////

Мемлекеттің ақпараттық саясатын орындаудың талдықорғандық үлгісі немесе аты бөлек, заты бір газеттер тендердің талабын қалай орындап келген?

3473 рет қаралды
1

Осыдан біраз уақыт бұрын журналист Қанат Әбілқайыр өзінің фейсбук парақшасында  “Жындыханадан шығатын газеттерге” тендер үлестіруді тоқтата гөр, Бозымбаев мырза?» деген пост жариялады. Әрі ол пост бірнеше циклге жалғасты. “Мінбер” сайты ашық деректер көзіне сүйене отырып, бұл мәселенің мәніне үңіліп көрген еді. 

Әріптесіміздің жанайқайына құлақ түрсек:  “Алматы облысында “Қос періште” һәм “Мақпал” атты екі бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар.”Қос періште” оқырманның қолына оңайшылықпен тимейтін, тисе де ешкім оқымайтын “Білім шапағаты” һәм “Жәрдем” атты екі газет шығарады. Айтуынша, газет материалдары журналистиканың қарапайым ережелерін сақтауды былай қойып, үнемі плагиатпен айналысып келген. Ең сорақысы ол плагиат материалдарының арқасында аудандық, облыстық ішкі саясат басқармаларынан тендер ұтып, мемлекеттің ақпараттық саясатын «жүргізуге» атсалысқан”.

Журналистің анықтаған тағы бір мәселесі газеттердің жазылу индексінің жалған екендігі: «Тендерді ұтып алғаннан кейін алған ақыны ақтайтындай жұмыс жасалуы керек қой. Ол үшін алдымен оқырман керек. Елімізде оқырманға газет жеткізіп берумен айналысатын жалғыз “ҚазПочта” атты мекеме бар. “Білім шапағатының” жазылу индексі 64111. “Жәрдемдікі” – 6603. Ең қызығы сол, мұндай индекс арқылы әлгі газеттерге жындыханада отырып жазылмасаңыз, басқалай жазылу мүмкінемес. Себебі, ондай индекстер мүлдем жоқ. Болған да емес. Редакция өкілдері ойына келген сандарды жаза салған болса керек. “ҚазПочта” берген мәліметтерге сүйенсек, былтыр екі газет те (о кездегі индекстері 64751, 64752) жұмысын тоқтатып, жазылушылардың ақшасын қайтарып берген. Яғни, газеттер жабылды дегенсөз. Содан кейін жаңа индекс алмаған».

Біз бұл ақпаратты анықтау мақсатында Қазпочтадағы газеттердің каталогын шолып шыққан едік. Әрі «Мінбер» тілшісі  Қазпочтаға арнайы соғып сұрады, мекеме қызметкерлері бұл газеттердің жабылып қалғанын, қайтадан индекс алмағанын растап отыр.

Сондай-ақ, журналист мерзімді басылымға қойылатын талаптар бойынша газеттердің шығу реттерінің де талапқа сай емес екендігіне назар аударады.

«Енді биыл жыл басынан бері шыққан газеттердің шығу ретіне қараңыз. Алдымен, Қаңтар айының 31-і “Жәрдем” 32 нөмірін, “Білім шапағаты” 22-і нөмірін шығарыпты. Бір айда “Қос періште” 54 газет шығарып тастап шаршаса керек (реттік санды ойдан қоя салған шығар), сосын бір ай демалып, 25 ақпанда нөмірі 8, тағы бір ай демалып, 4 наурызда 9-нөмірін шығарыпты. 32, 22-нөмірлерден кейін 8-9-нөмірлерді жындыханада отырып шығармасаңыз уақытты терісінен жүргізу әсте мүмкін бе? “Қос періште” индексті ғана емес, газет нөмірлерін де ойдан қоя салады екен» делінген жазбада.

Ол ол ма мәселе газеттердің мазмұнына келіп тірелгенде, аузыңды бір-ақ ашады екенсің.

Екі газет те Алматы облысында шығатын өзге газеттердің мақалаларына жиендік жасаумен айналысып келген. Кей мақалалардың атауын өзгертіп, кейін өзгертпей, арасына өз жанынан екі сөйлемді долбарлап қосып, өз журналистерінің атынан жариялап келген.

Сонымен қоймай, екі газеттің мазмұны бір-бірінен айнымайды. Инкубатордан шыққан балапандай бірін-бірі қайталай береді екен. Біздің қолымызға екі газеттің 2022 жылғы 25 ақпандағы №8 нөмірі түсті. Екі газеттің басындағы шапкасы мен атауы өзгеше демесеңіз, мазмұнында иненің жасуындай айырмашылық жоқ. Бұл екі газеттің құрылтайшылары өзге болғанымен, шығарушылары бір емес пе деген күмән де тудырды.

Осы мәселелерді байқаған соң, біз ашық дереккөздеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, екі мекеме жайында мәліметтер жинаған едік.

Әуелі «Қос періштеден» бастайық, бұл мекеменің тіркелгеніне он үш жыл екі ай. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәлімет бойынша жетекшісі Нұрлыбеков Нұрым. 1980 жылғы. Uchet.kz сайтындағы мәлімет бойынша 2010 жылдан бері салық төлеп келеді. Салық жайлы мәліметін мына сілтеме арқылы көруіңізге болады.

Мемлекеттік сатып алулар порталына тіркелген уақыты 2016 жыл. Осы уақыттан бері орындалған 131 миллионнан астам теңгенің 15 келісім шартын таптық. Біз келісім шарт 2016 жылы жасалса да, әлі әрекетте тұрған немесе өзгертілген, орындалмаған келісімшарттарды қосып отырған жоқпыз.

Сонымен ең ірі сома 2016 жылға, ең аз сома 2021 жылға тиесілі. Инфографикаға назар аударыңыз:

Он бес келісім шарттың төртеуі баға ұсынысы негізінде, төртеуі ашық конкурс бойынша, ал қалғандары бір орындаушымен жасалған келісім шарт арқылы жүзеге асқан. Оларды сомалары бойынша сарапқа салып көрсек, 78.4%-ы бір көзден жасалған келісім шарт арқылы, 20%-ы баға ұсынысы, ал қалған бір пайызға да жетпейтін үлесі ашық конкурс бойынша жасалған.
 

Ал енді «Мақпал» ЖШС-не келейік. Бұл компанияның қызмет уақыты 20 жыл төрт ай. Statsnet.kz сайтындағы дерек бойынша басшысы Шалқар Оразбаев, алайда мемлекеттік сатып алулар порталында Альбина Борисовна Даутова тіркелген. 1994 жылғы. 2010 жылдан бергі салық жайлы мәліметтері бар. Оны мына сілтемеден көруге болады.

 «Мақпал» ЖШС-інің мемлекеттік сатып алулар порталында 20 миллионнан астам сомаға орындалған 11, әрекетте бір келісім шарты бар. Ең ірі келісім шарт 2021 жасалса, ең азы 2019 жылға тиесілі.

Он екі келісім шарттың тоғызы бір сатып алушымен, екеуі ашық конкурс бойынша, ал қалған біреуі – баға ұсынысы арқылы жасалған. Оларды сомалары бойынша сарапқа салып көрсек, 36%-ы бір көзден жасалған келісім шарт арқылы, 62.7%-ы ашық конкурс арқылы, ал қалған 1.3% үлесі баға ұсынысы бойынша жасалған.

Ал бұл екі компанияға тапсырыс берушілер кім болған? Осындай жосықсыз әрекеттеріне көз жұмып, тендерді оңды, солды таратқан мемлекеттік мекемелерді де сарапқа салып көрдік. Инфографикаға назар аударайық: 

Яғни, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімдерінің тапсырысын орындап келген. 39 миллион теңгеге ең ірі тапсырысты Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімі 2016 жылы тапсырған екен, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы да қарап қалмаған, 2016-2021 жылдар аралығында екі мекемеге 32 миллионнан астам теңгенің тендерін үлестірген. 
Әріптесіміз Қанат Әбілқайыр анықтаған тағы бір мәселе, аталған газеттердің қай ауданның тендерін алса, сол ауданның атынан шығатындығы. Біздің анықтауымыз бойынша, екі мекемеге тапсырыс берген аудандар арасында, жоғарыда айтқанымыздай, Қарасай ауданы көш бастаса, Ескелді би ауданы (2017), Балқаш ауданы (2016), Ақсу ауданы (2017), Қаратал ауданы (2019), Сарқан ауданы (2020), Текелі қаласының (2021) ішкі саясат басқармалары да жарылқап тастаған. 
 
Біз мәселеге қатысты түсініктеме алу барысында біраз адамға хабарластық. Лауазымды тұлғалар да, мәселенің жай жапсарын білетін адамдар да бұл жайында айтудан бас тартты. Тек там-тұмдап анықтағанымыз екі мекеме биылғы тендерге қатыспайды, құжаттарын қайтарып алған. Оның өзіне де Қанат Әбілқайырдың постысы әсер етіпті. Бірақ, мемлекеттің қаржысын тек табыс көзіне айналдырған мекемелердің бұған дейінгі жосықсыз әрекеті ешкімді толғандырмаса керек.
 
Аты-жөнін айтудан бас тартқан жергілікті адамдардан білген ақпаратқа сүйенсек:  
 
Жалпы Алматы облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде мерзімдік басылымдардың жағдайының құлдырауын 2014 жылдан бастауға болады.

2012 жылдың наурызына дейін аудандық, қалалық, облыстық газеттердің барлығы  мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде өз беттерімен күн кешіп, мемлекеттен қарастырылатын қаржысын қиындықсыз алып, жұмыстарын жүргізіп келген. Сол жылы наурыздан бастап екі облыстық газетті қосқанда, барлық аудандық, қалалық газеттердің басын бір жерге қосып, «Медиахолдинг «Жетісу-Ақпарат» атты акционерлік қоғам құрылды. Мұндағы мақсат – облыста шығатын және мемлекеттен қаржыландырылатын мерзімдік басылымдарды бір орталықтан басқару арқылы олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, шығармашылық мүмкіндіктерін толық пайдалануға мүмкіндік істеу еді. Болашақта баспахана салу қарастырылды. Өйткені,  медиахолдингтің табысының басым бөлігі газеттерді шығаратын жекеменшік баспаханаға кететін.

Алайда, 2013 жылдың соңында жекешелендіру жайлы әңгіме шықты да, медиахолдингті меншіктеп қалғысы келген  мүдделі топтар пайда болды. Ақыры 2014 жылдың қарашасында екі облыстық газет бөлек шығып, облыс әкімдігі құрылтайшылық ететін серіктестік құрылды. Аудандық, қалалық газеттер  медиахолдинг құрамында қалды. 2015 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс тендер арқылы беріле бастады.

Бірінші жыл айғай-шусыз өткен еді. 2016 жылы тендерге  жоғарыда аталған серіктестіктер араласа бастады. Оған ішкі саясат тарапынан тарқалу алдында тұрған медиахолдинг тарапынан жасырын қолдаулар жасалды деген күдік бар. Сол жылы аудандық газеттер медиахолдинг құрамынан шығып,  51-49 пайызбен аудандық ішкі саясатпен бірлесіп жұмыс істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналды. 

Осы кезден бастап жағдай тіптен асқынды. «Дәніккен қарсақ, құлағымен ін қазады» дегендей, сол кезден бастап, жоғарыда аталған қос серіктестік аудандық, қалалық газеттерді майшелпекке айналдырды. Облыстық газеттерге тістері батпады. Өйткені онда мемлекеттік тапсырыстың заңдылығын жақсы білетін жандар басшылықта отырды.

Қанат Әбілқайыр жазғандай, жыл сайын мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қарастырылған қаржыдан миллиондарды  жымқырып отырғандардың ешкімнен қорықпастан заңсыздықтарға баруына сол 2016 жылдан бері Алматы облысы бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу ісіне бас-көз болуға тиісті, тендерлерде заң талаптарының сақталуына тікелей жауапты облыстық ішкі саясат басқармасындағылардың қатысы бар болуы әбден мүмкін.  Егер, биылғы шу болмағанда, бұл жөнсіздік алда да жалғаса берері анық еді.

Бізді таңқалдырған тағы бір мәселе – мемлекеттің ақпараттық саясатының жүзеге асырылуын қадағалайтын органдардың бұған көз жұма қарап келгені, жемқорлыққа қарсы агенттіктің үнсіз отырғаны. Сонда біз қабылдап жатқан бағдарламаларымыздың тиімділігін қалай бағалаймыз?

P.S. Бұл мәселеге орай алдағы уақытта Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының жауабын жариялайтын боламыз

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Керемет материал! Иә, аудандық газеттермен жарыса тендерге түсетін осы екі ЖШС. Бұл не деген ЖШС түсінбейсің. Ұтқан күннің өзінде шынымен де қайда, қалай шығып жатқанынан халық хабарсыз. Бұлар анау-мынау адамдар емес. Крутойлар ғой. Ақша жасаудың жолын білетіндер. Мемлекеттің қаржысын сол мемлекеттің ісімен жүргендер ғой жейтін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері