///

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

5027 рет қаралды

24.05.2022ж.

Бүгін түстен кейін қаланың батыс солтүстігіне қарай бет алдық. Бағытымыз Госфорт паркіндегі, ипподромға бару. Өткенде таяп барып, жолдан қайтқамыз. Жаяумыз. Күніне бестен он шақырым жүру дағдыға айналып барады. Бір-екі сағат уақыт. Көгалды парктар ішімен, нулы өзен жағасымен, тоғайлар арасымен жүреміз. Қаланың айналасы қия бассаң бау-бақша. Аядай Англияда осыншама көп көгалды кеңістік болар ма? Күннің көзі шықса әлгі көк майса шөпте күні бойы жасаңда жамбастап, көсіліп жатқан жұрт. Бойында жиналып қалған жаман энергияны жерге сіңіріп, жерден жаңа энергия, қуат алатын сияқты. Осындайда Қазақтың киіз үйінің қасиетін бір ойлап қоямын.
Мына қаланың көшелері де кең, атшаптырым. Аядай Англияның емес алаштың ұланғайыр даласына салынғандай. Сары Арқаның кең жазирасына орналасқан Ақмола астана Нұрсұлтанның даңғылдарының тарлығымен Британия қалаларының көшелерін салғастырып таңданамыз. Ал Алматыда адам аялдап, дем алып, тыныстап отыратын парктер жоқтың қасы. Көгалды, жасыл, қара топырақты жердің бәріне иін тірестіріп, ығы-жығы белгісіз бейберекет үй салып тастаған. Салып жатыр. Алаң жоқ. Парк жоқ. Қылаяғы мектептерде балалар ойнайтын жер тапшы. Әнеу күні де айттым. Мектептің аулаларының кеңдігін.

Біз ауылдың іргесіндегі егістік алаңын жағалап келеміз. Мамыр айы. Көк тізеден. Ерсілі-қарсылы жүрген жаяулар, велосипед мінгендер, ит жетектеп серуендегендер өтіп жатыр. Қазір Алматыда ит ұстайтындар көбейіп кетті. Демек жағдай, тұрмыстары жақсы. Алайда сол иттерді сергітетін, серуендететін жерлер жеткіліксіз. Тұрғын үйлердің айналасына бағады. Ит ұстайтындар ауқатты адамдар. Оларға кәдімгідей салық салып, ит алаңдарын жасақтауға жұмсауға неге болмасқа. Ағылшындар да ит көп ұстайды екен. Байқаймын ит екеш иті де тәртіпті. Көлденең адамға тиіспейді. Көрсеткен жеріңе барып дәрет сындырады. Біздің иттер маңайды былғап бітті. Ал мұнда үйдің маңайына итін бағып жүрген адамды көрмейсің. Арнаулы алаңға апарып серуендетеді. Дәретке отырса қиын салып алып, артын сүртіп тазалайды. Бізде де солай болуға тиісті екен. Бізде айту бар, заң бар, бірақ орындау жоқ.
Ауылымыздан бір жарым шақырымдай шыққанда жолдың сол жағынан орманды парк кезікті. «Жабайы жануарлар паркі». Жабық екен. Жұмыс уақыты таңертеңгі оннан кешкі төрт аралығында. Кіру, балаларға 5 фунт, ал үлкендерге 10. Тағы біраз жүргеннен кейін мұрыныма еттің иісі келді. Есенгүлге: – Еттің иісі шығады,- дедім. – Сен келе жатыр деп біреу төстік қақтап жатқан шығар… Малдың, қораның исі,- деді.

Сәлден соң оң жағымыздағы қоршаудың ашық тұрған есігінен анадай жердегі үйшіктің алдында бір кісі ас-суын ішіп-жеп отыр екен. Қолын көтеріп қояды. Арғы жағынан жазықта жайылып жүрген үлкен торы ала атты көріп қалдық. – Өй, мұнда жылқы бар екен. Қашаны жағалай жүріп едік алаңның орта шенінен тағы бір ат көрінді. Ол – қара ала. Қоршауды шөп басып тұтасып кеткендіктен арасында саңылау жоқ. Әлгі жайылып жүрген қара ала аттың тұсына таман келгенде бұта-бүргені сиреген ашық жер бар екен. Сол жерден қоршауға жақындап едік қара ала ат тура бізге қарай келіп, мойынын созып ұмсынып тұра қалды. Мен де қолымды создым. Қолымды иіскеді де шегініп кете берді. Өкпелеп қалды-ау деймін. Ары-бері жүргендер осы жерден тәтті-тәпсек беріп үйретіп тастаған сияқты. «Келесі жолы тәтті әкеліп беремін» дедім. Қолыма иісі сіңе қапты. Кәдімгі бала күнгі меншік атым Қызыл аттың иісі.

Қызыл ат менің меншік атым болатын. Әкесі Қызыл айғыр. Шешесі Көк бие. Екеуі де жорға еді. Қызыл ат та үстінен су төгілмес жорға болды. Заманында ауданға Бәміштің Қызылы деп аты шықты ғой. Қызыл ат менің балалық шағымның, анау алыстаған сағымның бір бөлшегі. Алғаш рет құшақтаған құлыным, алғаш шыққан биігім, алғаш шапқан жүйрігім, дүлдүлім ғой. Он алты жасыма дейін жазы-қысы байлаған, жазы-қысы жайлаған тұлпарым. Қызыл ат туралы айтсам әңгімем ұзаққа созылады. Ол туралы өлең де, әңгіме де жаздым…
Қызыл аттың қызығымен Саутгосфорт паркіне де келіп қойыппыз. Алты шақырым жүріппіз. Алыс емес. Айналдыра жасыл желек. Жасыл шымылдық құрған үлкен алаң. Нағыз ат шаптырым жазық. Айналдыра аспан тіреген бағыналар басына күшті жарықтар орнатылған. Біз ипподром деп жүрсек Racecourse. Ат жарысына арналған арнайы жасақталған жазық. Жергілікті жер осылай атайды. Кіре берістегі бас ғимарат 1870 жылы салыныпты. Осы ғимараттың алдындағы ат мүсінінің қасындағы жасаңда отырып аяқ суытып, шәй іштік. Жасаң – жап-жасыл, тап-тақыр. Тапталмаған. Тап-таза. Жасанды емес. Кәдімгі құйқасы қалың шым. Алтай тауының өзен-бұлақтарының жағасын көмкеріп жататын тап осындай көк майса болушы еді. Сәкеннің (Сейфуллин) «Міне дала, бір топ бала, Жүргіреді айнала. Мінген таяқ, Жалаң аяқ. Табандарын көк бояп» дейтін көк, жасыл майсасы осы ғой. Ешкім жасап бермеген. Өздері жасап алған. Бәтеңкені шешіп, лақтырып тастап жалаң аяқ жүгіре жөнелгің келеді…
Айналма жолдың жұмсақтығын, төселген құмдарының мап-майда ұсақтығын, онда қызмет етіп жатқан адамдар мен техникалардың ұқыптылығын айтпай-ақ қояйын. Анау биіктен, шатырдың астында отырып ат жарысын тамашалау керек. Кіру билеті 20 фунт, 10 мың теңге шамасында ғой.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар