Фото: ЖИ
Астана билігі халықтың пікірін бақылайтын жүйеге 16 миллион теңге бөлді.
Астана қаласының Коммуникациялар қызметі М.С. Құдайбергенов есімді кәсіпкермен 16 миллион теңгеге жуық сомаға келісімшартқа отырған. Бұл қаражат әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарын жаппай бақылауға жұмсалмақ. Құжатқа сәйкес, кәсіпкер 55 мыңнан астам ақпарат көзіне – ірі медиаресурстардан бастап, әлеуметтік желілердегі пікірлерге дейін – мониториң жүргізуге міндеттеледі.
Бақылауға алынатын желілердің қатарында Facebook, Instagram, Twitter, «ВКонтакте», «Одноклассники», YouTube, Telegram сияқты танымал платформалармен қатар, сирек қолданылатын MyCircle және GooglePlus сынды сайттар да бар. Сонымен қатар:
- интернеттегі қазақстандық және шетелдік жаңалық агенттіктерінің материалдары;
- компаниялар мен елге белгілі тұлғалардың сайттары;
- блогтар, форумдар, шағым мен пікір қалдыруға арналған ресурстар;
- дәстүрлі басылымдардың RSS арқылы қолжетімді архивтері де қамтылған.
Құжатта жазылғандай, бұл мониториң жүйесі дереккөз түріне, географиялық аймаққа, автордың жынысы мен жасына және өзге де параметрлерге қарай сүзгілеу мүмкіндігімен нақты уақыт режімінде жұмыс істеуге тиіс. Барлық ақпарат жиналып, мұрағатталады, оған аудитория саны, лүпіл, пікір, бөлісу сынды метадеректер қосылып, автоматты түрде талданады.
Жүйенің ерекше міндеттерінің бірі – жарияланымдардың эмоциялық реңкін анықтау. Осы ретте жазбалар екі санатқа бөлінеді: «агрессия» және «күшті агрессия». Яғни әлеуметтік желілердегі посттар мен пікірлер тек бақылауға ғана емес, олардың билікке қатысты сыни реңкіне қарай сарапталады. «Мұндай тәсіл медиа кеңістіктегі жалпы ахуалды бақылауға ғана емес, ең агрессивті риторика қайдан шығып жатқанын – нақты авторларды, парақшаларды, пабликтерді, платформаларды анықтауға мүмкіндік береді», – делінген құжатта.
Осының барлығы Астанадағы «жүйелі қоғамдық дискурсты қадағалау» тетігіне айналып отыр. Бақылау мақсаты – тек ақпарат беру емес, сын айтқан адамдар мен платформаларды қадағалау. Айшықтап айта өтерлігі, бұл қызметке төленетін қаржы елдің мемлекеттік бюджетінен, яғни қарапайым қазақстандық салық төлеушілердің қалтасынан шығып отыр.
Бегім Көктүрік
Парақшамызға жазылыңыз