/////

Туризмді дамытуға не кедергі? “Көшпенділер қалашығына” сапардан түйген ой

3344 рет қаралды

Демалыс күндерін пайдаланып Алматы облысындағы айтулы туристік нысандардың бірі – «Көшпенділер қалашығына» барып,   аталған орынның  турист үшін қаншалықты тартымды екенін өз көзімізбен көріп қайттық.

Қазақстанда туризм саласы дамуы жағынан кенже қалған салалардың бірі. Бұл тұжырымды айту үшін алысқа барудың қажеті жоқ.  Белгілі бір туризм нысанына жеткенге дейінгі жолда және туризм нысаны аумағында келушілерге арналған ас ішетін орын мен әжетхананың бар не жоқтығына, ал ең бастысы туризм нысанына жетер жолдың бар не жоғына, қала берді жол бар болса, оның сапасына қарап бағалай беруге болады.

Біз Алматыдан шықпас бұрын алдымен VisitAlmaty.kz сайтынан қалашық туралы ақпарат алдық.

«Бұл қала 2005 жылы көрерменге жол тартқан «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін арнайы салынған. Қала адам қолынан туған туынды болғанымен, оның айналадағы пейзажбен біте қайнасып, барынша үндесіп тұрғанын көріп жаға ұстайсыз. Қазір бұл қалашықты «Көшпенділер қамалы» деп жиі атайды. Жыл сайын мұнда туристер ағылады. Қалашық Іле өзенінің жағасында, Қапшағай қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан.

Кешен бір-бірінен ерекшеленген бірнеше құрылымнан тұрады. Олар XVIII ғасырға тән стильмен салынған. Қамалдың биік қабырғалары, мұнаралары, тұрғын кварталдар, «ежелгі» мұнаралы мешіт ерекше көз тартады. Қамалдың аумағында этнографиялық лагерь жұмыс істеп тұр. Мұнда арнайы шаралар, шеберлік сабақтары жиі ұйымдастырылып, бейнебаяндар мен фотосессиялар үздіксіз түсіріліп жатады.

Қамалға келген адам өзін уақыт машинасы арқылы бұрынғы заманға түсіп қалғандай сезінеді. Мұнда орта ғасырлардың тұрғын алаптарын аралап жүріп, ат тұяғының дүбірін, қала тұрғындардың даусын естігендей күй кешесіз, жарқын бейнелер көз алдыңызға келіп, қайталанбас әсер қалдырады. Қалашықтан бөлек, Жетісу суларының ішіндегі ең үлкен өзеннің жағасында серуендеп, табиғат сұлулығынан нәр аласыз». Керемет қой, иә.

Бұл VisitAlmaty.kz сайтында Көшпенділер қалашығына берілген сипаттама. Ал, біз не көрдік, сөзбен әдемі сипатталған қалашық сол сипаттамаға сай ма?

Біз қалашыққа Алматы қаласынан жеке көлігімізбен (RAV4) 2 сағат уақыт жол жүріп жеттік. Қонаев қаласынан кейінгі жол өте нашар. Ешқандай жағдай жоқ. Топырақтың шаңынан көз ашпайсыз. Жалпы, қалашыққа қалай жетуге болады десеңіз? Бұл туралы KazakhTourism сайтынан анықтама ала аласыз.

«Көшпенділер қалашығы Алматы қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жаққа туристік фирмалар ұйымдастыратын экскурсия құрамында, болмаса өз автокөлігіңізбен  жетуге болады. Соңғысының жол талғамайтын болғаны дұрыс. Алматыдан А3 тасжолының бойымен Қапшағай қаласына қарай бағыт алуыңыз керек. Қаладан шыққан соң, Қапшағай тасжолымен екінші орамға дейін жетіп, сол жерден солға, Қазақстан елді мекеніне (Алматының шегінен орамға дейін 64 шақырым) қарай жүреміз. Әрі қарай «Көшпенді» тақтайшасына дейін 22 шақырым қалады. Тақтайшаға жеткен бетте оңға бұрылып, тегістелген жолмен тағы 8 шақырым жолды еңсеру керек».

Біздің ел үшін инфрақұрылым тақырыбы өте өзекті. Олардың ішінде әжетханалар мәселесі күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай, айта кететін жай қалашыққа жеткенге дейін әжетхана атымен жоқ. Яғни, қалашыққа жол жүрер бұрын 2 сағат әжетханаға бармауға дайын болуыңызды ойлап шыққаныңыз жөн. Сонымен қатар, жол бойында ас-су ішіп, аяқ суытуды жоспарласаңыз асхана не басқа тамақтанатын орынның жоғына да дайын болғаныңыз дұрыс. Ал, өзіңізбен бірге балалар болатын болса тамақтану жағын алдын ала ойластыру қажет.

«Бұл туралы  да KazakhTourism сайты келесідей анықтама беріпті: «Қажетті азық-түлік пен сусындарды Алматы не Қапшағай қалаларынан сатып алып, алдын ала қамдап қойыңыз. Көшпенділер қалашығына жақын маңда ешқандай елді мекен болмағандықтан жол бойы өзіңіздің бар қажеттіліктеріңізді өзіңіз қаматамасыз ете алатындай дайын болуыңыз керек. Қонуға аталған қалалардың біріне қайтып, қонақүйге орналаса аласыз, болмаса Іленің жағалауында шатыр тігіп, табиғат аясында тынығуыңызға болады».

Сонымен, Көшпенділер қалашығына да жеттік. 18-ші ғасырдағыдай салынған декорациялық қалада тұрғын үйлер, бекініс қабырғалары, мұнаралар мен мұнаралары бар мешіттер бар. Бұл салынған қала кинематография ескерткіші. Қалашықты әу бастан елімізде алдағы уақытта түсірілетін басқа фильмдерге де дайын локация ретінде пайдалану үшін жоспарлап салып, кейін қалашықты бұзбау туралы шешім қабылдаған. Қазірдің өзінде сол уақыттан бері түсірілген басқа да фильмдерден осы локацияны көруге болады. Егер, Орта ғасырдың атмосферасын сезініп, ежелгі қаланың көшелерін көріп, аралағыңыз келсе, ойланбастан қалашыққа жол тартыңыз! Іле өзенінің жағасында таза ауа жұтып, табиғат аясында пикник өткізіп, дархан даланың ғажайып көріністерін тамашалауға болады.

Жеткен соң қалашыққа кіру үшін 1000 теңге төлеу қажет. Әрине, қалашықтың ішін бір көріп, аралап шығуға тұрарлық. Жоғарыда атап өткен әдемі көріністің бәрін де көзбен көрдік, бірақ көңілге қаяу салған тұстары болғаны да өтірік емес. Қалашықтағы нысандар ескірген, кей нысандардың қмратылғанын, сындырылғанын көресіз. Қалашықтың ішінде көлеңкелеп, паналап жүрген мал да бар. Келушілер легі қандай, олардан түскен кіру ақысына қандай қызметтер көрсетіледі немесе кіру ақысынан түскен қаржы қандай мақсаттарға жұмсалады деген сұрақтар ойландырды. Қарапайым есеппен, кіру ақысын алатын қызметкер, күзетші сияқты қызметкерлердің еңбекақысы төлене ме, олар шетелден келген туристерге экскурсия ұйымдастыра ма, ол экскурсия ақысы бөлек төлене ме, ол да белгісіз. Шыны кереке ауадан ақша жасап отырғандай әсер қалдырды.

KazakhTourism сайты болса «Көшпенділер қалашығына кіру – ақылы, адам басына 1000 теңге. Келушілердің қалауы мен сұранысына қарай аумақ шырақшысы экскурсия өткізіп бере алады», -деп хабарлайды. Осыдан біз қалашықта гид-экскурсовод емес шырақшының бар екенін біле аламыз. Онда шырақшының міндеті қандай? Егер ол экскурсия өткізетін болса осыған сәйкес білімі бар ма? Еліміздегі туризм саласында көңіл бөлінуі қажет бөлек тақырып, ол – гидтер, экскурсоводтар және экскурсиялар мәселесі.

Қалашыққа кіреберісте бір әжетхана бар. Әжетханаға кіру тегін, әйелдер мен ерлер үшін бөлек. Кіреберісте асхана деп айтуға келмейтін тамақтануға болатын орын бар. Дұнғандар ма, әлде кәрістер ме, әйтеуір қазақтан өзге этнос өкілдері қызмет көрсетеді. Кәуаптың бір таяқшасы 1500 теңге екен. Қалада әрі кетсе 500-600 теңге тұрады ол. Қаладағы бағадан қымбат десек болады. Үстелдері ескі, ыдыстары пластмассадан. Яғни, қызмет көрсету жағы – 0! Таңдау да жұтаң. «Келгендерге осы да жарайды» деген немқұрайлы қарым-қатынасты байқайсыз. Одан кейін байқағанымыз, өздері ала келген тамақтарын арқалап, пикник жасап жүргендер. Ілеге түсіп, серуендеп, демалып жүргендер де баршылық.

Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – қоқыс мәселесі. Қалашық аумағы мен оның сыртынан, іргелес жатқан аумақтан қоқыс жәшіктерін іздедік. Өкінішке орай қоқыс жәшіктері көзге көрінбеді. Содан қоқысты өртейтін шығар деп болжадық. Ал, санитарлық нормаларға сәйкес кез-келген нысан аумағында қоқыс жәшіктері қарастырылуы қажет. Қоқыс жәшіктері болған күнде де, болмаса да әр адам өзінен кейін қоқыс қалдырмауды ойлайды, біледі деп сенеміз. Алайда, демалушылардың ішінде қоқыстарын алып кетпей, жүрген, отырған жерлерінде қалдырғанын да көз көрді. Іленің жағасы қоқысқа толып қалмаса да, бар қоқыстың өзін көру көзге ауыр көрінді. Осының өзі азаматтар арасында демалу мәдениеті қалыптаспағанын байқатады, табиғатқа жанашырлық таныту жоқ …

Сапарымызды қорыта келе, жалпы бізде туризм дегенде ең алдымен не еске түсетінін бағамдау қиын. Табиғаты көркем жерлер көп-ақ. Алайда, барған құрылым қуанышыңды су сепкендей басады. Сөйтіп, бір қуанып, бір мұңайып қайтасың. Көшпенділер қалашығының мысалында туризм нысанына жететін жолдың жоқтығына, жол бойы әжетхана мен асхананың жоқтығына  көз жеткіздік. Қалашық аумағында да асхананың туристерге қызмет көрсететін деңгейде емес екенін, қоқыс жәшіктерінің жоқтығын көрдік те, бірақ әжетхананың барлығына шүкір дедік. Ондағы бұзылған, сынған дүниелерді көріп, әдемі локацияны, туристерге көрсетуге болатын табиғатпен үндесіп жатқан көркемдікті сапалы сақтауға болмай ма екен деп ойлайсың.

Өз азаматтарымыз болсын не шетелдік болсын, турист үшін жолдан бастап, орналасқан жердің асханасы, жатын орнындағы төсегі мен бөлмедегі туалеті мен ваннасы, ең ақыры тұтынатын сүлгісі, асханада, кафе, мейрамханасында  ұсынатын ас мәзіріне дейін әсер қалдыратыны айдан анық. Ал, ол әсер теріс бола ма әлде оң әсер қалыптастыра ма, ол туризм саласындағы инфрақұрылымның сапасына тәуелді. Оның үстіне, пандемия да еліміздің туризм саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көретті. Бұрын шетелде ғана демалып, шет жерде ғана саяхаттаған көптеген азаматтар пандемия кезінде елдің ішін аралады.

Сол үшін де туризм нысанына қаржы бөлген әрбір инвестор, сол жердегі әр қызметкер осының барлығына назар аударса деген тілек әрбір туристің тілегі десек артық болмас. Себебі, сол арқылы келуші қонақтар, демалушылар, туристер өзінен басқа да адамдардың келуіне немесе келмеуіне ықпалын тигізе алады. Өйткені, өзі көрген жақсы дүниені, әдемі орындарды, сапалы қызметті басқа туристерде көрсін дейді. Ең алдымен, ол – имидж және жарнама. Жоғары имидж қалыптастыру үшін, жарнама жар салып шақырып тұруы үшін тек тынымсыз еңбектену қажет деп түсінеміз Ал, жарнамасы жер жарып, жетіп келгенде күткеніңе сай келмесе, ол әрине теріс әсер қалыптастырады. Сондықтан да, «туризмді дамытамыз» деп құр ұрандата бермей, нақты істерді жасайтын кез келді.

Эльенора Әмір,

Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі