/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2756 рет қаралды

19.10.2021.

МЫРЗА ҚАМАҚТА ОТЫРҒАН ОН КҮН 

Біз Ньюкаслге келген бойда 10 күн тапжылмай үйде отырдық. Оны бізге кеденде ескерткен еді ғой. Ешкім келіп, есік қағып, талап қойып жатпаса да айтқанына көндік, өзімізді өзіміз бағындырып, тәртіп сақтағыш адам кейпіне кіре қалдық. Алайда 10 күн
бойы үйден қарыс адым қия басып сыртқа шықпадық дегенім өтірік. Бізді күтіп алған, үйін майлаған қос қария үш төсекті көрпе жастық, орамал-сүлгі, сабын, қағаз ол-пұлымен мұнтаздай етіп әзірлеп қойғаны былай тұрыпты, ыдыс-аяқ, бірлі-жарым күнге жетерлік ас-суын да алып, даярлаған екен мырза қамақтағы бізге үлкен сеп, талғажау болды. Пөріл, тайландық келіншек те арасында бір дорба тамақ әкеп беріп кетті. Оларды Тәңір жарылқасын! Алайда фольга қағазға орап, тыққыштап елден әкелген аз-мұз қазы- қартамыз да бітіп, қарынымыз қоңқылдай бастаған соң, құлқын құрғырдың істетпейтіні бар ма, екі рет кешкісін 7-8 шамасында жақын маңдағы дүкенге барып ас-су әкеліп алдық. Бірақ ұрының арты қуыс, әлде кім сыртымыздан бақылап жүр ме, камера бірдемеге түсіп қаламыз ба, қалай бақылап отыр екен деп қуыстанады екенсің. Зыр жүгіріп барып, апыл-ғұпыл бірдемелерді ала салып, үйге келіп, енді кім ызбандап қалар екен, енді кім жетіп елер екен деп алаңдап күй кешіп жүріп,  әйтеу көңіл орнына түсті.

ЕКІ РЕТ ПЦР ТЕСТІСІН ТАПСЫРДЫҚ 

Келгенімізге сегіз күн болғанда екінші рет тест алып, оны жолдау қызық болды. Тестінің асай-мүсейінің барлығы пошта арқылы келген. Нұсқаулық бойынша өзіміз анализ алдық. Мен Есенгүлден, Есенгүл менен. Екі күн өткенде тапсыратын тестімізді Пөріл алып кетіп, поштаға салған. Ал сегізінші күнгі алынған ПЦР тестіні қалай жібереміз?

– Пошта жәшіктері болады, – сонда апарып саламыз деді Есенгүл.

– Далаға шығуға болмайды ғой?

– Тестіні жіберуге шықтық дейміз.

Пошта жәшіктерін интернет арқылы іздесек бір шақырымнан астам қашықтықты көрсетеді.  Нар тәуекел. Тестіні дайын конвертке салып, қойынға тығып, карта бойынша пошта жәшіктерін іздеп жолға шықтық. Жақын маңайдан пошта жәшіктері көрінбейді. Біраз жерді шарлап, бір дүңкиген қызыл жәшікті таптық. Енді бұған сала салған хатымыздың адресатына жететін, жетпейтініне көзіміз жетіңкіремей тағы тұрдық.

– Күніне үш рет алып кетеді екен, –  деді Есенгүл. Десе де,  біреу-міреуден сұрай қояйын десең, көше жым-жырт, тірі жан жоқ. Жалпы ауыл үйлердің арасында бейсауат жүрген адам болмайды екен. Алақтап жол бойында тұрғанымызда жүгіріп, спортпен шұғылданып жүрген бір қыз келе жатыр екен. Соны тоқтатып сұрадық. Ол біздің күдігімізді жоққа шығарып, “алаңдамаңыз” алып кетеді депті.

Пошта жәшіктері бұрындары бізде де болған еді ғой. Әр көшенің бойында тұратын. Кейін байланыс жақсарып, ел-жұрт хат-хабар жазбайтын болғаннан соң пошта жәшіктері де көзден ғайып болды ғой. Ал мұнда Ньюкаслде әлі де қауымға қызмет етіп тұр екен. Тәулігіне үш рет келіп алып кетеміз деп жазып қойыпты. Сенерімізді де сенбесімізді де білмей, пісміллә деп тестімізді салып кеп жібердік… Ертеңгісін кешкісін тест жауабы электрондық пошта арқылы жетіп келді. Бостандық!!!

МЫРЗА ҚАМАҚТАН ШЫҚҚАН АЛҒАШҚЫ КҮН 

Біз мырза қамақтан шыққан соң бірінші сапарымызды теңіз жағалауында өткізейік деп шештік. Ньюкасл қаласының шығыс жағына орналасқан Саут Госфорт ауданындағы Саут Госфорт метро бекетінен теңіз жағалауына дейін бес-алты-ақ аялдама жер екен. Платформаға түсер ауызда бірнеше автомат кассалар қойылған. Билеттің құны барар жеріңіздің жақын-ұзақтығына орай әр түрлі, ортпша есеппен 1-50 фунт стерлинг деп мөлшерлесе тым қате болмайды, демек жүру бағасы біздің қазіргі бағаға шаққанда 900 теңге. Яғни Алматыдағы метромен жүру құнынан он есе қымбат. Халқының қолында жеңілдікпен алған карталары  («Оңайлары») бар. Жолаушылар метроға мінерде, не метродан шыққанда перроннан шығар ауыздағы тексеру аппаратына сол карталарын басып өтіп жатыр. Оларды қай жерден кім тексеріп жатқаны белгісіз. Айтуларына қарағанда анда-санда, кездейсоқ тексерістер болып қалады дейді. Билетсіз жүріп ұсталып қалса штраф құны өте жоғары деседі. Ал жер асты метро бекеттеріне түсер ауызда турникеттер қойылыпты. Оларды бақылап тұрған бірлі-жарым формалы қызметкерлер көзге түсті. Біздегі құсап, метро аузында екі-екіден тұрған полицей, қос-қостан тұрған қауіпсіздік қызметкерлері, контролер атымен жоқ. Қолыңдағы жүгіңді, сөмкеңді аппараттан өткізіп «қауіпсіздік сақтап» жатқан да ешкімді көрмедік. Лондон метросында да жағдай сондай болды. Сонда ойлайды екенсің біздің Алматы метросының әр бекетінің аузында бір қора жан не үшін иіріліп тұрады екен деп.


Автобуспен жүру құнының да мөлшері сондай. Автобустың бәрі бір есікті. Алдыңғы есіктен кіріп, сол есіктен шығасың. Жүргізушінің бәрі әйнек кабинамен бөлінген. Картаң жоқ болса алақандай тесіктен жүргізуші билет береді. Картаң, оңайың болса сол тесіктің аузында тұрған аппаратқа басып өте бересің. Іштегі ел шығып, сырттағы жұрт кіріп болғанша автобус асықпайды. Ал аялдамада тұрған адам қол көтермесе, не іштегі адам түсемін деп алдын ала түймені баспаса, автобус тоқтамай жүре береді екен. Бұл біз үшін бір таңсық дүние болды.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар