///

Таптаурынды бұзу: Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі қалай дамып жатыр?

1190 рет қаралды

Білім, дауыс беру, жұмыс істеу, таңдау мүмкіндігібір қарағанда қарапайым дүниелер, бірақ бұл әйелдер ғасырлап күрескен қарапайым мүмкіндіктер. Өздерінен кейінгі буынға еркін және жақсы өмірлі қалыптастыру үшін қоғам әлі де күресіп келе жатыр. Бүгінде әйелдер кәсіп құрып, әлеуметтік салаға белсенді қатысады. Мақалада әйелдердің алдында тұрған проблемалар мен әйелдер кәсіпорнының ел экономикасына әсері туралы талқылаймыз.

Дамира мейрамхана кәсібіне келмес бұрын, сауда-саттық саласында жұмыс істеді. Бірақ уақыт өте келе. мейрамхана кәсібі ынтықтыра түсті. Мейрамхана индустриясы таптырмас сала боп көрінді, оның үстіне жақындары оның бұл бастамасын қолдады.

«Жұмысыңыз бен өміріңізден толық ләззат алу үшін, өзіңіз сүйетін іспен айналысу керек екенін түсіндім. Мен үшін менің бизнесімнің басты артықшылығы — өзін-өзі таныту мүмкіндігі, өзіңізге және отбасыңа көбірек уақыт бөлуге болатын ыңғайлы жұмыс кестесі. Алайда, бұл артықшылықтар кемшілікке айналуы мүмкін. Мысалы, менің жұмысым тәулік бойы жұмысбастылықты қажет етеді. Яғни стандартты сегіз жұмыс сағатынан тыс, байланыста болуы керек болады.

Сондай-ақ, кемшіліктердің бірі — ер адамдардың тарапынан байқалатын скептицизм. Себебі, мейрамхана кәсібі көбінесе ерлер кәсіпкерлігімен байланысты, тіпті аспаздың 80%-ы ер адамдар. Сондықтан менің басты мәселем осындай бәсекеге қабілетті ортада қалу болды. Мен ерлермен тең дәрежеде бәсекелесу қабілетімді дамыттым. Маған таптаурындар мен адамдардың «сіздің қызмет көрсеткеніңіз немесе үстел жанында тұрғаныңыз жөн» деген сынды пікірі маңызды емес еді. Мақсатым — кафемді дамыту. Осы жолда жұмыс істеп келемін. Кейде қаржы ресурсы немесе инвестициялар сияқты басқа мәселелер әріптестеріңіздің қысымына толық төтеп бере алмауы мүмкін.

Менің ойымша, іскерлік әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін біз бала кезден-ақ іргетасты қалыптастыруымыз керек. Бұл үй мен мектептегі тәрбиеден басталады. Ұзақ жылдар бойы бұрынғы ССРО заманындағы теңсіздіктің куәгері болдық, қалыптасқан «норманы» толығымен өзгерту үшін біраз уақыт қажет екені белгілі.

Мен бизнесімді жүргізу процесін шығармашылыққа теңеймін. Әрине, менің де мақсаттарым мен міндеттерім бар, бірақ ең алдымен бизнес өз бетінше шығармашылық шешімдер қабылдауға және барлық тапсырмаларды ынтамен шешуге шабыттандырады. Бұл өз кезегінде маған қуат пен шабыт сыйлайды», – дейді Дамира.

Кәсіпкер әйелдер статистикасы

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы мәліметі бойынша, әйелдер басқаратын шағын және орта бизнестің үлесі 43,5% құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігі осы секторлардағы жұмыс орындарының 31% және Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,6% қамтамасыз етеді.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Әйелдер бизнесті дамытудың негізгі бағыттары ретінде көтерме және бөлшек сауданы, медицинаны, білім беруді және әртүрлі қызметтерді таңдайды. Кәсіпкер әйелдердің кішігірім бөлігі ғана тау-кен өнеркәсібін, көлік, құрылыс, электр энергетика және т.б. салаларға кетеді. Тізімге әйелдерге өз бизнесін ашуға тыйым салынған 213 кәсіп түрі кіреді. Бұл тізім КСРО кезінен бастап әйелдің репродуктивті жүйесін сақтау үшін, оның физикалық еңбекпен айналысуына жол бермеу үшін құралған. Салдарынан әйелдерде таңдау мүмкіндігі мүлдем болмады. Әйелдің миссиясы отбасын құру және балаларды тәрбиелеу болды. Қазір бәрі басқаша. Әр адам өз қызметін таңдауға құқылы және әйелдерге тыйым салынған 213 кәсіптің тізімі кеңес заманының ескірген талабы боп қалды.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігі келесі Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау табады. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021», «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының түрлі бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Карантин кезінде салықтық жеңілдіктер, қаржы ұйымдарынан несие алғандарды демеу, шағын және орта бизнестегі әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін пандемияға байланысты жұмысынан айырылғандарға көмек көрсету шаралары қабылданды.

Экономист Диана Бекенованың сөзінше:

«Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту ел экономикасына жақсы әсер етеді. Біріншіден, жұмыс орындары өседі. Мысалы, білім беру және қызмет көрсету саласындағы әйел кәсіпкерлер компаниясын кеңейте түссе, бұл жұмысбастылықтың артуына әкеледі. Сонымен қатар әйелдер бизнесі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек көңіл бөледі. Мысалы, кәсіпкер әйелдер көтерме және бөлшек саудадағы жұмыс орындарының 45,3%-ын, қаржылық және сақтандыру қызметтерінің 43,9%-ын қамтамасыз етеді.

Әйелдер кәсібі инновациялар мен шағын бизнесті дамытуға серпін береді. Әйелдердің бастамалары көбінесе экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін жаңа идеялар мен тәсілдерді қамтиды. Мысал ретінде, TechGarden бизнес-акселераторы инновациялық жобаларды қолдайды және Қазақстандағы стартаптар секторының дамуына ықпал етеді. Бұл факторлар Қазақстанның экономикалық әлеуетінің өсуіне ықпал етеді және бизнестегі гендерлік теңдіктің орнауына алып келеді».

Ірі бизнес секторларында әйелдердің өкілдігі төмен. 2020 жылғы жағдай бойынша әйелдер ірі кәсіпорындардың тек 17,9%-ын басқарды. Бұл активтерге қол жетімділігін шектейтін 1990 жылдардағы жекешелендіру процестеріне байланысты. Олар: қаржыландырудың жеткіліксіздігі; мемлекеттік бағдарламалардың болмауы; әйелдердің үй шаруашылығы мен бала күтімі бойынша жоғары жұмыс жүктемесі. Осы себептерге байланысты жеке бизнеске ие болу идеясы артта қалған.

Гендерлік теңсіздіктегі жаңашылықтың бастауы

Мадина оқу жабдықтарын жеткізу саласына келгенде, ер әріптестері оның бұл істі дөңгелетіп әкететініне сенбеді. Олар қыз баланың бизнесті өз бетінше басқара алатынына және ұзақ уақыт өз орнын сақтап қалатынына сенбеді. Бірақ Мадина өзінікін дәлелдеді.

“Ер адамдар аталмыш салада жиі жұмыс істейді, бірақ бұл әйелдерге орын жоқ дегенді білдірмейді. Қоғам мамандықты ерлер мен әйелдердің кәсібі деп бөлу арқылы гендерлік  стереотиптерді қолдайды. Яғни, гендерлік теңсіздік пен бәсекелестік менің жұмысымдағы ең үлкен кедергі болды. Әйел адам қалаған жерінде, қалаған мамандығында жұмыс жасай алады деп айтуды тоқтатпаймын.

Отбасым кәсіпкерлік саласынан алыс. Ата-анамның екеуінің де жоғары білімі жоқ, әкем құрылысшы, ал анам балабақшада жұмыс істейді. Мен өз отбасымдағы оқуын толық аяқтап, кәсіп ашқан алғашқы жанмын. Ата-анама маған қалаған ісіммен айналысуға рұқсат бергеніне ризамын. Маған ешкім ешқашан: «Сен ештеңе істей алмайсың», – деп айтқан емес.

Мамандық бойынша мен есепшімін, бірақ студенттік кезден бастап кітап дүкендерінде жұмыс істедім. Содан кейін мен баспа ісіне ауыстым, қазір оқу жабдықтарын жеткізумен айналысамын. Мені әрқашан білім беру және оқыту жобалары қызықтырды. Бұл саладағы сүйікті ісімнің нақты қайсысы екенін айта алмаймын, бірақ мен үнемі білім беруді қолдайтын жобаларға қызығатынмын.

Кәсіпкер ретінде мен үшін маңызды қасиеттер — әртүрлі адамдармен қарым-қатынас барысындағы төзімділік пен стресске төтеп беру аспектілері. Жұмыс барысында бізге сан түрлі клиенттер және жеткізушілермен серіктес болуға тура келеді. Бірақ бәрімен ортақ тіл табу маңызды. Бизнес тәуекел мен тосын жайттардан тұрады. Әрбір сәттілік немесе сәтсіздік мені шыңдай түседі. Мен өз ісімді жалғастырамын, өйткені бизнесім білімге үлес қосып, гендерлік теңсіздікті жоюға көмектесетінін білемін”, – деп қорытындылады Мадина.

Гендерлік экономиканы зерттеуші Заира Сәтбаева Экономист мақаласында әйелдер бизнесін дамыту жолындағы кейбір кедергілерді анықтады. Қазақстандағы гендерлік стереотиптер мен патриархалды құндылықтар әйелдерді үй шаруасындағы қызметші ретінде қабылдауды күшейтеді, аталмыш принциптер әйелдің негізгі міндеті үй шаруасы мен бала күтімі деген ойды қалыптастырады. Қазіргі уақытта отбасын асырайтын ер адам үйдегі басты тұлға. Міндеттердің осылай бөлінуіне байланысты қазақстандық әйелдерге үй шаруасы мен бизнесті қатар алып жүру қиынға соғады. Осыған орай тіпті бөлек термин — «екінші ауысым» деген ұғым бар. Онда әйелдер негізгі жұмысынан кейін, ақысыз үй шаруасын атқарады. Осылайша, үй мен жұмысты қатар алып жүру іскерлік мүмкіндіктер мен әйелдер кәсібінің кең таралуын шектейді.

Заира Сәтбаева Әлеуметтік институттар мен Гендерлік индекске сәйкес «Өндірістік және қаржылық ресурстарға қолжетімділікті шектеу» көрсеткіші бойынша Қазақстанда гендерлік кемсітушіліктің орташа деңгейі бар екенін атап өтті. Бұл жергілікті әйелдердің кез келген мүлікке иелік ету мүмкіндігі шектеулі екенін білдіреді, өйткені олар негізінен күйеуінің немесе отбасы мүшесінің атына тіркелген. Үлкен көлемдегі несиелерге қол жеткізу қиын, өйткені өтініш берушілер кепіл ретінде бере алатын мүлікке ие болуы керек. Демек, әйелдерге ерлерге қарағанда несие алу қиынырақ, бұл сонымен қатар әйелдің несиені төлей алмауы немесе бизнес-жоспар жаза алмауы мүмкін деген кері тартпа пікірге де байланысты. Қаржылық, Еңбек және уақытша ресурстардың жеткіліксіздігі Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің тоқырауына алып келді. Бұл факторлар әйелдердің ірі бизнеспен айналысуына кедергі келтіреді, сондықтан әйелдердің басым көпшілігі шағын және орта бизнесте жұмыс істейді.

Зерттеу авторы Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігінің даму бағытын өзгертуді ұсынады. Мақсат — белгілі бір салаларда ғана емес, экономиканың әртүрлі салаларында да әйел кәсіпкерлерді қолдау. Сондай-ақ, оның табыстылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, соның ішінде жаһандық деңгейде арттыру үшін қызмет көрсету саласында әйелдер бизнесін дамытуды ынталандыру маңызды.

2021 жылы «Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігі» өңірлік бағдарламасы аясында Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және гендерлік теңдік үшін коалиция құрылды. Коалиция «әйелдер кәсіпкерлігінің» заңды анықтамасын әзірлеу және оны 2021-2025 жылдарға арналған бизнесті дамытудың ұлттық жобасына енгізу туралы бастама көтерді. Коалиция бұл терминнің болмауы әйелдерді қолдаудың тиісті бағдарламаларын қаржыландыруды қиындатады деп санайды. Оны енгізу әйелдер бизнесін дамытуға бюджет қаражатын бөлу процесін жеңілдетуге көмектеседі.

Кәсіпкер әйелдер әртүрлі кедергілерге тап болады. Қаржыландыруға қол жетімділік шектеулі және стартаптардың өзектілігі төмен. Шешімдер гендерлік теңсіздікті азайтуды, желілік қолдауды, қаржылық талдауды және көшбасшылықты оқытуды қамтуы мүмкін. Тәжірибемен бөлісіп, бір-бірін шабыттандыра отырып біріксе, кәсіпкер әйелдер Қазақстанда осы саланың табысты дамуы үшін қолайлы жағдай жасай алады.

Камила Мажеренова,


Камила Балғабекова, 

Альбина Булатова.

SDU “Журналистика” мектебінің студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі