Фото: olympic.kz
Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы аса жоғары нәтиже көрсетіп, жарысты бес алтын және үш қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды olympic.kz.
Дүбірлі халықаралық турнирде еліміздің намысын қорғаған бес бірдей боксшымыз финалда қарсыластарын қапы қалдырып, чемпион атанды. Атап айтқанда, Санжар Тәшкенбай (50 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі) және Абылайхан Жүсіпов (70 келі) өз салмақ дәрежелерінде алтыннан алқа тақты. Ал құрама қоржынына соңғы бесінші алтын жүлдені 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай салды, ол шешуші жекпе-жекте Германия өкілі Никита Путиловты анық басымдықпен жеңді.
Бұған дейін жартылай финалдық бәсекелерде есе жіберген Аида Әбікеева, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова Әлем кубогының қола жүлдегері атанған болатын.
Осылайша, отандық былғары қолғап шеберлері Қытай шаршы алаңында жоғары дайындықтары мен шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.
Парақшамызға жазылыңыз
