///

Қазақстанның журналистер одағы мен Әділ сөз: Парламенттің әрекеті журналистерді сыйламау

1855 рет қаралды
Сурет "Азаттық" журналисі Нұргүл Тапаеваның парақшасынан алынды

Парламенттің БАҚ өкілдерін Парламент жиындарынан тікелей репортаж дайындауына жол бермеуі, олардың ақпаратты жертөледе отырып таратуға мәжбүр болуы медианы сыйламау деп есептейміз дейді Қазақстан Журналистер одағы мен халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры.

«Қазақстан Журналистер одағы мен халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры «Парламентте журналистердің жұмысына кедергі келтірмеу туралы» Парламент палаталары спикерлері мен Ақпарат және қоғамдық даму министріне үндеу жолдады, – деп мәлімдеді «Әділ сөз» қорының президенті  Тамара Калеева.

«Мәжіліс пен Сенат депутаттары журналистерді депутаттармен қалай қарым-қатынас жасауға үйретуге бел байлапты» делінген жолданған хатта.

Бұл бастаманың авторы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «дәл осы мақсат тұрғысынан журналистердің Парламенттегі жүріс-тұрысы жайында жаңа Ереже қабылданды» дейді, әрі оның ұсынысы әріптестері тарапынан қолдау тапқан.

Хатта халық қалаулыларының пікірі бойынша:

  • Егер журналистер Парламент палаталарының отырыстарында депутаттардың өзін өзі қалай ұстайтынын көрсетпесе (қазір телеоператорлар мен фотокорреспонденттер мәжіліс залында он минуттан артық түсірілім жасай алмайды) өте мәдениетті болар еді. Телеоператорлар депутаттардың заң жобасына көңіл бөлуіне кедергі келтіріп келген көрінеді. Ал он минуттың ішінде олар өздерін өте сыпайы, мәдениетті жан ретінде көрсете алады екен.
  • Жеке сұхбаттар алмаса (бүгінде тек қызыл лентаның артында, тек бір микрофонмен ғана жауап берілмек) қандай жақсы. Өздері қаламаған сұрақты «естімей қалуға» өте ыңғайлы жағдай.
  • Депутаттардың соңынан жүгірмеуге, олардан ақпарат алу үшін лифт немесе буфет маңында аңдымаса депутаттар өте разы болар еді. Енді депутаттар микрофондардан тығылмайды, мазасын алатын сұрақтар қоятын журналистер жоқ коридорлармен маң-маң басып өте шығады.

«Жоғары палатаның ісі тіпті ерекше, олар баспасөз орталығын жертөлеге апарып тастаған. Онда интернет жұмыс істемейді, жұмыс істеуге орын тар» делінген хатта.

Қазақстан Журналистер одағы мен халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры халық қалаулыларына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару жолы және модернизация» атты жолдауындағы:  «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік құруға, беделді әрі сұранысқа ие медиа кеңістігін жасауға ерекше көңіл бөлетін болады. Билік пен халық арасындағы коммуникацияның тиімді арнасы ретінде БАҚ қордаланған проблемаларды көтере білуі керек және көтеруге тиісті» деген жолдарын еске салады.

«Біздіңше, аталған Ереженің қабылдануы қоғамдық институт болып саналатын БАҚ-ты сыйламау. Бұқаралық ақпарат құралдарына және оның қызметкерлері журналистерге маңызды әлеуметтік функциялар жүктелген. Аталған Ережелер қоғамның шынайы ақпарат алу құқығын шектейді әрі билік пен қоғам арасындағы сенімнің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан, бұл ережені өзгертуді сұраймыз» – делінген хатта.

Естеріңізде болса, Парламент жақында БАҚ қызметін шектейтін, журналистердің депутаттар мен шенеуніктерден сұхбат алу мүмкіндігіне тыйым салатын, өзге де журналистер қызметіне кедергі келтіретін Ереже қабылдаған еді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар