////

Қызылорданың экологиясы: Мәселенің шешімі күріш алқаптарын азайту ма?

802 рет қаралды

Қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы  Арал теңізінің үздіксіз таяздануы, «Байқоңыр» зымыран – ғарыш кешенін пайдалану, уран–кен өндіру және мұнай өнеркәсібінің қарқынды дамуы –  облыс халқының денсаулығына әсер ететін табиғи және антропогендік сипаттағы жетекші экологиялық факторларға айналып отыр. 

АЙМАҚТАҒЫ БЕЛГІЛІ 207 КӨЛДІҢ 17-СІ ТАРТЫЛЫП ҚАЛҒАН

Ең үлкен экологиялық проблемалардың бірі — Арал теңізінің кебуі. Арал теңізінің экологиялық залалы аймақтағы өмір сапасына, тұрғындардың өмір сүру деңгейіне айтарлықтай кері әсер етуде.  Бұның салдары аймақта әртүрлі аурулардың  көбеюіне, онкологиялық, аллергиялық және генетикалық аурулардың күн санап артуына алып келді. Бұл демографиялық жағдайға да теріс ықпал етпек.

Оның үстіне Сыр өңірі су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Себебі, егіншілікпен айналысатын диқаншылардың суару уақытында аяқсудан таршылық көретіні бүгінде қалыпты құбылысқа айналған.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Аралдың кебуін ХХ ғасырдағы ең ірі антропогендік экологиялық дағдарыстардың бірі деп атайды. Теңіздің тартылуы 90-шы жылдардан бері  Арал аймағының флорасына, фаунасына, ландшафтына және климатына жүйелі түрде теріс әсер етті.

Арал трагедиясының жанама әсері — ихтиофаунаға орасан зор зиян келтірілді: теңіз аймағының қысқаруы және тұздың өсуі барлық дерлік эндемикалық түрлердің жойылуына әкелді, іргелес көл жүйелеріндегі балықтардың саны бірнеше есе азайды, ал Үлкен Аралда балықтың түрлері мен саны туралы мәлімет мүлдем жоқ, немесе қолжетімсіз деуге болады.

Арал маңындағы аудандар мен елді-мекендерде тұрғындар арасында енді, көз және тыныс алу органдарының аурулары, анемия, қант диабеті, тыныс алу және онкологиялық аурулардың таралуы артып келеді. 2021 жылдағы мәліметке сүйенсек,  Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдария өзеніндегі судың мөлшері бірден 2 миллиард 400 миллион текше метрге дейін түсіп кеткен. Яғни өзен деңгейі 2020 жылға қарағанда 35 пайызға аз. Ал соның кесірінен аймақтағы белгілі 207 көлдің 17-сі тартылып қалған.

Осы орайда, Қызылорда облысының экологиялық ахуалы, Арал теңізінің қалай тартылу деңгейіне түскені жайлы «Байтақ» жасылдар партиясы жанындағы Республикалық ғылыми-сараптамалық Кеңесінің төрағасы Көптілеуов Нұрлан Болатұлы пікірін білдірді.

“АРАЛ ЗАҢЫН” ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК

Нұрлан Болатұлы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы  №1468-ХІІ Заңын «Арал Заңы» дейді .

Онда: «Заң Арал экологиялық апаты салдарынан зардап шеккен азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс және олардың статусын, аумақтардың топталуын айқындайды, әлеуметтік оңалту шараларына мұқтаж адамдарға өтемақы мен жеңілдіктер белгілейді, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрақты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, халықты экологиялық таза тамақ өнімдерімен, медицина құралдарымен, ауыз сумен басым жабдықтау, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жүйесін қалыптастыруға принцпті көзқарастарын баянды етеді» делінген.

Заң қабылданған жылдан бастап, экологиялық дағдарыс аймағына Қызылорда облысының аумақтары, Қызылорда қаласы және әкімшілік-аумақтық бағынысына кіретін елді мекендерді қоса алғанда, Байқоңыр қаласы кірді. Сондай-ақ, Заңда экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтардың статусы белгіленді. Экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемақылар мен жеңілдіктер қарастырылды.

– Әу дегенде заң толыққанды жұмыс істеп келгені анық. Алайда уақыт өте келе заңдағы көптеген баптарға өзгеріс енгізілді, тіпті кейбір баптар алынып та тасталды. Осының кесірінен көптеген азаматтар жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектерден қағылып қалды. Мұның бәрі онсыз да ілдәлдалап күн көріп отырған Сыр жұртшылығына ауыр тигені белгілі. Сондықтан да, бұл заңды қазіргі Үкімет қайта қарап, ескерусіз қалған жерлерге толықтырулар енгізіп, экологиялық апатты аймақта өмір сүріп жатқан азаматтарға жеңілдіктерді қайта қарау керек. Сонда ғана әділеттілік орнайды. Біздің елде, ең әуелі Заң үстемдігі орнап, қатаң сақталуы тиіс. Бұл – Президенттің тапсырмасы! – деп сөз түйіндеді партия белсендісі Нұрлан Болатұлы.

Сарапшылардың пікірінше, Арал теңізін толық қалпына келтіру енді мүмкін болмайды. Ең маңызды міндет – өткір экологиялық дағдарыстың жойқын әсерін азайту, яғни, Кіші Аралды сақтап қалу. Ал, Кіші Аралдың өзегі – Сырдария өзені, төменгі ағысымен көздің тамшысындай су құйып, «өлмешінің» күйін кешіп отыр. Жергілікті атқамінерлер мен сала мамандарының су тапшылығы мәселесін шешудің ұтымды жолы деп тек егістік алқаптарды қысқартумен шектеліп отырған жайы бар.

КҮРІШ ДАҚЫЛДАРЫНЫҢ АЗАЮЫ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАНЫ ОДАН ӘРІ УШЫҚТЫРАДЫ

Мәселен, 2020 жылы су тапшылығын сезінген диқандар 2021жылы тағы да күріш егістігінің көлемін 5,1 мың гектарға азайтқан. Жауапты мамандардың айтуынша, Қызылорда облысына  Сырдария  арнасы­нан  жылына  5,4 млрд текше метр су бері­леді. Оның ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына – 4,174 млрд текше метр, суаруға – 4,159, ба­лық шаруашылығына 10 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ экологиялық қажеттіліктерге орай жылына 1,2 млрд тек­ше метр су алынатын көрінеді. Бұл – дария табанында және шағын өзендер мен көл­дерге құйылып тұратын су көлемі.

Дария табанынан су қашқалы Қызыл­орда облысы көлеміндегі орташа ылғал­дылық 18 % дейін төмендеген. Жерасты суының деңгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның төменгі ағысындағы 300 көлден, қазір 130-дай ғана сақталып қалды. Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметінше, 2020 жылы Қызылорда облысының суармалы егіс­тігінде су тапшылығы болып, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдер жүйесіне, Арал теңізіне межеленген су көлемі түспей, әлеуметтік-экономика­лық және экологиялық жағдай нашар­лағаны байқалды.

Сыр өңірінің егістік алқабының жай күйі, су мәселесі, жалпы аймақтың экологиялық ахуалы туралы Қызылорда қаласындағы Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық Ауылшаруашылық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақов Серікбай Ыдырысұлы өз ойын ортаға салды:

– Арал теңізінің кеуіп кету салдарын қалай сезінеміз, ол – жаңбырдың мөлшерінің азайып кетуі, қар жаумайтын жағдайға келуі. Дариямызға су жетіспейді. Өкінішке орай, Арал теңізінің тартылуына Байқоңыр ғарыш айлағының қатар орналасуы да табиғи ортаға жоғары деңгейдегі техногендік жүктеме салып тұрғаны сөзсіз. Соның салдарынан Қызылорда облысында түрлі онкологиялық аурулар көбейді. Осының бәрінде тікелей экологиялық сипаттағы көріністер бар екендігіне тереңдей білімнің қажеті жоқ деп білеміз.

Биылғы көктемнің басында-ақ, Сырдария­ның табаны көріне бастады. Алдағы болжамдарға сүйенсек, су мәселесі тіпті күрделене түсетінін көрсетеді. Сырдария өзенінің суын тиімді  пайдалану үшін аймақтағы күріш дақылдарын қысқарту және оның орнына басқа дақылдарды өсіруге басымдық берілуде. Ал, бұл орайда, күріш өсірушілер күріш дақылдарының азаюының экологиялық зардаптарына алаңдайды. Бұл дақыл жердің тұздануына жол бермейді, егер дақылдар аз болса, тұз ауаға көтеріліп, қоршаған ортаға зияны одан сайын өршуі мүмкін.

БАЙҚОҢЫРДАН ТӨГІЛГЕН ГЕПТИЛДІҢ ЗИЯНЫН КІМ ЕСКЕРІП ЖАТЫР?

«Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағындағы өте улы зымыран отынының, атап айтқанда гептилдің төгілуінен туындаған экологиялық проблемалар оның жұмыс істеуімен және ғарыш технологияларының дамуымен тікелей байланысты.

Қазақстанның үлкен аумағында зымыран тасығыштардың ұшуы жүріп жатқандықтан, бұл ластану бойынша өте күрделі мәселе. Ғарыш зымырандарын ұшырған кезде жыл сайын Байқоңыр кешенінің атмосфералық ауасына зиянды улы заттардың, атап айтқанда гептилдің көп мөлшері шығарылады. Зымыран отынының құрамдас бөліктері мен атмосфераға шығарылатын улы заттектердің  аймақ тұрғындарына теріс әсері айқын білініп отыр, оның «нәтижесі» – Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан кенттерде сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің артуы. Гептилдің зияны, оның зардабы орасан зор – қоршаған ортада 80-100 жыл бойы сақталады, бұл қазірдің өзінде жыл сайын халық арасында онкологиялық, тыныс алу, жүрек, жүйке ауруларының көбеюіне әкелуде.

Уран мәселесіне келер болсақ, уранның өзі әлсіз радиоактивті болғанымен, оны өндіру және өңдеу кезінде атмосфераға радон деп аталатын — жоғары радиоактивті газ бөлінеді, және оның ыдырау өнімдері уран өндіруші және уран өңдеуші кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің денсаулығына әсері жоғары. Уранның негізгі радиациялық қаупі  ағзаға шаң түрінде енген жағдайда пайда болады. Өкпеде, тыныс алу жолдарында және өңеште орналасқан уранның ұсақ бөлшектерінен альфа-сәулелену ағындары қатерлі ісіктердің дамуын тудыруы мүмкін.

Дегенмен, жергілікті эколог шенеуніктер де өз тарапынан Үкіметпен бірлесе отырып, облыстың экологиялық жағдайын оңтайландыру бағытында қол қусырып отырған жоқ. Аймақтың экологиялық жағдайы жайлы Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің ұсынған мәліметтеріне қарасақ, облыс аумағында бірқатар мәселе шешімін тауып жатқан сыңайлы.  Депар­таменттің  баспасөз  қызметінің ақпаратына сәйкес, Қызылорда облысының экологиялық мәселе­лерін кешенді шешу жөніндегі  Жол картасы 7 бөлімнен, 52 тармақтан (іс-шаралардан)  құралған.

1. «Тұрақты көздерден атмосфераға ластау­шы заттар эмиссиясын қысқарту» бойынша  12;

2. «Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындыларын азайту» – 2;

3.  «Су ресурстарынреттеу» – 10;

4.  «Қалдықтардыбасқарусаласы» – 13;

5. «Жасылбелдеудідамыту, көгалдандыружәне  көркейту» – 5;

6.  «Қоршаған  орта  жай-күйіне мониторинг» – 5;

7.  «Ақпараттықжұмыс» – 5 іс-шара қарас­тырылған.

Жол картасында көрсетілген іс-шаралардың іске асырылу мерзімдері «тұрақты» және «2020-2025  жылдар»  аралығы  болып  белгіленген.

Бұған қоса, жергілікті жердің көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бейжәй қарамайтын бірқатар қоғам белсенділері де Қызылорда қаласының шағын мегаполис ретінде жасыл желекті қалаға айналуына айтарлықтай үлестерін қосып отырғандығын айтып өту парыз.

Бұл орайда, Қызылорда облыстық қоғамдық Кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Болат Нұрқожаев Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы ой бөліскен еді.

– Қызылорда қаласына 2005 жылы көшіп келдім. Білетінім, өзім оқыған  1980 жылдары Қызылорда қаласы жап жасыл қала еді, бірақ 90 жылдардан бастап қала күрт өсті, урбанизациялық мәселе күшейіп, көшелердің бойында ағаш сиреді. Арық жүйелері істен шығып, жасыл желегі азая бастаса, қәзір кей көшелерде егіп өсіргенімізден қурап кесіліп жатқаны көп болып келе жатқан сияқты.

Содан, 2009 жылдары Ипподром тұрғын ауданына көршілермен бірге құбырмен аяқ су жүйесін жүргізіп көгалдандыра бастадық. Байқағаным көшеде тал еккен бір кісі қалғандарына үлгі болады екен. Қәзір бұрынғы Ипподромдағы Хорасан ата көшесі қаланың жасыл көшелерінің бірі. Одан кейін тұрған СПМК тұрғын ауданындағы Ақирек көшесіне де сондай құбырмен суару жүйесін жасадық және оған су келетін Б.Баймаханов көшесі де жылдан жылға жасылданып келеді.

Облысымыздың орталық мешіті ауласын да құбырмен суару жүйесін жасап, Бейбарыс көшесінің талдарын суару жүйесін қалпына келтіріп талдарын құтқарып, молайтып келе жатқанымызға да 6, 7 жыл болып қалды. Оны мешіт ауласынан, Отбасы аллеясы атап жүрген аумақта жылда жазғы күндері кешке саялап жүрген адамдардың көбінен аңғарасыз. Жалпы осы аумақ қәзір бұрынғыдай емес, жазда салқын тартып келеді, – деген Болат ағамыз, игі шараларының нәтижесін қуана бөлісті.

Сонымен қатар, Болат Нұрқожаев соңғы кездері қала экологиясының жақсаруына сүбелі үлес қосуға ұмтылған жас жеткіншектер қатары да көбейіп келе жатқандығын мақтанышпен жеткізді.  Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің оқушылары таптырмас биологиялық тыңайтқыш ойлап шығарған соны жаңалықтарымен бөлісті. Нақтырақ айтсақ, мал тезегіне калифорниялық және ресейлік «Старатель» жауын құрты жіберіліп, оған азық ретінде оқушылар асханасының қалдық асы мен күзгі ағаш жапырақтары беріледі. Яғни, қалдықсыз кластер жобасы сәтті жүзеге асырылып, жаңа тыңайтқышпен мектеп ауласын жасыл-желекке айналдыра алады. Мектеп әкімшілігі  оқушылардың бұл тапқыш өнімдерін қала мектептерінің жылыжайларына тапсыруды да ойластыруда.

Ия, экология – еліміздің экономикасына, даму үдерісіне әсері айқын көрінетін көптеген бағыттармен  тамырлас күрделі сала. Ал, жазы ыстық, әрі ұзақ, қысы қарсыз, әрі суық келетін, ежелден ормансыз өлке Қызылорда облысының экологиялық жай күйі бүгінгі таңда құрғақ климатымен, су ресурстарының тапшылығымен, атмосфералық ауасында тұрақты улы заттектердің шоғырлануымен және аймақтың ірі су бассейіні Арал теңізінің таяздануымен ерекшеленеді. Әйтсе, де, Сыр өңірі қазақ мәдениетінің бірегей қазынасы, қазақ халқының ғылыми мұрасы саналады, аумағында 500-ден астам тарихи ескерткіштері бар Ұлы Жібек жолының орталығы бұл Қызылорда.

Адам табиғаттың бір бөлігі. Ол басқа түрлер сияқты табиғатқа тәуелді, оған мұқтаж, онымен өміршең. Біз өмір сүретін табиғат таза болуы үшін өзімізді тазалыққа тәрбиелеуіміз  қажет, экосананы қалыптастыра отырып, адамның, қоғамның және табиғаттың өзара әрекеттесуінің, адамның тіршілік ету ортасына тәуелділігінің, сондай-ақ оның қоршаған ортаны өзгертуші ретіндегі жауапкершілігін айқындайтын экологиялық эволюциядан – экологиялық мәдениетке қадам жасаймыз.

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің экология пәнінің оқытушысы Нұрлыбек Әбдіқаниевтің сөзімен қорытар болсақ: «Биосферадағы тұрақты даму – жер бетіндегі әрбір саналы азаматтың экологиялық санасына тікелей байланысты».

 Нұрай Егізбаева, 

SDU “Журналистика” мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,

“Мінбер” қорына 15 жыл!

“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы 15 жыл бойы қазақ журналистерінің біліктілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлы

Махаббат, тізгін және Отан

Нұртай Нұрсапаұлы алдыңғы күні 60-қа толған. Кіндік қаны Алтайдың сонау өрінде, Ертіс бойында тамғанымен, ес біліп,