///

Бұл қандай мұсылмандық ???

2270 рет қаралды

 Ұлыстың ұлы күні өздеріңіз куә, палауға таласқан ел қырылып қала жаздаған еді. Ал бүгін ауыз ашарға жайылған дастархандағы тағамға ұмтылған «ауыз бекіткендер» («нәпсісін тыйғандар») тағы да қырғын болғаны жайлы бейне жазба тарап жатыр.

Қара халық сыртта палаткаға жайылған дастархандағы асқа жарыса еніп, жапа тармағай дастарханды жылан жалағандай етіп жайпап кеткен.

Ал дәл сол мезетте Алматыда «алтындаған хан сарайында» ҚР-ның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қазақтың өңкей ығай мен сығайларын, қоғам қайраткерлерін, қаланың белді шенеуніктерін, атақты ақын-жазушыларын, ән-күйші, әртістерін шақырып дастарханына құс сүтінен басқанының бәрін толтыра тартып ауыз ашар беріп, концерт ұйымдастырып, ашыққан елдің еңсесін көкке көтеріп, кейкиіп отып кекірік ата айтылған көпсіген сөздерге көміліп, бір рахаттанса керек-ті. Хош! Соған мәз болып, ас ішіп, аяқ босатып отырған зиялыларыңның кейпі сол болса оған не дерсің!

Мәселе, қасиетті айда жоқ-жітікке садақа үлестіріп, қасиетті айда мейірімділік пен қайырымдылықты, адамилық пен адамгершілікті, адамдардың өз ара теңдігін, бауырмалдығын, ізгілікті насихаттаудың орнына қазақ баласын бай, кедей деп екіге жарып біріне далада дастархан жайып, ал біріне хан сарайындай қонақ үйде ауыз ашар бергенін қалай түсінуге болады? Ауыз ашарға кеткен Ұланғайыр қаржыны Бас мүфти қайдан алды? Қазақстан мүфтиаты жұрттың садақасына күн көрмейтін бе еді?

Өңкей ығайлармен сығайларды бір тойдырып жарылқайтын ақшаны қайдан алды? Сол ығайлар сол асқа зар ма еді? Сол ас сол сығайлардың тамағынан қалай жүрді екен, сыртта жұрты қырылысып жатқанда? Бұл не деген санасыздық?! Хан сарайында ауыз ашып, ас жеп отырғандардың қарасы түгіл атынан ат үркетін жандар екен. Не болған бұларға. Қазақ-ау, ханың да, қараң да осындай көк ми ма еді?

  Бұл туралы шет елдегегі, Германияда тұратын қандасымыз Өнерхан Алтынның «бұл қандай мұсылмандық ??? Мүфтияттың қазақты қарапайым мұсылмандар және атақты мұсылмандар деп екіге бөліп жармай кішіпейілдік танытып сыйлы, атақты қонақтарымен қарапайым халыққа қосылып, сол шатырда тәртіпті сақтай отырып бірге ауыз ашқанда нағыз мұсылмандық болмас па еді ??? “дүмше молда дін бұзар” деген осындайдан шықты ма екен кім білсін ??? !!!» дегенімен қалай келіспейсің.

Б. Қарамер

             

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар