///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

4749 рет қаралды
ОЙЛАН `(Жалғасы-11)
Аралары бір-екі жас бір атаның балаларының кенжесі Қырқынбай болатын. Бірақ отбасында Қырқынбайдан көрі онымен түйдей құрдас Ойланның қылығы мен қызығы артты. Әке мен шешеге бар баласы бірдей, ер жетіп, еншісін алып, отау көтеріп, жеке шығып кеткенше бар дәулеті ортақ болса да Ойланға келгенде өмешектері үзіліп, әукелері салбырай қалады. Өйткені оның мойыны ерте бекіді, аяқ-қолы шымыр, тастай, үш жасында ашамайсыз-ақ атқа мінді. Төрт жасында тізгінге ие болып, бес жасында атқа шапты. Жеті жасында жуан атқа, сәйгүліктерге шабатын жел тақым болды. Тығыршықтай, құлжаның асығындай болып ер жетіп келеді.
Елгезек те, елпек Ойлан, былқылдақ Қырқынбай орнынан тұрып болғанша жұмсаған жерге барып, келетін жерден келіп қояды. Тамақ ішіп-жегені де ылдым. Қырқынбай екі шоқып, бір асап отырғанда, бұл ішерін ішіп, жейтінін жеп, тостаған-саптаяғын жалап тазартып, жуып-шайып орнынан тұрып кетеді. Ойланның пысықтығы оны еңбекке де ерте араластырды. Тілазар, тік мінез Қырқынбайдан гөрі тіл алғыш, қабақ шытпас Ойланның аты ата-ананың, аға-бауырдың ауызына бұрын түседі. Ойлан торғайдай күнінен не әкесі, не шешесі шақырып, жұмсап қалады-ау деп елеңдеп, дауысқа құлақ түріп отыратын сияқты. Ойнаса да ойын баласы емес пе үйден ұзап кетпейді. Оны Базарқұлдың бес ұлынан оқшаулап, алалап, жат көріп, жүрегіне тиіп, запы қылған жан болмаса да үй маңынан ұзап шықпайтын үй күшіктеу болса да әбжіл, ширақ, қайсар өсіп келеді. Тіпті кейбір көршілер, ауылдастар «болатын бала боғынан» десіп Ойланды өздерінің балаларына үлгі қылып көрсетіп жатады.
Бір аяқтан су ішіп, бір құртты бөліп жеп, бір көрпенің астында бірге жатып, бірге тұрып, бір шаңырақ астында, бір әке мен шешеден, бірдей ортадан тәлім-тәрбие алып, екеуара бірде ашу, бірде тату қатар өсіп келе жатқан екі ұлдың бір-біріне жұлдыздары қарсы екені әке-шеше тұрмақ ауылы аралас, қойы қоралас ағайынға айқын болды. Қаңылтақ, жұқа сары қыршаңқы Қырқынбайдың орнықты, жүнін алған түйенің түсіндей Ойланды қырына алуы есейген сайын еселей түсті. Қит етсе  желкелеп жатады. Әлімжеттік жасап құлағын бұрап, қолын тістеп алса да қыңқ етпейтін ол бір қайсар, міз бақпай жұдырығын көрсеткен сайын қытымыр құрдасы жынданады. Ашынғанда жылап та жібереді. Безілдеп шешесіне барып, етегіне оралып, екі езуі ырбиып тұрғаны. Оны әндейтін шеше жоқ, есесіне құйрыққа келістіріп отырып бір салып, «өзіңде де обал жоқ, шоқ-шоқ» деп итеріп тастайды. Сөйткен сайын оның өштігі арта түсті. Бара-бара жылан тілі де шыға бастады. Енді ол Ойлан дегенде жұдырықпен қоса ащы, удай тілін сұғып алатын болды.
Бір күні өмірі сырттан жылап келмейтін, тәніне таяқ батып жыласа да көзінің жасын көрсетпейтін Ойлан үйге еңіреп енді. Қайсар ұлының бұ оғаш қылығына таң қалған ана, қылшықтап отырған табақ толы сары майын ысырып қоя салып, дереу оны бас салып құшағын алып, бауырына басты.
– Не болды, құлыным? Кім сенің жаныңа тиген? – Иіліп төбесінен иіскеді. Ананың ыстық демі, жылы құшақ, мейірімді сөзі Ойланның ет-бауырын  онан әрмен езіп жіберді. Ол өксігін үдеткен бойы бауырына жабыса түсті. Етінен өткен таяққа осығұрлым назаланып жыламайтынын, баласының жанына таяқ емес, сөз батқанын іші сезген ана тез қатайып:
– Болды! Ынжық па едің?! Ел не демейді, есек не жемейді. Кім көрінгеннің ессіз сөзіне ере берсең кім боласың. Ұнамаса құр сөзді құлағыңа да ілме, артым тыңдасын де де, қолды бір сілте. Өздері-ақ боқыны жеп жайына кетеді. Жә, болды,– деп ұлының көз жасын алақанымен сүртіп,– кел мұнда,– деп қасына отырғызып, табақтағы жаңа ғана алынған іркітінен арылған майдан бір іліп алып,– мә, май жалай ғой, менің  балам мықты, әне, Қотырақ ағасы құсаған дәу жігіт болады, солай емес пе? – Ол анасына аса мейірімді жүзбен күлімсірей қарады. Сонан соң орнынан тұрып анасының арт жағынан келіп қапсыра құшып, иығына асылды. Анасы маңдайынан иіскеді. Жүрегі шымыр етіп, алқымна ащы бір жас тығылып тұра қалды. «Қарғам-ай, қаңқу сөзден қайтіп қорғанар екенсің. Бірдің аузын жабармын, мыңның аузын қайтіп жабамын?!». Көзінен моншақтаған жас кимешегіне төгіліп кетті. Ол жас артынан келіп қапсыра құшып, мойынына асылып тұрған Ойлан ұлын байқалған жоқ.
– Бара ғой, ойнай ғой. – Ойлан үйден ойнақтап атып шықты. Сыртқа шықса үй артында Қотырақ ағасы тайында өзі үйретіп, өзі баптаған, екеуі бір-біріне әбден бауыр басқан, төрт аяғы тостағандай шомбал, ет-сүйегі жетіліп әбден толған, кезекті жорыққа дайындап, етін қатырып, жаратып, байлап, баптап отырған жеті жасар азбанына ер салып жатыр екен.
– Аға, бір жаққа барғалы жатырсың ба? Торы азбанды неге ерттеп жатырсың?
– Түкібай атам қылыш соғып қоямын деген еді. Соны барып алып келейін. Дайын болған шығар.
– Үйде бір қылыш бар ғой, аға. Кереге басына ілулі тұр.
– Ол сәл жеңілдеу. Түкібай атаңның қылышы өткір әрі салмақты болады.
– Мына қылышты кімге бересің, Қотырақ аға. Маған бересің бе, айтшы? – Қырқынбайдың ерттеулі аттың далдасында келіп тұрғанын Қотырақ та, Ойлан та байқаған жоқ еді.
– Әрине, саған беремін.
– Неге оған? Неге анаған бересің?! Мен аламын! Маған бересің, білдің бе?!Саған бермейді,  маған береді.
Қотырақ ат бауырынан шап айылды енді алайын деп жатқан бойын тез тіктеп, ащы дауыс жаққа бұрылды. Аттың теріс жағынан келіп, тістеніп тұрған Қырқынбайды көрді. Егер ол Қырқынбайдың келгенін білсе, Қырқынбайдың көзінше    қылышты саған беремін деп айта салмас еді. Екі інісін тең көретін Қотырақ бір амалын табар еді.
– Маған береді,- деді Ойлан да есесін жібермей. – Маған бересің ие, аға. Мен бірінші сұрадым. Маған беремін деді. Ер жігіт екі сөйлемейді. – Қырқынбай келді де әй-шүй жоқ Ойланды кеудеден итеріп қалды.
– Мен тұрғанда саған қайда! Қу қалмақтың қаңсығы?! Қасқырдың күшігі бұл! Қасқырдың күшігі! – Бұл ауыр сөздің бәрі жақын ағайынның, оның тарихын жақсы білетін туысқандардың Ойланнан оңаша жерде айтатын сөзі еді. Қырқынбайдың қақсап тұрғаны солардың сыбырлап айтатынын айғайлап жеткізіп жатыр. Бүйтіп көзге шұқып, өңменінен итере берсе ол қайтіп кірігеді, қайтіп сіңісіп ел болады, кірігіп бауыр баспақ түгіл жау болып шықпай ма? Іштен шыққан нағыз шұбар жылан сол болмай ма?
Ойлан үш-төрт жас шамасында қалмақтармен болған бір қырғын соғыстан оралған жолда үрке көшкен қалмақ ауылдарының қаңырап, ошағы бұрқырап жатқан жұртында қалған жерінен тауып алған баланы бәйбішесінің бауырын салған Базарқұл батырдың өзі болатын. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, Қырқынбайыңмен тел өсір» деп аманаттаған ұлы. Оған ырымдап «Олжабай» деп ат қойды. Кейін Олжабай «Ожақ, Ожық, Олжай» деп түрлі-түрлі аталып жүріп ақырында «Ойлан» деген тиянақты атқа тоқтаған. Қырқынбайдың жүрекке қадалған қанжардай сөзін естігенде Қотырақтың дене мүшесі шымырлап, өзін-өзі ұстай алмай кетті.
– Ай, сен не деп тұрсың?! Не дейді мынау?! – Қотырақ қолындағы қамшысын білей атылды. Қырқынбайдың айтқанын Қотырақ бұрын да әркімнің аузынан естіп қалатын. Алайда мына Қырқынбайдың аузынан естимін деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Жарылып кете жаздап атылды.
– Әкем мен шешем жатсынып, жатырқамағанда, жақ пен басты сен айырайын деп пе едің?! – деп қамшыны сілтеп қалды. Қамшының ұшы Қырқынбайдың қыр арқасын пышақпен тілгендей кесіп өтті. Сәл жақындағанда жотасынан төмен қарай орып, екі бөліп, қақ айырып түсер еді, құдай қақты. Қырқынбай қиралаңдап барып, түзеліп, безіп берді. Алайда Қотырақ оны екі аттатпады. Қуып жетіп, құлағынан көтерген қояндай салбыратып ашалы, салалы саусақтарымен көк желкесінен көтере қылқындырып,
– Өзгеге талатқанша, өзім-ақ жоқ қылайын! – Ашулы ағаның ожар мінезіне қанық Ойлан жан ұшырып келіп білегіне жармасты.
–Аға, ағатай, жібере салыңызшы, ағатай… – Қотырақ Ойланға тесіле, түсін салып қарады. Оның шын жүрегінен тілеп тұрған өтінішін көріп, қып-қызыл болып қылқынып, салбыраған Қырқынбайдың табанын жерге тигізіп, иығынан нығарлай басып,
– Бұл сөзіңді аға естімесін,- аға деп тұрғаны әкесі Базарқұл батыр еді,– мен де естімейтін болайын. Бірді екі қыла алмай жүрген заманда іштен ірітейін дедің бе?!  Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады деп. Жаныңды шығарамын!– деді де екпетінен түсірді. Аямайтын еді, Ойланның өзі келіп, аяғына оратылып, жалынғаны оны арашалап қалды.
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі