29 сәуір күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты бесінші сот отырысы өтті. Бұл жолы куәгерлердің жауабынан бөлек, Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабы оқылды.
Судья Ержан Жанұзақовтың мәлімдеуінше, келесі сот отырыстары 5-6 мамыр күндері сағат 10:00-де өтеді.
Еске салайық, жәбірленуші тараптың жауаптары үшінші сот отырысында тыңдалған болатын. Ал кешегі сот отырысында алты куәгерден жауап алынды.
Сыраны төлеген куәгердің жауабы
Сот отырысында алғаш болып жауап берген куәгер – Бекнұр Асқарбек. Ол сотталушылардың ішінде Дархан мен Думанды ғана танитынын айтып, 3 қазан күні кешкі уақытта жездесінің өтінішімен Дарханға мың теңге ақша аударғанын жеткізді. Ақшаны апасы Светлананың атымен жіберген. Бұл қаражаттың не үшін қажет болғанын білмегенін айтады. Ақша түскен нөмірде “Жұмабике” есімі көрсетілген. Сот Бекнұрдың кәмелетке толмағанын ескеріп, оның бет-әлпетін жариялауға тыйым салды.
Ақша түскен шот иесі кім?
Сотқа келген келесі куәгер – Светлана Қалтаева. Ол ақша түскен шоттың иесі екенін растады. Дегенмен, сотталушылар мен жәбірленушілерді танымайтынын және сол күні қандай да бір оқиға болғанынан бейхабар екенін мәлімдеді.
Сотталушының сыныптастары куәлік етті
Куәгерлер қатарында сотталушы Дархан Әскентайдың сыныптасы Еркебұлан Тоқтарбай мен полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын жауап берді.
Еркебұлан Тоқтарбай сотта берген жауабында Дархан Әскентаймен бір ауылда өскенін, сыныптасы екенін айтты. Оқиға күні кешке олар Айдын есімді ортақ сыныптастарының үйінде кездескен.
– Кешкі сегіз шамасында Дархан келді. Біраздан соң сыртқа шығып, шамамен он минуттан кейін қайта оралды. Қолында сыра болды. Кейін Айдын екеуі ішіп отырды. Сағат он жарымда көлігімнің жөндеуін бітіріп, үйге қайтпақ болдық. Жолай Дарханды Менделеев көшесінің бойындағы дүкен маңына түсірдім. Үйі сол жақта деді. Көлікте біреумен сөйлесіп, «мың теңге жіберші» деп жатты, – деді Еркебұлан.
Ол дүкеннің жанында болған қанды оқиға туралы кейін әлеуметтік желіден білгенін айтты.
Сонымен қатар, сотталушының тағы бір сыныптасы, Талғар ауданы полиция басқармасының рота патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын оқиға болған күн туралы баяндады.
– Жедел кезекшіден Менделеев көшесінде төбелес болып жатқаны жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына бардым. Жол бойында адамдармен сөйлестім. Жерден қан көрдім. Куәгерлер бір баланың пышақталғанын, оны әкесі емханаға алып кеткенін айтты. Кейін күдікті көліктер анықталды. Біз бір жігітті байқап, ұстап алдық. Ол “Мен төбелеске қатыстым, Менделеев көшесінде болдым” деді. Бұл адам – Дархан Әскентай болып шықты, – деді Жәнібек.
Полицейдің айтуынша, ол Дарханды бірден тани алмаған. Себебі Дарханның көзі ісіп кеткен, әрі қараңғы болған. Сонымен қатар, ішімдіктің иісі сезілген.
Куәгер: «Жедел жәрдем мен полицияға хабарласуға қорықтым»
Іс бойынша жауабы тыңдалған кезекті куәгер – Талғат Әшірбаев. Ол сотталушылардың бірқатарымен колледжде бірге оқығанын айтты.
Талғаттың айтуынша, ол оқиға орын алған күні Алматыдағы «Эйфория» кафесіне барған. Сол жерде айыпталушы Равиль мен Абзалдың отырғанын көріп, олармен амандасқан. Ол Абзалды жақсы танитынын, қалғандарын сырттай білетінін айтты.
– Біз ресторан жайлы сөйлесу үшін «Эйфория» кафесіне барған едік. Кассада отыруы керек болған Еркебұлан деген жігіт жоқ орнында болмады. Кафенің төр жағында отырған Абзал мен Равильді байқап, олармен амандастым. Абзалды жеке танысам да, қалған жігіттерді тек сырттай білемін. Сыртқа шыққанымда артымнан Абзал мен Нұрқияс бастаған 7-8 адам еріп шықты. Арасында екі қыз да болды. Абзал маған «Мерс» көлігіне сыймай қалғанын айтып, «Жастар» стадионына апарып тастауымды сұрады. Мен келістім. Қалғандары Шыңғыстың «Мерсіне» мінді. «Қай жерге дейін апарайын?» деген сұрағыма Абзал «Мерс» тұрған жерге тастап кетсең болады» деп жауап берді. Ол жер Қамажай дүкенінің алды еді. Абзал дүкенге қарай жүгіріп кетті, ал мен ол жерден кетіп қалдым, – деді куәгер.
Әшірбаев дүкеннің алдынан екі қызды көргенін, айғай-шу болып жатқанын байқаған.
– Абзал солардың ортасына қарай жүгіріп кетті. Сол сәтте мылтықтың дауысын естідім. Жақында үйленейін деп жатқандықтан, шыны керек, қорқып кетіп қалдым, – деді куәгер.
10-15 минуттан кейін көлікпен қайтадан сол маңнан өткен Әшірбаев Қамажай дүкенінің алдында Шерзаттың анасының жедел жәрдем шақырып айғайлап жатқанын, екі адамның жерде жатқанын көргенін айтты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты куәгерден неге жедел жәрдем мен полицияға хабарласпағанын сұрады. Әшірбаев полицияға хабарласуға қорыққанын, бәле-жаладан сақтанғанын айтып, өзін қорғады.
Шерзаттың досы тергеу кезінде не айтты?
Сот процесінде марқұмның досы Нұрдәулет Байтұрсыновтың тергеу кезіндегі бейнежауабы көрсетілді. Ол қанды түні болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.
2024 жылдың 3 қазанында Нұрдәулет Байтұрсынов досы Ахметпен бірге бильярд клубында болған. Сол сәтте Шерзат оларға бірнеше рет қоңырау шалған.
– Шерзат біреумен ерегесіп қалғанын айтып, келуімізді сұрады. Кейін тағы хабарласып, “Нұрқанат аға келді, бәрі шешілді, енді келмей-ақ қойыңдар” деді. Біз қайта ішке кіріп едік, тағы қоңырау шалды. Содан соң такси шақырып, баруға шешім қабылдадық, – дейді куәгер.
Олар барған кезде оқиға орнында «гольф» көлігі және үш жігіт болған. Біраздан соң «акцент» көлігімен тағы үш адам келген.
– Нұрқанат аға “бәрі шешілді, Шерзат кешірім сұрайды” деді. Артынан “Мерседес кабан” көлігі келіп, одан бес жігіт пен екі әйел түсті. Солардың бірі “Кім менің бауырымды ұрды?” деп айқайлады. Ахмет “Нұрқанат ағадан сұраңыз” деп еді, әлгі жігіт Ахметті бірден ұрып жіберді. Ахмет талып қалды, – деді Нұрдәулет.
Оның айтуынша, сол сәтте Нұрқанат жүгіріп келіп, Ахметті көтеріп шығарған. Кейін Алдияр есімді жігіт оны алып кеткен.
– Сол кезде біреу “пышақпен келе жатыр” деп айқайлады. Бір қарасақ Нұрқанат аға жерде жатты. Оны 5-6 адам ұрып жатты. Біз қашып кеттік. Шамамен 350 метр жүгірдік. Бұрылысқа барып, 5-7 минут тұрған соң қайтадан оралдық. Әкесі көлікпен кетіп қалыпты, әжесін көрдік. Дүкен ашық екен, сол жерге кіргізіп, су бердік. Кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Сосын ауруханаға бардық, – деп қорытындылады куәгер.
Нұрқанат Ғайыпбаев:
«Чика “Делайте, жігіттер” дегеннен кейін жанжал басталды»
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабын оқыды. Нұрқанат бұл істе жәбірленуші ретінде танылған.
Оқиға болған күні сағат 19:00-19:30 шамасында Нұрқанат “Қамажай” дүкенінің қасында орналасқан ет сататын дүкенге ет әкелген. Сол уақытта әкесі Болат Нұрымов қоңырау шалып, үйге қауын ала келуді сұраған. Сағат 20:00 шамасында Шерзатпен бірге дүкеннің ішін ретке келтіріп, үйге қайтпақ болған. Алайда Шерзат “Нұрқанат аға, сіз үйге қайта беріңіз, мен дүкенді жинастырып, кейін барамын” деп дүкенде қалған. Осылайша Нұрқанат үйіне жалғыз қайтып, кешкі асын ішіп, ұйықтап қалады. Шамамен түнгі сағат 23:00-де жеңгесі оятып, Қаржаубай ағасының хабарласқанын айтқан. Ол Шерзаттың біреумен төбелесіп қалғанын айтып, шұғыл түрде дүкенге шақырған.
– Шерзаттың біреумен төбелесіп қалғанын айтып, шұғыл түрде дүкенге шақырған. Мен дереу оған хабарластым, – дейді Нұрқанат тергеуде берген жауабында.
Ғайыпбаев әкесінің көлігімен дүкенге келгенде, дүкеннің алдынан Шерзат пен Дарханды көреді. Айтуынша, олар ерегісіп тұрған. Дархан Шерзаттың әкесіне дөрекі сөйлеген екен, сол себепті Шерзат оған ескерту жасаған.
– Мен әкемнің көлігін алып, дүкенге келдім. Дүкеннің алдында Дархан деген бір жігіт болды. Ол Шерзатпен ерегісіп тұрды. Шерзаттың айтуы бойынша, Шерзат дүкенге телефон қуаттағыш алуға келген сәтте, Дарханның әкесі Қаржаубаймен дөрекі сөйлесіп тұрғанын естіген. Шерзат керек затын алып, дүкеннен шыққан. Артынша Дархан да дүкеннен шыққан. Шерзат оның қасына келіп “Аға, кетпейсіз бе? Әкеме неге дөрекі сөйлеп жатырсыз?” деп сұраған. Сол кезде Дархан Шерзатқа да дөрекі сөйлеп, балағат сөз айтқан, сол сәтте Шерзат оны ұрып жіберген. Кейіннен өзім Дарханға барып, “Жігітше шешейік, ертең сау күйде (мас емес кезде) шешейік” дедім, ол мас күйде болды. Сосын ол Нұрболға (күдікті) хабарласты. Нұрбол гольф көлігімен екеу болып келді. Нұрбол “Мен хуторскиймін, мені танисың ба?” деді. Мен өзімді таныстырдым. Нұрболға да “Ақша десең ақша, ертең адамша сөйлесейік, күндіз осында боламын” дедім. Нұрбол не жағдай болғанын сұрады. Мен Шерзат Дарханды ұрып жібергенін айттым, – делінген Нұрқанаттың жауабында.
Көп ұзамай Қаржаубай дүкеннен шығып, Дарханның жалған чек көрсетіп, дөрекілік танытқанын айтқан.
– Дархан Қаржаубайға жалған чек көрсетіп, дөрекі әңгіме басталған екен. Нұрбол менімен шүйлігіп ісөйлесті. Мен барынша сабыр сақтап тұрдым. Артынан Нұрбол дүкенге кіріп, сыраның ақшасын өзі төледі. Мен “ертең кел, ертең сөйлесейік” деген кезде Нұрбол “жарайды” деп қол алысып кеткен еді. Біз дүкенге кіріп кеттік. Көліктің кілтін Шерзатқа беріп, “үйге қайт” дедім. Бірер уақыттан кейін гольфпен Дархан, Нұрбол және жүргізуші жігіт қайта келіп, ерегісе бастады. Үшінші жігітке “мыналарды алып кет” дедім. Сол уақытта Қаржаубай мен Нұрбол арасында жанжал шықты. Екеуінің ортасына Шерзат түсіп, ажыратпақ болды. Қаржаубай “мынаның қолында пышақ бар” деді. Мен түсінбей қалдым, сөйтсем Нұрбол дүкеннің ішінде ағама пышақ көрсеткен екен. Артынша Нұрбол Чикаға және Нұрқиясқа хабарласты. Сол кезде төбелес болатынын түсіндім. Шерзатқа “үйге қайт” дедім, ол кетіп қалды. Мен дүкеннің алдында қалып, Нұрболмен сөйлестім. “Ушықтырмайық” деп едім, Нұрбол “Бауырым, кешірім сұрап тұрсың ғой” деп тынышталған сияқты болды. Артынан басқа көліктер келіп, жігіттер түсе бастады, арасында қыздар да болды. Нақытырақ айтқанда, Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс және тағы бір бала мен екі қыз шықты. Бәрі амандасты. Кейіннен акцент көлігінен түскен бірінші жігіт те (Чика) амандасты, түрі таныс көрінді. Ол маған қарап “Мен шалмын ғой” деді, мен оған “Әрі кетсе отызда шығарсың” дедім. Ол күліп, дүкенге кіріп бара жатып, артындағы жігіттерге “Делайте” деді, – делінген Нұрқанаттың жауабында.
Нұрқанаттың айтуынша, Чика (лақап аты) есімді жігіт “Делайте” (жасаңдар) деп бұйрық беріп, өзі дүкенге кіріп кетеді. Осыдан кейін жанжал ашық төбелеске ұласады.
– Әуелі Нұрқияс Ахмет деген баланы ұрып, бетонға құлатады. Абзал оны жағасынан ұстап тұрды. Мен Ахметті арашалап, қаш дедім. Сосын жігіттер маған жабылады. Нұрқияс мені ұрып жіберді. Мен де оны ұрып, соққы көкірегіне тиді. Қаржаубай ағам дүкеннен шыға алмай тұр екен, есікті бір қыз аяғымен тіреп, жібермей тұрған. Екінші қыз мерседес көлігінің қасында тұрды, ол жігіттерге пышақтарды таратып берді. Нұрқияс маған пышақ сермеді, – делінген марқұм Нұрқанаттың жауабында.
Осы сәтте Шерзат қайта оралып, Абзалды итеріп, Нұрқанатты қорғап қалуға тырысады.
– Осы уақытта Шерзат қайдан пайда болғанын білмеймін, ол Абзалды ұрып жіберді. Маған он шақты жігіт жүгіріп келді. Шерзат маған “Нұрқанат аға, қашайық” деді. Сол кезде жаппай төбелес басталды. Мен Шерзатқа “қаша бер” дедім. Өзім алыстауға тырыстым. 10-15 метр жерде Шерзат “маған бірдеңе сұғып алды” деп үш рет айқайлады. Қасына барсам, сол жақ арқасына пышақ сұғылғанын байқадым. Оны құшақтап, “жігіттер, тоқтаңдар, жедел жәрдем шақырыңдаршы” деп айқайладым. Сол кезде бірнеше жігіт келіп, ұра бастады. Абзал менің оң жамбасыма пышақ сұқты. Пышақты қайта суырып алып, үшінші рет сұқты. Біреуі темір сияқты нәрсемен құлағымның тұсынан ұрды. Одан кейінгісі есімде жоқ, ауруханада ояндым, – дейді Нұрқанат тергеу кезінде берген жауабында.
«Мен шалмын ғой»: Соттағы сөз желіде дауға айналды
Кешегі сот отырысында куәгер ретінде жауап берген Самат Әбдіқадыр марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың «ерегіске келдіңдер ме?» деген сұрағына «мен шалмын ғой» деп жауап бергенін айтқан еді.
Ал бүгінгі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабы оқылды. Нұрқанаттың мәлімдеуінше, «делайте» деп бұйырған Чика есімді адам да «мен шалмын ғой» деген сөзді айтқан.
Осы сәйкестікке байланысты әлеуметтік желіде “Әбдіқадыр мен Чика бір адам болуы мүмкін” деген пікірталас өршіді. Қолданушылар Самат Әбдіқадырдың “Чика” болуы мүмкін екенін айтып, бұл сәйкестікке тергеу мен соттың назар аударуын талап етуде.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты Бұл іс бойынша 9 адам айыпталушы ретінде танылған.
Парақшамызға жазылыңыз