//

Диссидент Арон Атабек қайтыс болды

1906 рет қаралды
1

Қарашаның 24-інде қазақ ақыны, әрі диссидент Арона Атабектің қайтыс болғаны мәлім болды. Бұл туралы  “Азаттық” радиосына оның қарындасы  Разия Нутышева хабарлаған. Оның айтуынша ауруханада жатқан Аронның жүрегі тоқтаған екен.

2006 жылы Алматыдағы “Шаңырақ” оқиғасының провокаторы ретінде айыпталып 18 жылға сотталған ол, жазасының 15 жылын өтеп, жақында ғана ауруына байланысты түрмеден шыққан оның халі мүшкіл еді. Оның үстіне коронавирус жұктырып алған болатын. 68 жастағы диссидент соңғы демі шыққанша қазақ үшін күресетіндігін айтып, ешкімге басын имей, қасқайып өткен батырды бүкіл қазақ даласы жоқтап жатыр.

Танагөз Толқынқызы, ақын, журналист:  
ОЛ МЕНІ ҚАТТЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН АҚЫН ЕДІ 
Өлеңін орысша жазатын.
2002 жылдар шамасы болса керек. Поэзия кештеріне мүлде адам жиналмайтын заман.
Бірде мен оның поэзия кешіне бардым.
Оның есімі – Арон Атабек еді.
Ах, нас покинул этот Тенгри,
И в сердце не вошел Аллах,
И правят нами только деньги,
И правят нами только страх,-деген өлең жолдары есімде қалыпты.
Аронның қасында еліктің лағындай болып жары Жайна жүретін. Ол нәзіктіктің символы еді. Ақын жарын ерекше сүйетін.
Сол Арон еңгезердей батыр тұлғасымен сахнаға көтерілді.
Сахнада 7-8 әр түрлі әдемі қыздар мен келіншектер отырды. Сөйтсек олар ақынның музалары екен. Арон әр қызды орнынан тұрғызып оған арнаған өлеңдерін оқыды.
Қазақ ақындары өлең арнамаған қыз жоқ шығар. Бірақ музаларын сахнаға шығарып, әр қайсысына қошамет көрсетіп, өлеңін халықтың алдында оқып берген ақынды бірінші рет көруім.
Сол жылдары менің де ең алғашқы поэзия кешім Ғалымдар үйінде өтті.
Мен кешіме Арон Атабекті шақырдым.
Ол кезде ұялы телефон енді пайда болған. Және халық арасында мүлде тарамаған кез. 100-ге жуық шақырту қағазын толтырып, соның тек жиырма шақтысын ғана аяқпен жүріп таратқаным есімде.
Шаңырақ оқиғасы әлі болмаған. Бірақ ол сол кезде Аронға саяси диссидент ретінде қарайтын.
Мен оның үйіне шақырту қағазын алып барғанда Аронның өзі қарсы алды.
Оның жұмсақтығы мен мейірімділігінде шек жоқ еді. Қазақша сөйлейтін. Кешіңе міндетті түрде барамын, Танакөз. Және өлеңдеріңді орысшаға аударып апарамын,-деді.
Залға адам жиналмайтын сол бір жылдары тұңғыш рет Ғалымдар үйі лық толды. Ғалымдар үйінің жылдар бойы шаң басып ашылмай тұрған балконы ашылып, балкон да адамға лық толды.
Кешіме халық көп келеді деп ешқашан күтпеп едім. Кеште қазіргі атақты математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз орын болмағадықтан түрегеп тұрып көргені есімде қалды.
Сол кеште Арон өлең оқыды. Халықтың көптігінен толқып, арқасы қозып сахнадан түскісі келмегенін көрдім.
Кейін осы Арон Атабек аударған екі өлең «Дебюттер достастығы» атты халықаралық поэзия фестивалінде жеңіске жетті. Сыйлықты Ресей президенті Д. Медьведеьев табыстауы керек болған. Бірақ дәл сол күні Ресей мен Грузия арасында соғыс басталып, сыйлықты маған тәжікстан президенті Эмомоли Рахмонов табыстады.
Ол маған қайта тіріліп келген Махамбет сияқты елестейтін. Өзі де сол Махамбеттің өлеңдерін орысшаға аударумен айналысты.
Талантты, эстет, джентельмен.
Ешқашан екі сөйлеуді білмейтін алашордалық ұстанымның соңғы тұяғы.
«Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»-деген Әлихан қағидатын іспен жалғастырушы.
Қазақтың ары мен ұяты.
Қазақ батырының ең осал тұсы, жанды жері – отбасы. Ол сол аяулы отбасын да ұлт жолында құрбан қылды.
Сені ешкім сындыра алмады. Сүйегіңді үгітті, миыңды шашты, тіліңді қидалады, бауырыңды езді. Су бермей де сынады. Жалғыздықпен де сынады. Қараңғылықпен де сынады. Надандықтың озбыр түрімен де сынады.
Халқың сені танымады. Бірақ сен сол халықтың жолында өлдің.
Сен расында да «арыңның тұтқынысың!». Ар жолында мерт болдың.
Сенің бағаңды біз бермейміз.
Сенің бағаңды бүгінгілер бермейді.
Сенің бағаңды тарих береді.
Сенің бүгін өлген күнің, Арон! Бірақ сен тіріден де тірісің!
Расында да, Тәңір бізді тастап кеткен.
Ал Алла жүрегімізге енбеді. Дәл өзің айтқандай…
Ақша мен үрейдің құшағында енді қанша ғасыр өмір сүреміз?
Өлдің Мамай қор болдың!
Арда арысым-ай!
Ықылас Ожайұлы, прозаик: АР ҮШІН ӨЛЕТІНДЕР – ОЛАР ӨЛМЕЙТІНДЕР
…Біздер – сотталғандармыз. Өзіміз сотталмасақ та санамыз сотталды. Рухизат танымымыз ғасырлар бойы Соцлагерьдің төрт төңіректі тұмшалаған түрмесінде жатты. Дәлел дейсіз бе? Азаттық ауа райы орнай қалып еді көбіміз кеңестік түрменің қып-қызыл қылмыскерлері екенімізді дәлелдедік.
Таладық, талқандадық. Бүлдірмеген бір нәрсеміз қалмаған екен. Тұншыққан түрмелік түйсігімізден шығар, біз түк те түсінбеппіз. Бақсақ, Бөкейханов сотталмапты, біздің санамыз сотталыпты. Ахмет атылмапты, біздің азат ой, ақылымыз атылыпты.
Енді міне, Ароннан да айырылып қалдық деп өп-өтірік өзімізді мүсіркеп жатырмыз.
Негізі қате пайым.
Олар – тірі, өлген – біз. Әрине, мүсіркеу керісінше болуы керек еді (Әйгілі Гераклиттің “Ар үшін өлетіндер – олар өлмейтіндер, ал керісінше өлмейтіндер – ол өлетіндер” дегені де осыны меңзесе керек).
Не дейін енді… Көп нәрсеге көз жеткізіп кеттің.
Иманың саламат болсын асыл ер!
* (пікірлер фейсбук парақшасынан алынды)
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Бақытбек

    Өкініш

    Күйініп кімге ұрсасың,
    Ажалға зауал айтқанмен.
    Жоқтауға берген мұрсатын,
    Аллаға мадақ, Қайтқанмен!

    Қолдады ма екен Аруақ,
    Байқалса да сайтан із.
    Қоюға көнген арулап,
    Қотанға алғыс айтамыз.

    Жер қиған жібіп,
    Бойында
    қалмаған жанға шөкім ет.
    Жылыған жүзі жұмсарып,
    Өркенің өссін хүкімет.

    Із-тозсыз кеткен қаншама,
    Тұрғанда тірлік тоқырап.
    Жар болсын Тәңір баршаңа,
    Бұйыртқан көптен топырақ.

    …Өлді деп арыс өкіріп,
    Өлең жазып көпіріп.
    Боздағаны соңынан,
    Борандатқан өтірік!
    Өкініш!
    25.11.2021 ж

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі