///

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

5627 рет қаралды

07.06.2022 ж.

ЖАПЫРАҚ ЖАБЫСТЫРЫП, ТӘНІН ЖАСЫРЫП…

Біз Британияға былтыр күзде қыркүйек айының соңында келдік. Британия аралының орталық шенінің шығысында теңізге жақын, кезінде қала атымен атағы шыққан футбол құрамасы болған Ньюкасл қаласына орналастық. Біз келгенде ауа райы салқын, желді, сүркей болды. Күннің қабағы да жабырқаулы, бұлыңғыр болатын. Біз Тұманды Әлбионға келгенімізді бірден сезіндік. Бұлт бүркеген аспан, дамылсыз соғып, қойны-қонышыңды кеулеген сүйкімсіз жел көк жайлаудан ел көшкендей күйге бөлеген.
Бір қызығы бізді күтіп алған жасы да, жасамысы да сондай көңілді еді. Күн райының мына түрі олар үшін көктем сияқты. Тым жеңіл киінген. Бастары жалаң бас. Мұрындарының ұшы ғана сәл қызғылт тартқан. Тоңған, тоңазыған нышан білінбейді. Көшеден жалаң бас жас сәбиін арбаға салып алып кетіп бара жатқандарды да кезіктірдік. Студент кезімізде, Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург қой Ресейдің), орыстың кемпірлері қысты күні жалаңбас жүргенімізді көріп қиын ұрсатын. Ал Англияда бас киім кидің деп ұрсатын сияқты көрінді маған. Бұларға қарап қалтама төрт бүктеп салып алған спорт малақайымды алып, құлағымды бастыра киіп алуға намыстанып, шыдап бақтым.
Бұл күз одан кейін де екі ай жалғасты. Алайда Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» дейтін айларының қашан басталып, қашан аяқталғанын біз білмей қалдық. Қысы да күз, күзі де, көктемі де күз болып өте шықты. Қыс баласында бір-ақ рет қырбақ көрдік. Баяғыда бір кинодан естіп едім. Арабияға барған бір азамат жергілікті бір азаматтан «Сендерде табиғаттың төрт мезгілі деген болмай ма?» деп, сонда анау «Бізде тек екі тоқсан болады. Егер жел сол түстіктен соқса, онда қыс, ал  жел оң түстіктен соқса, онда жаз болғаны» деп. Сол айтқандай мына Британияда ағаштар жапырағын тастаса қыс болады екен де, ал жапырақ жайса жаз болды екен.

Міне, жаз ортасы болды. Маусымның жетісі, күздік киіммен жүрміз. Бірақ күннің көзі жылт етсе көк жасаңда масайрап жатқан жұртты көресің. Күннің көзі жылт етсе көшеден ашық-шашық киінген жұртты көресің. Ашық-шашық дегенде менің көзқарасыммен екенін баса айтқым келеді. Үсті басын, тіпті бет-аузын, құлақ, мұрынына дейін ине шаншар жер қалдырмай шимайлап тастаған, шолақ шалбар, шортик киген ер адамдарды көп ұшыраттым. Олар көшеде, супер маркет, магазиндерде, кітапхана, кафе, барларда еркін жүре береді екен. Ал ресторандарда сәнді киінген ерлердің қасында үстінде лыпасыз деуге жақ әйелдердің болатынына да көзім үйренді. Өйткені жайшылықта, көшеде, күн жылы да іш киімдері көрініп тұрғаны былай тұрыпты, лепшік дейміз ғой, омырау қаппен ғана кеудесін қалқалаған-сымақ болған қыз-келіншектер қымсынбақ түгіл сонысын әйгілеп баратқан сынды қасыңнан өтіп жатады. Жерге қарап жүріп сүзісетін емес, қарамауға тырысқаныңмен көресің, «көзіңе қарап жүресің». Әрине бұл өркениетті қоғам. Адамның ақыл-ойы шексіз жетілді. Жоқ нәрсені ойлап тапты. Жоқты бар қылды. Оған дау бар ма? Техника мен технологияның барлық озық жетістіктерін меңгерді. Алайда, адамның санасының, ішкі жан дүниесінің кісілік құндылықтарының кемелденуін материалдық өркениет жетітіктерімен қалай шендестіріп бағалауға болады? Ғалымдар қоғам дамуының спиралдық динамика жолымен жүзеге асатынын дәлелдейді. Қазақ адам баласы қартайғанда бір сәби дейді. Өсу мен өшу.
Адамзат баласы өркениеттің шырқау шыңына шығып алғаннан кейін не істерін білмей қалғанда ең әуелі әдеп пен бейәдепті ажырата алмайтын, кешегі түсінігіміздегі жақсы-жаман әрекеттің, мінез құлықтың, қисын қылықтың бәріне немқұрайлылықпен қарайтын жағдайға жетіп, сайран ғұмыр, өмірдің бас аяғы бір нүктеде түйісетіндігін паш етіп тұрады екен.
Не дейсің? Орта солай. Ай деп жатқан ажа, қой деп жатқан қожа жоқ. Білгенін қылып жүрген жұрт. Мүмкін бұл демократия шығар! Жасасын демократия! Қоғам осылай кете берсе арты не боларын елестетудің өзі мен үшін аса қорқынышты? Бір жыл ма, әлде бір-екі жыл ма екен? Мүмкін, ұзаса бір жарты ғасыр болар, одан кейін бе екен, бұттарына тек жапырақ жабыстырып тәнін жасырып жүретін күйге жетететінімізге күмәнданбаймын. Өмірді сонау, алыс-алыс ғасырларда қалған, тасты қару қылған, жапырақ жамылған замандардан қайта бастайтын шығармыз. Өркениеттің шыңы да сол болар бәлкім. Алғашқы қауымдастық қоғам.

Мен бұл жазбамды осымен доғармақ ниетте отырғанымда аяқ астынан интернеттің әлеуметтік желілерінде ҚР-ның білім және ғылым министрі Аймағамбетовтың мектеп жасындағы қыз оқушыларға «орамал тағуды» (орамал тарту емес) рұқсат етпек ыңғайын танытқан сөз ләмі қызу талқыланып кетті. Айдың күннің аманында Аймағанбетовтың бұл мәселені неге қопсытып көпшіліктің назарына алып шыққаны бізге белгісіз.
Бұрынғы жылдарда да бұл мәселе оқтын-оқтын көтеріліп әзер тынышталған болатын. Тап қазіргі жағдайда, қоғамның қозғалысы әлі де тұрақтана алмай іштен тынып отырған жағдайында мектеп жасындағы қыз балаларға «орамал тарту, тартпауды» талқыға сала қою аса маңызды болмаса да, осы тұрғыда өз пікірімізді айта кету артық болмас деп ойлаймын.
Осы мәселеде желі қолданушылары екіге жарылды. Бір топ мектеп оқушы қыздарының орамал тартуын қолдаса, ал екінші тарап қарсы. Қарсы болушылардың уәжі, мектеп жасындағы, кәмелетке жасы толмаған қыз балалардың орамал тартуы қазақы салт-дәстүрімізге қайшы, екіншіден қыз бала болсын, ұл бала болсын балалық жасында қандай бір қысымға ұшырамай еркін, бұла өсуі керек, ал үшіншіден мектеп оқушылары бірыңғай тәртіппен киінгені жөн дейді.
Ал мектеп жасындағы қыз балаларға «орамал тартуды» талап ететіндер қазақ дәстүріндегі шыт тарту, кимешек кию, шылауыш тарту, жаулық салу, шәлі орау қатарлы әйелдерге қатысты киім үлгілерін қыз балаларға да байланысты түсініп, хиджап, никаб, паранж деген басқа, бөтен ұлттың киім кию үлгілерімен шатастыратын сияқты. Мұсылман Қазақ қыз баланы қалай өсірді? Тақия, кепеш, үкілі бөркін кигізді. Құлағына сырғасын, шашына шолпысын тақты. Шашын өрді… Бұрымын белуарына түсіріп бұлғақтатып өсірді. Қыз баланың бес тал шашын бүркегеннен тәрбиелі болмайды. Қыз бала үнемі орамал тартып жүргеннен оның ақыл ойы, өнер білімі жетіле ме, тәртібі түзеле ме? Баланың арлы, инабатты, ибалы болуы басына тартқан шытқа байланысты ма? Осы тұрғыдан ойласақ та қыз баланы өзінің қалауынсыз басын орап, шымқап қою ақылға сыймайды. Ал келіншектер, әйелдер тарта ма, орана ма ол өз еркі.
Әлеуметтік желінің көптеген қолданушылары «орамал тарту» деген сөзді «орамал тағу» деп қолданады екен. «Орамал тағу» деген мүлдем қисынға келмейді. Орамал тағатын нәрсе емес. Аты айтып тұрғандай орамал басқа орайтын, тартатын мата, шыт. Ол үлкен кіші көлемі мен түсіне қарай әр түрлі болып келеді. Бұрынғы салтымызды айтпай-ақ қояйын. Бүгінде орамалды келін алғаш түскенде, ақ босағасын аттағанда тартады. Бұл бір есептен бойжеткеннің әйел болғанын анықтайтын киім үлгісі.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар