Қазанның 5–6-сінде Женевада БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) 93-сессиясында Қазақстан делегациясы соңғы жылдардағы заңнамалық және институционалдық өзгерістер туралы есебін паш етті.
Мемлекеттік органдар есебінде Қазақстандағы адам құқықтары, соның ішінде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің жыл өткен сайын оңтайлы шешіліп келе жатқаны сөз болды.
Мемлекеттік органдардың есебіне көңіл бөлсек, тек 2026 жылдың тоғыз айының өзінде 90 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда – 18,4%-ға артық. Олардың 25-мыңы әкімшілік жазаға тартылған.
ІІМ-нің (Ішкі істер министрлігі) Алқа жиналысында министр Ержан Сәденов қылмыстық құқық бұзушылықтың 11%-ға дейін төмендегенін мәлімдеген.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарында 4,5 мың әйел балаларымен орналастырылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша шағымданушылар саны 1,2 адамға азайған. Қылмыстық құқық бұзу фактісі 10,4%-ға, кісі өлімі 11%-ға азайды» делінген онда.
Дегенмен, бұл статистиканы жоққа шығаратын басқа да есептер жариялануда. Қазақстандағы Адам құқығы және заңнаманы сақтау жөніндегі халықаралық бюро есебі бойынша жыл сайын сотқа жеткен істердің 45%-61,5%-ы қысқарып қалады. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 73 бабы бойынша тіркелген 74,3 мың істің 37 мыңға жуығы (49,8%) қысқарған.
Барлық шағымдардың 75,5% -ы тоқтатылған немесе ескертумен шектелген. Әкімшілік жазаға тартылғандардың үлес салмағы 2023 жылғы 38,9% -мен салыстырғанда 2025 жылы 22,0%-ға азайған.
2025 сотқа шағымданған 87 680 әйелдің 94,1%-96,6%-ы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексі бойынша тіркелген, қылмыстық құрамы бойынша сотқа дейін барлығы 827 іс жеткен.
2024–2025 жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1 баптары бойынша отбасылық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға 302 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Қазақстандағы Адам құқығы және заңнаманы сақтау жөніндегі халықаралық бюро жыл сайын 400-ден астам әйелдің фемицид құрбаны болатынын айтады.
Заң зорлық-зомбылықтың азаюына негіз бола ма?..
Биыл Сәуір айында «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі туралы» Заңның қабылданғанына екі жыл толды. Бұл Заң бойынша ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері әкімшілік жазадан Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Сөйтіп енді ол қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.
Жалпы кез-келген заң жазалау мақсатында емес, қылмыстың алдын алу үшін қабылданады. Бұл тұрғыда ел ішінде «Салтанат заңы» деп аталып кеткен құжаттың қабылдануы белгілі бір деңгейде қоғам мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, қауіпті әрекеттерден саналы түрде бас тартуға жетелейтін тетік деуге негіз бар. Алайда, отбасылық-зорлық зомбылықты азайту мен болдырмау ісіне құқық қорғау орындары ғана емес, білім беру, денсаулық, әлеуметтік қорғау органдары жұмыла кіріспесе іс нәтижелі болмасы анық.
Бүгінгі мақаланы жазу барысында біз «Заңның қабылдануы нені өзгертті?» деген сауал мәселенің тек кіріспесі екенін түсіндік. Мамандардың айтуынша оның бір ғана бәріне ортақ себебі жоқ.
Заңның мәні – алдын алу тетіктерінде
«Бұл заңның қабылдануы нені өзгертті?» деген сауалымызға Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Усербаев
– Заң күшіне енгенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда, заң қабылданғаннан кейін әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында құқық қорғау органдарының әрекет ету тетіктері едәуір нақтыланып,профилактикалық жұмыстың мазмұны кеңейді.
Алайда, мұны тек құқық бұзушылықтардың көбеюі немесе азаюы ретінде бағалауға болмайды. Өйткені заң азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейтіп, құқық бұзушылық туралы хабарлау мүмкіндіктерінкеңейтті. Соның нәтижесінде бұрын отбасылық мәселе ретінде жасырын болған бірқатар жағдайлардың құқық қорғау органдарына хабарлану деңгейі артуы мүмкін, – дейді.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығының айтуынша, Түркістан облысында заң талаптарын іске асыру мәселесі тұрақты бақылауда. Осы бағытта полиция органдары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары және жергілікті атқарушы органдар өзара іс-қимылға кірісіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
- 2026 жылғы сегіз айдың қорытындысын сараласақ, Түркістан облысының полиция органдары отбасылық-тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында «Тұрмыс», «Қауіпсіз үй», «Зорлық зомбылықсыз Қазақстан!», «Сталкинг» атты іс-шаралар мен Threads әлеуметтік желісінде «Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз» деген акция өткізген.
Олардың аясында келіп түскен әрбір өтінішке оның мазмұнына қарай құқықтық баға беріліп, зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыс барысында полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық жанжалға бейім тұлғаларды ерте анықтап, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Қауіп тобына жататын отбасылар бойынша олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы зерделеніп, қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдардың, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының және психологтардың қатысуымен кешенді шаралар қабылданады.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғау нұсқамаларын шығару, ерекше талаптар белгілеу, профилактикалық есепке қою және өзге де заңда көзделген шаралар қолданылады.
Жалпы, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңның қабылдануы аталған санаттағы азаматтарды қорғаудың құқықтық және институционалдық тетіктерін күшейтуге мүмкіндік берді.
Түркістан облысында заң талаптарын іске асыру тек құқық бұзушылық жасалғаннан кейін шара қолданумен шектелмей, оны ерте кезеңде анықтау, тәуекел факторларын зерделеу, отбасылармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүзеге асырылуда.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мәселелері тұрақты бақылауда болады.
Бұл Түркістан облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қабылданған заң бойынша өз құзыретінің шегінде атқарған қызметі. Аңғарғанымыздай Қоғамдық қауіпсіздік комитеті отбысылық зорлық-зомбылықтың алдын алу барысында нұсқамалар әзірлейді, ерекше талаптар белгілеп, прфилактикалық есепке қояды.
Бөлек кету мәселені шешпейді
Ал отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер не істейді? Кімге, қай мекемеге жүгінеді?
Бұл тұрғыда біз Астана қаласында орналасқан «АНА ҮЙІ» Қоғамдық қорының «Ана үйі» ресурстық орталығына хабарласқан едік. Біздің «Көмек сұрап келуші әйелдердің әлеуметтік портреті қандай?» деген сауалымызға жауап берген ресурстық жоба жетекшісі Әсел Абишева «Зорлық-зомбылық тек тұрмысы төмен немесе жағдайы нашар отбасыларда ғана болмайды», – дейді.
Әсел ханымының айтуынша отбасында зорлық-зомбылық көріп көмекке жүгінетін әйелдердің жасы да, білімі де, тұрмыстық жағдайы да әртүрлі.
Көбіне әйел бірге тұрып жатқан серігіне немесе күйеуіне қаржылық, эмоционалдық немесе баспана мәселесі бойынша тәуелді болып қалады екен.
- Кішкентай балалары болуы мүмкін, тұрақты табысы жоқ немесе табысы аз, баратын жері жоқ. Кейде тіпті жақындары да қолдау көрсетпей, «Шыда, бәрінде де қиындық болады» деп айтуы мүмкін.
Мұндай қарым-қатынаста жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан әйелдер де бар. Оның үстіне зорлық-зомбылық әрдайым ұрып-соғудан басталмайды. Алдымен бақылау, кемсіту, қызғаныш, тыйым салу, қысым көрсету, ақшаны шектеу сияқты әрекеттер болуы мүмкін. Уақыт өте келе әйел өзіне деген сенімін жоғалта бастайды. Сөйтіп, «Менің бір нәрсені өзгертуге құқығым бар ма?» деп өзінен сұрайтын жағдайға жетеді.
«Ана үйі» ресурстық орталығы өзіне көмек сұрап келген әйелдерді әдетте дағдарыс орталықтарына бағыттайды. Себебі дағдарыс орталықтарында арнайы білімі мен тәжірибесі бар психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, әйел қажетті көмекті бірден ала алады, соның ішінде арыз жазу кезінде де қолдау көрсетіледі.
Әсел Абишова «Көбіне әйелдер бізге жағдай қатты ушыққан кезде келеді. Яғни, ұрып-соғудан, қорқытудан кейін, әйелді баласымен бірге үйден қуып жібергенде немесе өзі қалуға қорқып, үйден кетіп қалған кезде көмек сұрайды. Бірақ әйел жүкті болған немесе қасында әлі кішкентай, жаңа туған сәбиі болған жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде біз оны уақытша өзіміздің «Ана үйі» орталығына орналастыра аламыз. Әрі қарай қандай көмек қажет екенін бірге анықтап, тиісті мамандарға бағыттаймыз.
Бұл жерде өте күрделі мәселе бар. Әдетте мұндай аналар бізде ұзақ уақыт қалмайды. Әйел өз отбасында, өз үйінде үй шаруасын жүргізіп, өмір сүруге үйренген. Ал жағдайдың ең қиын кезеңі өтіп, көгерген жерлері жазылып, эмоциясы басылған кезде, ол көбіне күйеуін кешіріп, өз үйіне қайта оралады.
Сырт көзге: «Қалайша қайта бара алады?» деген сұрақ туындайды. Бірақ осындай жағдайлармен көп жыл жұмыс істегенде, мұның бәрі соншалықты оңай емес екенін түсінесің. Мұнда эмоционалдық тәуелділік те, қорқыныш та, балалар да, адамның өзгереді деген үміт те, бұрынғы қалыпты өмірінен айырылып қалу қорқынышы да бар.
Біз қанша үгіттеп, көндіруге тырыссақ та, егер әйелдің өзі іштей кетуге әлі дайын болмаса, бұл көп жағдайда нәтиже бермейді.
Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – оған қысым көрсетпеу. Оған қауіпсіз жер беру, жағдайдың барлық мүмкін жолдарын ашық түсіндіру, қажетті мамандарды тарту және жағдайға өз көзімен анық қарауына көмектесу. Ал әрі қарайғы шешімді бәрібір әйелдің өзі қабылдауы керек», – дейді.
Маманның бұл пікірі қоғамдағы отбасылық-зорлық зомбылықтың азаю үшін Заң қабылдау секілді институтционалдық шешімдер аздық ететінін, заңмен қатар адамдардың құқықтық сауаты артып, біреуге зорлық-зомбылық көрсетпеу керек деген ұғымның берік қалыптасуы қажет екенін тағы да айқындап тұр.
Демек, мәселе зорлық-зомбылық көрсетуші мен оған төзушінің құқықтық санасы мен тұлғалық қалыптысуына келіп тіреледі.
Зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет отбасында қалыптасады
Психоанализ бағытындағы психолог Зүлипа Абдрахманова «Отбасылық зорлық-зомбылықтың ортақ әрі бір ғана себебі жоқ. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Дегенмен оның түбінде көбіне билік пен бақылауға ұмтылу, эмоцияны басқара алмау, жауапкершіліктен қашу және психологиялық тұрғыдан әлсіздік жатады», – дейді.
- Кей жағдайда адам өз отбасында көрген қарым-қатынас үлгісін қайталайды. Бала кезінде зорлықты көріп өскен адам оны кейін өз отбасында қалыпты қарым-қатынас деп қабылдауы мүмкін. Оған қоса, қызғаныш, өзін-өзі бағаламау, ашуды дұрыс жеткізе алмау, қиындыққа төтеп беру қабілетінің әлсіздігі де әсер етеді.
Меніңше, адамды зорлық-зомбылық көрсетпеуге тек заң немесе жаза арқылы үйрету жеткіліксіз. Иә, кейде бұл бір ғана тоқтататын амал болуы мүмкін. Бірақ, бұл түсінік адамның ішкі дүниесінде, ең алдымен балалық шағында қалыптасуы керек.
Психоаналитикалық тұрғыдан қарасақ, бала өзіне қалай қарым-қатынас жасалғанын бойына сіңіреді. Егер балаға оның сезімі мен шекарасы құрметтелетін болса, ол да өскенде басқа адамның шекарасын, сезімін құрметтеуге дағдыланады. Ал бала зорлықты, қорқынышты, кемсітуді қалыпты қарым-қатынас ретінде көріп өссе, кейін оны бейсаналы түрде қайталауы мүмкін.
Сондықтан зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет отбасынан басталады деп ойлаймын. Балаға тек «біреуді ұруға болмайды» деп айту аз. Оған ашуды қалай білдіруді, келіспеушілікті қалай жеткізуді, басқа адамның «жоқ» деген жауабын қабылдауды үйрету қажет.
Ең маңыздысы – адамда басқа адамның да өз алдына жеке тұлға, өз сезімі мен шекарасы бар екенін қабылдау қабілеті қалыптасуы керек. Бұл заңнан бұрын адамгершіліктің, ал психологиялық тұрғыдан тұлғаның жетілуінің белгісі.
Бұл заңға сәйкес, әкімшілік жазаның қылмыстық жауапкершілікке ауысуы да зорлықтың жай ғана тәртіп бұзушылық емес, адамға психологиялық және физикалық зиян келтіретін әрекет екенін көрсетеді. Бұл зорлық көрсететін адамға да, жәбірленушіге де белгілі бір деңгейде сигнал береді.
Алайда тек жазамен мәселені шешу қиын. Адамды зорлыққа итермелейтін себептермен де жұмыс істеу керек. Оның психикасы, бала кезінен қалыптасқан қарым-қатынас үлгілері, ашуын және эмоциясын басқара алуы маңызды.
Сондықтан заң керек, бірақ онымен қатар психологиялық көмек пен алдын алу жұмыстары да қатар жүруі тиіс деп ойлаймын. Мысалы, тұрмыс құрмас бұрын, кемінде 3-6 ай психотерапиядан өту үрдісін енгізу. Бұл көп келеңсіз жағдайдың алдын алар еді.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек заң талаптарын күшейтумен шектелмейтіні анық. Заң жауапкершілік шегін белгілеп, жәбірленушіні қорғаудың нақты тетіктерін ұсынады. Полицияның профилактикалық жұмысы қауіп төндіретін жағдайды ерте анықтап, оның қайталануына жол бермеуге бағытталса, дағдарыс орталықтарының қызметі зорлық көрген адамға қауіпсіз орта мен қажетті қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал психолог айтқандай, мәселенің терең қабаты адамның бала кезінен қалыптасқан қарым-қатынас үлгісі мен өзгенің шекарасын мойындай білу мәдениетіне келіп тіреледі.
Демек, зорлық-зомбылықтың алдын алу – бір мекеменің немесе бір заңның міндеті емес. Бұл құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы, жәбірленушіге көрсетілетін әлеуметтік және психологиялық қолдау, сондай-ақ отбасындағы тәрбие мен қоғамдағы құқықтық мәдениеттің жиынтығынан қалыптасатын ұзақ процесс. Заң қорғай алады, мамандар көмек көрсете алады. Бірақ зорлықты қалыпты қарым-қатынастың бір түрі деп қабылдамай, өзгенің шекарасын құрметтеп, қиын жағдайда көмек сұрай алу әр адамның өзінен басталады.
Ендеше, әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған заңның қабылданғанына екі жыл толған тұста қоғам алдында тұрған мәселе бір ғана сұрақпен шектелмейді. Біз «Зорлық жасаған адамды жазалаудың тетіктерін күшейте алдық па?» дегеннен бұрын, «Зорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алатын, жәбірленушіге дер кезінде көмек көрсете алатын және зорлық-зомбылықты қалыпты деп қабылдамайтын орта қалыптастыра алдық па?» деген сұрақтар төңірегінде ойланғанымыз жөн. Оның жауабы заңның бабынан ғана емес, күнделікті отбасылық қарым-қатынастан, бала тәрбиесінен және қоғамның зорлыққа деген қарсылығынан көрінуі тиіс.
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА
Парақшамызға жазылыңыз

