/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-6)

1076 рет қаралды

***

Сәлім мен Қалима кеткен соң ыдыс-аяғын жуып-шәйіп қазан жақтағы кішірек асадал сөреге қойғаннан кейін Ләззат жағын таянып, ойбасып қалған Қабақтың қасына отырып: – Қабай, жүр, көлдің суы жылы шығар, көлге барып келейік, – деді. Ләззат оңаша отырғанда Қабаққа назданып ауыл адамдарымен бірге Қабай дейтін. Қабақ аты аталмайтын. Осы өңір елі түгелімен Қабай дейді. Қабақ оның азан шақырып қойған аты ма әлде Қабанбай, Қабанбек, Қабылқақ, Қабылан болып содан қысқартылып, айтуға жеңілденіп Қабақ аталып кетуі де қазақ дәстүрі. Қабақ Ләззатты бауырына қарай тартты. Әлгінде ғана ішкен ыстық қара көже бусандырған денеден ащы тердің иісі аңқып Ләззаттың кеңсірігін бойлап кеудесінің ішін кеулеп Қабаққа жабыса түсті. – Жүр көлге барып келейік.

Теңіз деңгейінен екі мың бес метр биіктіктегі текше көлемі ат шаптырым. Ортада бір бүйірін қара жартасқа тіреп, келесі жағын қызыл құмды төбешіктер көмкеріп, терістік беті томарлы жасыл жазықпен жалғаса келіп, шығысын сортаң сұрғылт доңғылдардың етегі ернеуін жауып жатқан көлдің түнгі көркі еріткен күмістей мөлтілдеп жатыр. Ай шомылған айна көл. Көлге келіп құятын бастаулы бөктерді Түбек, ал көлден бөлініп ағып шығатын сулы сазды  Шүмек дейді. Анау жартастың үстінен қарағанда бұл тұс құды қойдың жіліншігінен сәбиге арналып жасалынған шүмек іспеті көрінеді.

Көл жағалай ел қонған. Жаздың рахаты жайлау. Бірақ баяғыдай емес. Баяғыдай жайлаудың салтанаты жоқ. Он-оннан, одан да көп құлын байланатын желілердің, қоралы қой өретін қотандардың жұрты тұяқ тимегесін тусып кеткен. Ақ шаңқан боз үйлердің орнына қара борша, қоңыр үйлердің саны көбейген. Өкіметке өңін бермеген тек табиғат. Көл тыныш.  Көк тұнық. Көкпеңбек аспан. Күміс табақтай ай. Дөп-дөңгелек. Бояу қалқиды. Айнала сүттей жарық. Аяқ асты көк майса. Күндіз қолының ұштарын да бір-біріне тигізбек түгіл қатар жүруге қымсынатын Қабақ пен Ләззат қолтықтасып келе жатыр. Сонау жерден көлге сұғына орналасқан үлкен қара жартас қана бұл екеуіне қабағын түйіп, сұқтана қарап тұрғандай. Мүлгіген тыныштық. Екеуі иық тірестіріп көл жиегінде біраз отырды. Сонан соң бір-бірін сүйрей жетелеп көл суын жағалай кешті. Жетектесіп су белуарларына келгенше жүріп барып, тоқтап, отыра қалып матып қайта түрегелді. Ләззаттың торғын көйлектері денесіне түгелдей жабысып қыпша белі жұмырланып, бөксесі бөлектеніп бүлтиіп, екі мықыны торсиып, екі омырауы бұлтиып бейне қолдан соққан мүсіндей дене пайда болды. Ләззат көл бетіне аунай кетті. Аппақ бауыры жарқ-жарқ етіп аунаған балықша төңкеріледі. Мына әсем сұлулыққа Қабақтың өзі көз алмай құмартып қарап қапты. Ол тұла бойын шымырлатқан қуаттың күшімен суға қарғып барып сүңгіп кірді де Ләззатты білегіне көлденең салып су бетіне көтере  шықты. Ләззат екі шаяғымен суды шапылдатып, сыңғырлай күліп әлек.

–  Қабай,  қой деймін,  қой…

– Қоймаймын… – Қабақ Ләззаттың денесін қаңбақ құрлы көрмей суға бірнеше рет матырып-матырып алды да тікесінен тіп-тік шаншып қоя салды. Белурарынан тасқып қысып, аймалап құшып, көйлегін сыпырып, шешіп тастады. Ләззаттың аппақ білегі Қабақтың мойнына орала кетті. Оның айдың сүттей жарығымен әрленген бүтін жалаңаш аппақ тәні Қабақтың қоңыр тұлғасына қасықтап құйған ақ күмістей жабысты. Іштен жалын дем шығып, дене отынан көл бусанып қайнап жатқандай. Бар нұрын барынша осы екеуіне төгіп, көк жүзіне жалғыз өзі иелік еткен Ай, қабағын қарыс түйіп қабарып іші өртеніп тұрған қара жартас ғана емес бүкіл дүние тірлік тынысын ішіне тартып екеуін тамашалап қалғандай тыныштық. Қабақ тап осы сәт дегбірі таусылып Ләзатты шалқалата көтеріп, қарына көлдененең алып бүкіл бетін Ләззаттың ақ тамағы, алқымына тыққан бойда жаға қарай ала жөнелді. Қабақтың мойынына жыланша оралған Ләззат «Қабай, болмайды… Үйге барайық…»,– деуін оның құлағының түбінен жылы демімен үзіп-үзіп жеткізді. Айтуын айтып қалса да, тап осы жерге жатқыза салса да кет әрі емес, әпден пісіп-жетілген жемістей жарылғалы сыздап тұрған құмарлық тастақты жағаның тасының арқа басына батқанын да, жанының ауырғанын да сездірмес еді. Қабақ Ләззатты көтерген бойда отауына ала жөнелді. Енді өмірінің қызығы отауында, өз үйінде, ақ босағасында жалғасады. Кеше ғана анасын жесір, баласын жетім еткен, жебір қоғамның тұқымыңды тұздай құртамын деген арам ниетінің желкесін қиып, екі жарты қосылып бір бүтін болып, қаракөктердің ұрығын егіп өмірдің өзегін жалғайды.

(Жалғасы бар. Сурет: Coontrol.mn-нен)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі