрікті жерлердің бірі боп саналады. Сондықтан бұнда Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан және басқа да шет елдерден келетін туристердің қарасы көп. Төле би ұстазы Шейх Хаунд Тауердің жанында жерленген. Шейх Хаунд құлпытасының жанында алып сарв ағашы тұр. Ағаш 8 ғасыр бойы қурамай, тамыры жайылып тұр. Ал, Төле би мазарының құлпытасының бір жағына Пайғамбардың хадисі, екінші бір бетіне Құранның «Дұха» сүресі жазылған. Және де құлпытаста «Тәңір қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген жазба бар.

  1. Кіші мешіт

Ақ мәрмәрден жасалған Минор мешіті «ақ» деген лақап атқа ие болған. Ашық ауа-райында, ол тіпті   жарқырап көрінеді екен. Мешітке бір уақытта 2400 адам сияды. 2014 жылы салынған ең жас сәулет ғимараты бүгінде Ташкенттегі ең әдемі нысандардың біріне айналған. Мешітте Құран сөздері, өзбек оюлары, бейнеленген.

  1. «Чорсу» базары

Үлкен көк күмбездің астында Ташкенттің қонақтары Шығыс базарларының көрінісін тамашалай алады. Чорсу базары қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Бұнда тауар түрлері өте көп. Базар туристер мен қала тұрғындарын піскен көкөністермен, кептірілген жемістермен, былғарыдан жасалған заттармен, зергерлік бұйымдармен қуанта алады. Көптеген сатушылар жеуге жарамды тауарларды көруге мүмкіндік береді және  құны бойынша сауда жасауға болады. Чорсуда сувенирлер мен сыйлықтар сатып алуға, сондай-ақ, ұлттық  тағамдардан ауыз тиюге болады.

Жалпы, Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласы арқылы Ұлы Жібек Жолы, Азия мен Жерорта теңізі арасындағы негізгі магистраль өтті. Сол ежелгі дәуірден бері қала әртүрлі мәдениеттердің, конфессиялардың және өнер түрлерінің іздерін бүгінге дейін сақтап келеді. Мешіттер, католиктік және православие шіркеулері, саябақтар мен бақтар, шығыс базарлары  сынды айтылмаған көрікті жерлер бар. Сондықтан, Ташкентке жол түсіп жатса, жоғарыда айтылған туристік нысандарды аралауды ұмытпаңыз.

Айман Асыл

Фотоға түсірген: Талғат Мұратбаев

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар