///

Германияның Бас консулы Маттиас Кислер: Қазақстанның геосаяси маңызы барған сайын арта түсуде

112 рет қаралды

Алматыдағы Германияның Бас консулы Маттиас Кислердің бұл лауазымға араласқанына енді бір айдан кейін бір жыл толады. Бас консулдың Алматыдағы қызметі бүкіл әлемдегі алмағайып кезеңде басталды. Әлем көптеген аласапыран сәттерді басынан кешіруде. Маттиас Кислер мырзамен сұхбатымыз, әлемдегі соғыс ошақтары мен геосаяси ахуалға және Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынасқа арналады. 

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ЕО-НЫ БҰРЫНҒЫДАН ДА ЖАҚЫНЫРАҚ ЖҰМЫЛДЫРА ТҮСТІ

– Құрметті консул мырза, “Мінбер” ақпарат агенттігінің ұсынысын қабыл алып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Әлем қазір көптеген белгісіздіктердің алдында тұр. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі әскери қақтығыстар қазір айналамызда болып жатыр. Еуропаның қақ төрінде тұтанған соғыс өртінің қашан толастайтыны белгісіз. Сіздің ойыңызша, осындай қиын кезеңде Германияның басты ұстанған бағыты не болады? 

– Шын мәнінде, Германия халықаралық құқық нормаларын бұзған Ресейдің Украинаға қарсы соғысына байланысты күрделі сын-талаптарға тап болып отыр. Бұрынғы канцлер Шольц 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін бірнеше күннің ішінде-ақ жаңа шақтың туғанын тілге тиек еткен еді. Қазір ең алдымен Украинаның еркіндік, бейбітшілік және қауіпсіздік жағдайындағы болашағы маңызды, сөз сондай-ақ Германия мен Еуропалық Одақтың басқа да елдерінің болашағы жөнінде. Ресейдің жүргізіп отырған саясатына қатысты Германия үкіметі еліміздің қорғаныс қабілетін және сонымен қатар мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тежеу шараларына деген сенімді жоғары деңгейде нығайтуға бел буып отыр. Бұл мақсатқа шамамен 500 миллиард еуро бөлінді.

– Трамптың 2025 жылы билік басына қайта келуі әлемдегі саяси курсты түбегейлі өзгертті. Трамп сарабдал саясатпен емес, бизнес тұрғысынан шешім қабылдайды. Кейбір саясаттанушылар әлемнің болашағы Трамптың эмоциясына тәуелді дейді, бұған не дейсіз? 

– Президент Трамптың эмоциялары туралы пікір айту менің құзырыма жатпайды. Канцлер Мерцтің бірнеше күн бұрын Вашингтонға жасаған іссапары өте жақсы өтті. Әйтсе де бізді қатты алаңдататыны – АҚШ-тың кеден саясаты. Белгілі ережелерге негізделген екі жақты тауар мен қызметтер айналымынан, сондай-ақ ашық нарықтан барлық елдер ұтады. Ал егер кеден тарифтері көтерілсе, бұл барлық елдерге, сонымен қатар түбінде АҚШ пен оның тұтынушыларына да зиянын тигізеді. Еуроодақ пен АҚШ арасында өзара келісімге негізделген оңтайлы шешім табылғаны жөн болар еді, әйтпесе ЕО лайықты әрі тиімді түрде жауап беретін болады.

 – Америка бұған дейін кепіл болып келген Еуропаның қауіпсіздігі шатырына қазір қауіп төніп тұр. Еуроодақ қорғаныс шараларын күшейте бастады. Еуропа қаншалықты деңгейде АҚШ амбициясына қарсы тұра алады? 

– Іс жүзінде Еуропа, яғни НАТО-ның еуропалық әріптестері өз қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік алатын болады. Себебін жоғарыда түсіндіріп өттім. Иә, ЕО елдері қорғаныс мақсатындағы техникаға қол жеткізу үшін тығыз бірлесіп жұмыс істейтін болады, бұл сонымен қатар қаржы үнемдеуге де сеп болмақ. Біз үшін АҚШ-пен трансатлантикалық серіктестік аса маңызды сипатта қала береді.

 Украина мәселесінде Еуроодақ қаншалықты бір мақсатқа жұмыла алады? 

– Меніңше, Украинадағы соғыс ЕО-ны бұрынғыдан да жақынырақ жұмылдыра түсті. Бұл әсіресе, канцлер Мерцтің лауазымына тағайындала сала Францияның Президенті мен Польшаның Премьер-министрімен және Ұлыбритания Премьер-министрімен бірге Киевке барған іссапарында айқын көрініс тапты. Дегенмен, кейбір кішірек мүше мемлекеттердің барлық мәселелерді бірауыздан құптап отырмағаны рас.

– Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресі жаңа сипат алды. АҚШ-тың Қытайға қарсы санкциялары және “де-рискинг” саясаты Германия мен Орталық Азия (соның ішінде Қазақстан) экономикасына қандай салдарлар келтіруі мүмкін?

– Бұл жерде де соны айтуға болады: экономикалық тұрғыдан алғанда әлемнің ең қуатты
екі елі арасындағы сауда қақтығысы басқа барлық елдерге де кері әсерін тигізуі бек
мүмкін. Менің ойымша, бұл жағдай одан ары ушыға түсе ме, әлде келісімге келу
арқылы шешіле ме деген сұраққа қазір болжам жасау тым ерте. Ақыр соңында «миға
қонымды адам ақылы» жүзеге асады дегенге сенгеніміз оң.


– Трамптың тариф саясаты кім үшін қауіпті? АҚШ-тың өзі үшін бе, жоқ сауда тарифі еселенген елдер үшін бе? Германия тариф саясатынан қаншалықты зардап шекті?

– Жоғарыда айтқанымдай, Трамптың кеден саласына қатысты саясаты барлық елдер үшін үлкен талаптар тудырады. Ондай саясаттың экспортқа қатты бағдарланған Германияға тигізер әсерінің зор болары сөзсіз. Бірақ сапасы жоғары деңгейдегі – бұған еш шүбә келтірмеймін – неміс өнімдері шетелде бұдан былай да үлкен сұранысқа ие бола бермек, тек АҚШ-тағы тұтынушыларға олар үшін енді көбірек төлеуге тура келеді.

– Жақында әл-Жазира компаниясына сұхбат берген Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ объективтілігіне күмән келтірді. Әрі соңғы 15 жылда саммит өткізбеген ЕҚЫҰ модернизациялау туралы ой айтты. Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?

– ЕҚЫҰ барлық мүше елдері 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған Қорытынды акт бойынша әрекет етсе деген тілегіміз бар. Себебі бұл ұйымның негізінде консенсус қағидасы жатыр, сондықтан әр мемлекет өз жауапкершілігін орындауға тиіс.

– Әлем көз тігіп отырған тағы бір текетірес –  Таяу Шығыс. Израйльдің Газа секторындағы басқыншылығын АҚШ қолдайды. Осы соғыстың жалғасы секілді жақында Иран мен Израиль арасында тағы бір өрт тұтанды. Бұл мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз?

– Бұл өте күрделі жағдай. Иранның соңғы жылдардағы әрекеті шынымен де қорғануды талап етеді. Әсіресе, ядролық бағдарламасына қатысты солай айтуға болады. Мен Израйльдің болашақта Иран тарапынан болатын қауіптің алдын алуға қатысты қазіргі әрекеттерін жақсы түсінемін. АҚШ Иранның ядролық қару жасайтын біраз жерлерін жойғаннан кейін, әрекеттің келесі сатысы басталды. Қазір бұған қатысты қандай да бір болжам немесе түйін айтуға әлі ерте шығар. Оқиға динамикалық тұрғыда өрбіп отыр, әрі біз арықарай не болатынын білмейміз.

– Бірақ, бұл жерде де зардап шегетін бейбіт тұрғындар ғой. Жақында Иранның денсаулық сақтау министрі Иранда қайтыс болған бейбіт тұрғындардың тізімін жариялады. Сол секілді Газа секторында да бейбіт тұрғындар көптеп қаза табуда. Батыс елдері Таяу Шығыс мәселесінде Израйльді үнемі жақтайды. Алайда бұл ретте Израильдің жауапкершілігі қалай болмақ?

–  Бұл реттегі Германияның негізгі позициясы, Иран тарапынан төніп тұрған қауіпке орай, Израйль өзін өзі қорғауға толықтай құқылы. Дегенмен, бұл қорғаныс шаралары халықаралық заң нормалары аясында жүзеге асырылуы керек. Менде бейбіт тұрғындардың қалай зардап шеккендігі немесе неге бейбіт тұрғындардың нысаны атқыланып жатқаны туралы ақпарат жоқ. Әсіресе, Иранға қатысты білмедім.

– Не үшін Израйль өзін-өзі қорғауы керек деген позиция бар?

– Өйткені Иран Хезболланы баяғыдан қолдап келеді. Қазір де қолдап отыр, болашақта да қолдамақ. Сондықтан да бұл Израиль үшін аса қауіпті.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҢЫЗЫ БІЗ ҮШІН БАРҒАН САЙЫН АРТА ТҮСУДЕ

 – Батыс елдері Қазақстанды кей жағдайда Ресейдің Батыс санкциясын айналып өтуіне көмектеседі деп айыптайды. Украинадағы соғыс және халықаралық қауіпсіздік Германия-Қазақстан қатынасына әсер етеді деп ойлайсыз ба? 

– Соңғы жылдарда, әсіресе, 2022 жылдан бері Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымызда жаңа серпін пайда болды. Түрлі шикізаттарға бай және Шығыс Азия мен Еуропаны байланыстыратын көпір болып табылатын Қазақстанның маңыздылығы біз үшін барған сайын арта түсуде. Енді 2024 жылдың қыркүйегінде келісілген көптеген жобаларды жүзеге асыру қажет. Мен Германия мен ЕО Қазақстанның ақылға қонымды көпвекторлы саясаты негізінде ол үшін маңызды әрі сенімді серіктес екендігіне сенімдімін.

–  Германия Қазақстанның геосаяси маңызын қалай бағалайды? Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың болашағы қандай? СА5 ынтымақтастығының қандай да бір перспективасы бар ма?

– Украинадағы соғыс Қазақстанның да сыртқы саясатына елеулі әсер етті деген ойдамын. Мәселен, Германия үшін шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру маңызды іс. Бұл тұрғыда Қазақстан Бранденбургтегі Шведт қаласына мұнай немесе басқа да шикізаттар жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Біз сонымен қатар Орталық Азиямен тұтас аймақ ретінде де серіктес болғымыз келеді және бұл орайда CA5+1 форматында өңірлік стратегиялық ынтымақтастық жоспарлап отырмыз. Бұл форматты су, қоршаған орта және климат мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығын нығайту үшін де қолдануға болады деген ойдамын. Германия қолдау көрсетіп отырған «Green Central Asia» өңірлік жобасын бұл бағыттағы сәтті мысал ретінде атауға болады.

– Екі ел арасындағы сауда көлемі қандай даму тенденциясын көрсетіп отыр? Инвестициялардың негізгі салалары қандай?

– Соңғы жылдарда екі жақты сауда айналымы қарқынды дамыды. Алайда Қазақстаннан келетін импорт – оның 90 пайызға таяуы мұнай болып табылады – Германия экспортымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Біз, әсіресе, машиналар, көліктер және химиялық өнімдер жеткізу жағынан жақсы нәтиже көрсетудеміз. Алматыда өте жоғары деңгейде ұйымдастырылатын көрмелерге қатысатын неміс компанияларынан олардың Қазақстандағы сатылым нарығына жалпы разы екендерін жиі естимін.

– Қазақстан мен Германия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары қандай?

– Бұл өте ауқымды сұрақ, мен қысқаша жауап беруге тырысайын. Екі жақты экономикалық қарым-қатынасты одан әрі кеңейте түсуге Германия да, Қазақстан да мүдделі. Неміс өнімдеріне сұраныс артуда. Жалпы алғанда, неміс өнеркәсібі Қазақстанда инвестиция салу ісінде онша белсенділік танытпайды. Неміс компанияларынан ол үшін белгілі бір шарттар мен жағдайлардың жақсартылуының қажет екендігі туралы жиі естиміз. Қазақстанның шикізат байлығы, соның ішінде жасыл сутегі өндіру мәселесі біз үшін ерекше маңызды.

Ғылыми ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Қазақстанның 44 және Германияның 57 жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнағаны бізді қатты қуантады. Қазақстандағы, бәлкім тіпті бүкіл Орталық Азиядағы ғылыми орталық болып саналатын Алматыдағы Германияның Бас консулы ретінде мен неміс және қазақ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың одан ары нығая түсуіне ат салысқым келеді. Сондай-ақ Қазақстанда неміс тілін дамыту ісіне де ерекше көңіл бөлемін. Қазақстан мекемелерімен бірлесе отырып, мектептер мен жоғары оқу орындарында неміс тілін бұрынғыдан көбірек оқытуға мүмкіндік жасалса, бұл барлық тараптар үшін де пайдалы болар еді. Ашық айтсам, көрші Өзбекстан елінде бұл бағыттағы жағдай әлдеқайда жақсы.

– Алматыдағы Бас консулдық қандай негізгі қызметтерді атқарады? Виза саясатында өзгерістер бар ма? 

– Виза беру – іс жүзінде біздің басты міндеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – визаларды мүмкіндігінше жылдам әрі тиімді рәсімдеу. Бұл мәселеде көштің алдында екенімізді аздаған мақтанышпен айта аламын. Бізде қабылдауды күту және өтінімдерді рәсімдеу уақыты өте қысқа. Сондай-ақ көп жылдық визалар саны да жоғары. Бұл орайда біз үшін өтінімдердің толық әрі сапар бағытталған ел мен сапар мақсатына сай шынайы толтырылуы аса маңызды. Мәселен, өтінімде Германияға бағытталған туристік сапарды атап көрсетіп, кейін берілген визамен басқа елге аттануға жол берілмейді. Өкінішке қарай көптеген адамдардың басқа елге барғысы келсе де, өтінімдерін бізге тапсыратынын білеміз. Болашақта белгілі бір талаптарға сай келетін кәсіпорындар үшін виза рәсімдеу үдерісін жеңілдеткіміз келеді. Сонымен қатар 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап бүкіл әлемде мынадай жаңалық күшіне енгелі отыр: өтінім қабылданбаған жағдайда ресми шағым беру мүмкіндігі болмайды. Бұл жағдайда өтінімді алғаш берген кезде-ақ құжаттарды толық тапсырып, сапар мақсатын шынайы көрсету бұрынғыдан да маңызды сипатқа ие болмақ. Біз www.kasachstan.diplo.de сайтындағы ақпараттарды қолдануды сұраймыз.

– Қазақстандық студенттерге Германияда оқуға арналған стипендиялар мен бағдарламалар туралы айта аласыз ба? 

– Неміс академиялық алмасу қызметі (DAAD) – әлемдегі ең ірі шәкіртақы ұсынушы ұйым. Білім алу немесе ғылыми зерттеу үшін шәкіртақы алу мүмкіндіктері мол. Ең оңай жол – www.daad.de ресми сайтына кіріп, DAAD және өзге де неміс ұйымдарының стипендиялар дерекқорымен танысу.

– Сіздің Алматыдағы тәжірибеңіз қандай? Қаланың мәдениеті мен экономикасы сізге қалай әсер етті? 

– Алматы – өте жасыл қала, маған ерекше ұнайды. Көптеген мейрамханалар мен кофеханалар, көптеген қызықты адамдар, сондай-ақ таяқ тастам жерде орналасқан таулар – бұл жылдың кез келген мезгілінде демалыс үшін керемет мүмкіндік. Өкінішке қарай, қазір Ой-Қарағайда алған шаңғы жарақатымнан толық сауыға қойғам жоқ. Әйтпесе, көбірек жаяу серуендер едім.

– Қазақстандықтар мен немістердің өзара әрекеттесуінде ерекшеленетін қызықты айырмашылықтарды байқадыңыз ба? 

– Иә, меніңше, біз, немістер, осындағы адамдардың қонақжайлылығынан көп нәрсе үйрене аламыз. Отбасыммен бірге қазақстандықтардың үйіне қонаққа барғанда, дастарханда жайылған ас-тағамдардың молдығынан үстел майысып кетердей болып тұрады. Жол қозғалысында да адамдардың бір-біріне деген ерекше әдептілігін байқауға болады. Ең әсерлісі – жаяу жүргіншілер жолағында адам күтіп тұрса, көліктердің бірден тоқтап, жол беретіндігі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімені жүргізген Есенгүл Кәпқызы

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар