//

 Ресей мен Украина: Прокуратура ресми мәлімдеме жасады

1253 рет қаралды
фото: adilettv.kz

Ақпан айынан бері әлеуметтік желіде Ресей федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты кімнің ойына не келсе сол жазылып жатқаны рас. Мұндайда желі қолданушылардың заң талаптарынан және этикадан аттап кеткендері де аз емес.

Осыған орай бүгін Бас Прокурордың орынбасары Б.Дембаев «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібіне сай  үндеу жариялады.

ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланған үндеуде:

«2022 жылдың ақпан айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, хабарламалар, пікірлер) белсенді жариялануда.

Бұл ретте олардың жекелегендері Қазақстан азаматтарын осы жанжалға қатысуға шақырулармен, ұлттық араздықты қоздыру, екі тараптың да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдемелермен және көрінеу жалған ақпаратпен сүйемелденеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары, соның ішінде Қазақстан азаматтарының арасынан болып жатқан оқиғаларға жария түрде түсіндірме бере отырып, оларға ел аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастыруда.

​Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясында, біздің ел қол қойған халықаралық-құқықтық құжаттарда тыйым салынған» деп жазылған.

Сонымен қатар, ведомство өкілі азаматтарды «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға ермеуге»  шақырады.

«Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып табылатынын (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат таратқан үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеміз.

Мазмұндалғанның негізінде, азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтарды жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар