//

Үш жасар баланы құлап кетуден құтқарған Сәбит қошаметке кенелді

1720 рет қаралды

Бүгін таңертең күндегідей жұмысқа асыққан Сәбит өміріне қауіп төнген сәбиді құтқарып аламын, содан бүкіл қазақстандықтардың алғысына бөленіп, пәтерлі боламын, мамандығыма сәйкес жұмысқа шақырыламын, қарыздарымнан да құтыламын деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген де шығар.

Бірақ, бәрі дәл осылай болды және бұл шынайы оқиға. Егер Сәбит болмағанда ата-анасының қарауынсыз қалған 3 жастағы бала 8-ші қабаттан құлап кетуі мүмкін еді. Алайда, баланы өзінің басын қатерге тігіп, жедел шешім қабылдап, шұғыл әрекет етіп Сәбит  құтқарып қалды.

Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан басталған еді. Бұл бейнежазбада көп  қабатты үйдің 8-ші қабатына ілініп тұрған баланы құлап кетуден ер адам құтқарып алады. Осыдан кейін әлеуметтік желі пайдаланушылары Сәбит есімді құтқарушы туралы бір-бірімен жарыса жазып, қуанышты хабар таратып, осындай батыр ұлдың барына ризашылық білдірді!

Іле-шала Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі де қуанышты хабар жеткізді. Министрлік бүгін ТЖ бірінші вице-министрі генерал-майор Күлшімбаев Ибрагим батыр азамат Шонтақбаев Сәбитті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттағаны туралы хабарлады. Сәбит терезеден құлай жаздаған баланы құтқарды.

Министрліктің хабарлауынша 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 бойында 8 қабат деңгейінде баланың терезеде ілініп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту орнына жеке құрамнан 7 адам және 2 бірлік техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жедел жіберілген. Келген кезде сегізінші қабаттағы балконның карнизіне ілінген баланы ер адам құтқарғаны анықталған.

2019 жылы туған қыз құлаған кезде үйде баланың жанында ешкім болмаған. 1985 жылы туған Шонтақбаев Сәбит жылап тұрған баланы көріп, өз өміріне қауіп төндіре отырып, ойланбастан санаулы секундтарда кішкентай қыздың өмірін сақтап қалған.

Төтенше жағдайлар министрлігі сонымен қатар ата-аналарға да хабарлама жолдады:

Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылған сәтті оқиға, бірақ қайғылы нәтиже беретін көптеген фактілер бар.

Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз, өйткені санаулы секунд жеткілікті, бұл баланың өміріндегі соңғы сәті немесе оны жарақаттауы мүмкін.

Осыдан кейін Сәбиттің Қызылорда облысының тумасы екені, Нұр-Сұлтанда құрылыс саласына еңбекке араласқанына 15 күндей болғаны, қазіргі уақытта жалдамалы пәтерде тұратыны анықталды. Оның отбасы Қызылордада, өзі болса күнкөріс, табыс қамымен ел астанасына келгені, көп балалы әке екені де белгілі болды.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі: «Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым!» деген әкім Алтай Көлгіновтің әлеуметтік желідегі парақшасындағы сүйінші хабарды жеткізді.

Хабарламада Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетілетіні, ол білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келісілгені жайында баяндалған. Сонымен қатар, бүкіл отбасын елордаға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасалғаны, жұбайының жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке, балабақшаға орналастыруға көмектесетіні туралы айтылған.

Тағы бір жақсы жаңалық демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесіп, балаларына жазғы уақытта Бурабайға жолдама беретіні хабарланған.

Айта кету керек, Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) тәрбиелеп отыр екен.

Көп түкірсе көл демекші, осыдан кейін Ғабит Сатмағамбетов (G-parkқұрылыс компаниясының басшысы) атты азаматтың жеке қайырымдылық қоры бүгінгі батыр Сәбитке «Rio De Janeiro» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтерді сыйға тартатыны және пәтердің Ғабиттің атына ресімделгені туралы да асыға хабарлады.

Бұл жақсылықтар легінің соңы емес еді, олар әлі жалғасуда. Осы оқиғада Сәбиттің қасында баланы құтқаруға көмектескен Сағи деген досы болыпты. Дәл қазіргі сәтте Dauletten қайырымдылық қорының негізін қалаушы Дәулет Төлеутайұлы өзінің әлеуметік желідегі парақшасында «GBG» құрылыс компаниясының Сәбиттің досы Сағиға 2 бөлмелі пәтер сыйлайтыны жайлы қуанышты хабарды жариялады. Сонымен қатар, Дәулет мырза 2 пәтерге де қор тарапынан жөндеу жасап беретінін айтты. Дәулет Төлеутайұлы хабарлағандай Сағи да Қызылордадан, жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.

Батыл, әрі жүрегі кең азамат Сәбит Шонтақбаев өміріне қауіп төнген баланы құтқарудан басталған бүгінгі ізгі істер Сәбиттің өзіне осындай марапат, сый-сияпатпен оралған жақсылық, қайырымдылық керуеніне айналды. Қазақстандықтар бірінші бала үшін уайым шексе, кейін Сәбитке жасалған толассыз мейірімнің қуанышынан көздеріне жас алды! Ал, бүгінгі күн – ақ түйенің қарны жарылған, ізгі, игі істердің салтанат құрған күні болды!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі