5 мамыр күні Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Сот процесі айыпталушылардың туыстарының наразылығымен басталды. Айыпталушы Нұрқияс Ильясовтың әкесі сотқа қатысып отырған мобилографтардың бірін көрсетіп, «күдіктілерді және кәмелет жасқа толмаған куәгерді видеоға түсірді» деп шағымданды. Алайда аталған мобилограф бұл айыпты жоққа шығарып, оларды видеоға түсірмегенін, сот регламентін бұзбағанын айтты.
– Телефонымды тексерте аламын, мен күдіктілер мен кәмелет жасқа толмаған куәгерлерді түсірген жоқпын. Ондай видео жоқ. Оның үстіне, желіде тараған бейнежазба (сотталушылардың сот залынан күліп шығып бара жатқаны) телефонмен түсірілмеген. Ол үлкен камерамен түсірілген – өлшемі телефонның камерасымен сәйкес келмейді, – деді Мейірман Шекеевтің мобилографы.
Еске сала кетейік, айыпталушылардың сот залынан күліп шыққан бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, халықтың ашуына тиген еді.
Аталған шағымға байланысты, судья Ержан Жанұзақов сот отырысы ашық форматта өтіп жатқандықтан, процесс Жоғарғы Соттың YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілетінін айтып, БАҚ өкілдерінен тікелей эфир жүргізбеуін сұрады. Сондай-ақ, судья сотқа қатысушыларды, әсіресе айыпталушылар мен кәмелетке толмаған куәгерлердің бейнесін түсіруге тыйым салынғанын қайта ескертті.
Куәгерлердің жауабы
Сот отырысында куәгер ретінде Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежановтың жауабы тыңдалды. Ол өзін суретке немесе видеоға түсіруге қарсылық танытты.
Куәгердің айтуынша, ол оқиға болған күні мылтықтың дауысын естіген және бір топ адамның бір адамға жабылып, ұрып жатқанын көрген. Алайда олардың кім екенін анықтай алмаған.
– Қараңғы болатын, бет-жүздерін көрмедім, – деді Әкежанов.
Айыпталушылардың адвокаттары куәгердің тергеу кезінде берген жауабына сілтеме жасап, оқиға орнында бір адамның қолындағы затты тартып алып, сонымен ұрғанын еске салды. Сұрақ барысында адвокаттар «Бұл мылтыққа ұқсас зат па еді?» деп нақтылауға тырысты. Бірақ куәгер нақты білмейтінін, байқамағанын жеткізді.
Кезекті куәгер Данияр Жанболатұлы оқиға болған жерден қан, оқ және кілтті көргенін айтты.
Жанболатұлы сол күні марқұмның достары жиналған дүкенге барғанын айтты. Оның сөзінше, сол жерде бір жігіт басы жарылған күйде болған.
– Көршілердің бірі ештеңеге тимеңдер деді. Полиция келгенде жерде қан, оқ пен кілт жатты. Бірақ оларды кейін кімнің алғанын көрмедім, – деді ол.
Тағы бір куәгер Дарын Жанболатұлы оқиға орнында екі адамның жерде жатқанын көрген. Оның айтуынша, сол маңда жүрген туыстарының бірі оларды көлікке отырғызып алып кеткен.
– Жерде екі адам жатты. Бірін көлікке отырғызды, екіншісі қайда қалғанын байқамадым. Екі оқты бір әйел адам алып, сол көлікке мініп кетті, – деді куәгер.
Сот отырысында куәгер Наргиза Незамединовадан жауап алынды. Незамединова қызыл бас киім киген, арықтау ер адамның Шерзатты ұрып жатқанын көрген. Сондай-ақ, жанжал болып жатқан жерден әйел адамды байқаған.
– Шерзаттың анасы «Балам, балам!» деп айқайлап, денесін жауып жатты. Бірақ шабуылдаушылар тоқтаған жоқ. Мен жақындағанда Шерзат әлі тірі болды. Көлікке салғанда дем алып жатты, – деді куәгер.
Незамединова оқиға кезінде «мылтықты ат» деп айқайлаған адамды көргенін, алайда мылтықтың нақты дауысын естімегенін және қарудың түрін де анық байқамағанын мәлімдеді.
Қысым көрген айыпталушы
Сот барысында айыпталушы Әскентай Дарханның адвокаты Ержанов сотқа өтінішхат жолдап, қорғауындағы азамат тергеу кезінде қысым көргенін айтты.
Адвокаттың сөзінше, оқиға кезінде Шерзат Полат Әскентайдың бет тұсына соққы жасаған. Соның салдарынан оның көзінің астындағы сүйегі сынып, көзі іріңдеген. Алайда Талғар аудандық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілмеген, сол себепті Әскентай 28 күн бойы емсіз отырған.
– Әскентай Дарханның жағдайына қарамастан, тергеу амалдары заңсыз әрі қысыммен жүргізілді. Ол толыққанды жауап бере алмаған. Тек Қонаев қаласының уақытша ұстау изоляторына ауыстырылғаннан кейін ғана медициналық көмек көрсетілді. Осыған байланысты Қонаев қаласының ауруханасына жеткізуді ұйымдастырған изолятор басшысын сотқа шақырып, куә ретінде жауап алуды сұраймын, – деді адвокат Ержанов.
Судья бұл өтінішхат бойынша нақты шешім шығармай, оны ашық қалдырды.
«Делайте» деп бұйырған кім?
Сот процесінде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер Санат Әбдіқадыр арасындағы беттестіру кезіндегі бейнежазба көрсетілді. Бейнежазбадағы Нұрымовтың жауабына сәйкес, оқиға алдында Әбдіқадыр жігіттерге «делайте» деп бұйрық берген.
Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, төбелеске дейін Accent және Mercedes көлігі дүкен алдына келіп тоқтаған. Сол көліктерден шыққан Санат Әбдіқадыр төбелеске қатысқан бірнеше адаммен амандасқан. Сондай-ақ, Әбдіқадыр марқұм Ғайыпбаевпен сөйлесіп тұрып, «мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер төбелеседі» деген сөз айтқан. Содан соң Әбдіқадыр сондағы жігіттерге «делайте» деп, өзі дүкенге кіріп кеткен.
Санат Әбдіқадыр бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ол оқиға орнындағы адамдардың ешбірін танымайтынын, Mercedes көлігімен келген жігіттермен амандаспағанын айтты. Ал «Делайте» деген сөзді мүлдем айтпадым дейді ол. Оның сөзінше, оқиға күні ол бауырларымен моншадан шығып, дүкенге келген. Дүкеннен шыққан соң бірден көлікке отырып, кетіп қалған.
– Біз көлікке отырып кетіп қалдық. “Делайте” деген сөзді мүлдем айтқан жоқпын. Ондағы жігіттерді танымаймын. Кабанмен (Mercedes) келгендерді де танымаймын, – деді Әбдіқадыр.
Айта кетейік, келесі сот отырысы ертең, яғни 6 мамыр сағат 10:00-де өтеді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты Бұл іс бойынша 9 адам айыпталушы ретінде танылған.
Парақшамызға жазылыңыз