Осы айдың 15-16 күндері Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында көрнекті қазақ жазушысы, публицист және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың туғанына 95 жыл толуына орай өткізілген «Әлемге әйгілі Әнуар» атты ғылыми-танымдық конференциямен басталған мерей тойға Қазақстан Жазушылар Одағының ұйғарымымен Кәкен Камзин, Нұрдәулет Ақыш, Ұлықбек Есдәулет, Жұмаш Кенебай, Байбота Қошым-Ноғай, Заманбек Абдешев, Армиябек Сағындық, Сламхат Сейітхамза, Жәди Шәкенұлы қатарлы т.б. жолдастармен бірге қатысып, Жетісу халқы айтулы, ардақты азаматтың бұл мерейлі мерекесіне аса ыждағаттылықпен дайындалып, іс-шараны жоғары дейгейде өзкізгеніне куә болдық.
Ғылыми-танымдық конференция Әнуар Әлімжановтың ескерткішіне күл шоқтарын қоюмен басталды. Конференцияны Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев ашып, Әнуар Әлімжановтың ел үшін, ұлт үшін атқарған еңбектеріне тоқталып, Ел президенті Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, таныстырды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйлеп, алға қойған пікір-ұсыныстары, ғалым-профессорлар Кәкен Камзин, Нұрдәулет Ақыштардың жасаған көлемді баяндамалары көпшіліктің көңілінен шықты.
Конференциядан соң Әнуар Әлімжановтың 95 жыл толуына орай мол дастархан жайылып, құран оқылып, Ас берілді. Осы Аста мен Әнуар Әлімжановқа арнаған «Пәруар» атты өлеңімді оқыдым.
Бурылалтай
Бақытбек Бәмішұлы
Пәруар
Азайғанда сегіз қырлы, сырлы лек.
Болсын ұлым, жарқын жүзді нұрлы деп.
Әнуар деп қойса керек ырымдап,
Әкесі атын Әлімжанов Тұрлыбек.
Ата тілек қабыл болып Әнуар.
Сөзге айналды көне сарын әні бар.
Қандай ыстық жерге деген махаббат,
Адам болды бағдар шамдай Пәруар.
Ақжан десек қосылады Әнуар,
Күн түбінен кісінейді жануар.
Қалғып кеткен қанды оятар бойдағы,
Әр сөзінің Рух сынды жаны бар.
Қас тұлпарлар табанынан танылар.
Қанында оның тулап тұрды Ару Ар.
«Азияға айқара ашқан есікті».
Ол кім? десең, Әлімжанов Әнуар.
Нар қаламы жебесінің ұшындай,
Махамбеттің көл қорыған құсындай.
«Көгілдір таулар», «Алаулы найза»,
Япырмай,
тар заманда «Жаушы» деді қысылмай!
Жараланған жанға дауа, дәру, ем.
Болу үшін күдір жолда келіп ең.
Ол батырлық «Оралуы Ұстаздың».
Оның Өзі «Күнге ұмтылған керуен».
Көз алдыма Рудаки бағында,
Жүрген сынды әлде Рух-сағым ба?
Ақындардың бабасының ол рас,
Әлімжанов отыр алтын тағында.
15.05.2025 жыл. Алматы
Парақшамызға жазылыңыз