//

Көзқарас: Санжар Керімбай Роза Бағланованың саяси сауатына неге күмән келтірді?

135 рет қаралды
Медимаман, журналист-редактор Жәнібек Нұрыш-Смағұл баспагер Санжар Керімбай мен автор Әділбек Нәбидің «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында Роза Бағланованы құнсыздандыратын мәтін бар екеніне назар аударып, бұл туралы Facebook-парақшасында жазды. Пост мәтінін ықшамдап жариялап отырмыз.
 «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы тәп-тәуір танылып, оқырманын тапты. Жұрт оқып жатқан да сыңайлы.
Ал сол кітапта Роза Бағланова туралы, меніңше, дұрыс емес, тіпті болмауы керек бір мәтін бар.
Пост тым ұзақ, ТОҚЕТЕРІ: кітаптағы сол тұс қайта қаралып, автор «Роза Бағланованың саяси сауаты жоқ» деген сөйлемді алып тастауы керек деп санаймын. Кешірім сұраса да артық етпейді.
Сонымен оқырманға түсінікті болуы үшін басынан бастайын.
2024 жылы бір контенттің препродакшны кезінде «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабынан Роза Бағланованың мәлімдемесі туралы мәтінді көріп қалдым.
Әңгіме Роза Бағланованың Арал туралы әйгілі видеосы жайында болып отыр. Видеоға сілтеме төменде.
(Роза Бағланованың мінберде сөйлеген сөзі видеоның 09:17 минутынан басталады)

Видеода Роза Бағланова Арал теңізінің қасіреті, Семей полигоны, Байқоңыр, қазақ даласындағы экологиялық апаттың халықтың өміріне қалай әсер етіп жатқанын айтып, мінберден сөйлейді.
Ұзақтығы 2 минуттай ғана видео. Бірақ өте әсерлі, бей-жай қалдырмайтын, тебірентетін, адуынды сөз. Роза апамыздың өз дауысымен тіпті қатты өтеді.
Санжар Керімбай «сол заманның бір куәгері бізге мынадай деп ақпар берді» деп мына сөзді келтірген:
«Байқасаңыз, Роза апамыз сол жиында Кремльге жақпас саяси мәні қою, қазақтың қасіреті жайында тебірене сөйлейді. Арал теңізі мен Семей полигонының зардабын айтады. Аудитория мұңға батып, қауіпті тақырыпты үнсіз тыңдап отыр. Өмірін өнер сахнасында өткізген әншінің мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ. Негізі бұл мәтіннің авторы – Өзбекәлі. Ол қазақтың қасіретті тарихын тіке айта алмағасын осындай айналма жолдарды жиі пайдаланатын. Бұл видеоны YouTube-тан көре аласыз».
Даулы тұжырым. Сөйте тұра мұндай мәлімдемеге автор тарапынан қосымша дәлел, тексеру не ескерту жоқ.
Мен осы сөйлемдерді алғаш оқығанда шошыдым.
Әсіресе:
«Өмірін өнер сахнасында өткізген әншінің мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ»
деген сөйлемнен шошыдым және ашуым келді.
Неге жоқ?
Роза Бағланова мұндай сөзді өзі айта алмай ма?
Бар өмірін сахнада өткізгені адамның азаматтық позициясын автоматты түрде жоққа шығара ма?
Кітапта мұны айтты делінетін куәгер кім өзі?
Өзбекәлі Жәнібек осы сөздерді Розаға жазып бергенін өз көзімен көрген бе?
Әлде біреуден естіген бе?
Оны да білмейміз.
Растайтын не терістейтін Роза Бағланова да, Өзбекәлі Жәнібек те арамызда жоқ. Екеуінен де барып сұрай алмаймыз.
Аты-жөні көрсетілмеген куәгердің сөзі арқылы кітапта оқырманға өте үлкен, бірақ дәлелі өте әлсіз екі тұжырым ұсынған:
1. Роза Бағланованың мұндай тақырыпқа саяси сауаты жетпейді;
2. Оның айтқан сөзінің шын авторы Өзбекәлі Жәнібек.
Меніңше, мұндай тұжырым жасауға әлдеқайда мықты дерек пен дәлел керек.
Роза Бағланованың қаншалықты саяси сауатты болғанын өлшей алмаймын.
Оның «мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ» деп кесіп айтуға қандай дерек негіз болғанын сол күйі түсінбедім. Қисынға салсам, саяси сауаты жоқ адам Роза Бағлановадай тұлғаға айналуы неғайбіл еді.
Осы тұста публицист-журналист Айгүл Аханбайқызының 2021 жылы наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлттың үні. Әнші Бағланованың батырлығы туралы» мақаласы өте маңызды дереккөз болады.
Осы мақаланы қазақы фактчектің әдемі бір үлгісі дер едім.
Марқұм Айгүл апайымыз сол видеоның қайдан шыққанын арнайы зерттеген екен.
Видеоүзінді кинорежиссер Сағатбек Махмұттың «Арал туралы реквием» деректі фильмінен алынғанын анықтап, режиссердің өзін тауып сөйлескен.
Яғни бірінші дереккөзге шыққан. Мықты.
Мұнда екі түрлі дерекпен жұмыс істеу тәсілі анық көрінеді.
Санжар Керімбайдың кітабында аты-жөні айтылмаған куәгердің естелігі қосымша дәлелсіз берілген.
Ал журналист Айгүл Аханбайқызы видеоны түсірген адамды іздеп тауып, оқиғаның қайда, қашан болғанын бірінші дереккөзден тексереді.
Бұл маңызды.
Өйткені видеоның қай жерде түсірілгені туралы түрлі мәлімет тарап кеткен.
Qazaqconcert сайты мен тағы бірнеше жарияланым Роза Бағланова бұл сөзді 1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында айтты деп көрсетеді.
Jibek Joly архивтік бағдарламасында «1988 жыл, Алматыдағы ОК пленумы» деп берілген.
Ал видеоны түсірген Сағатбек Махмұттың Айгүл Аханбайқызына айтқан дерегі басқа.
Бұл сөз Мәскеудегі Фадеев атындағы Әдебиетшілер үйінде шетелдік ақындар мен журналистердің қатысуымен өткен халықаралық жиында айтылған екен.
Сол жиында Роза Бағланова суырылып шығып сөйлеген.
Айгүл Аханбайқызы видеоны талдай келіп, Роза Бағланованың алдында жайылған қағаз көрінбейтініне назар аударады. Оның сөзін «жүрегінен суырып алып» айтып тұрғандай сипаттайды.
Роза Бағланованың мінберден орыс тілінде айтқан сөзін қазақшаға аударып, мақалада береді.
«Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді»
(«На казахской территории что есть: в Семипалатинске – полигон, в Байконуре – космодром, в Арале – яд. Как жить казахам? Если это было бы заграницей, в Америке, то, как бы кричали, что вот – целую нацию убивают…»)
дейді Роза Бағланова.
Неткен қуатты сөз.
Автор мақаласында Роза Бағланованың сөзінің тағы бір маңызды тұсын келтіреді:
«Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туылып жатыр, басында шашы жоқ, аяғы, қолы жоқ балалар туылып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?»
(«Я в тех местах была, мне было очень тяжело. Дети рождаются, и у них нет глаз, нет нёба, нет на голове волос, нет руки, нет ноги. Что это значит? У кого надо спросить? Кому надо говорить? До какой инстанции нужно дойти, чтобы услышали боль, горе, трагедию целой нации?»)
Осы жердегі бір сөйлем көп нәрсені айтып тұр:
«Мен ол жерлерде болдым» («Я в тех местах была»).
Роза Бағланова Арал қасіретін сырттай ғана естімеген.
Ол өзі де Аралдың қызы. Қазалының тумасы. Аралдан тамыр тартқан адам.
Және сол жерлерге барғанын өзі айтып отыр.
Сонда Роза Бағланова осының бәрін түсініп, азаматтық позициясын өзі білдіруге қабілеті жетпейді деп айту не керек?
Бәлкім, Өзбекәлі Жәнібектің Роза Бағланова айтқан сөзге қатысы бар болар.
Бәлкім, Роза Бағлановамен алдын ала сөйлескен шығар.
Бәлкім, қандай да бір дерек берген шығар.
Бәлкім, мәтінге араласқан шығар.
Мен мұның ешқайсысын жоққа шығара алмаймын. Өйткені анығын білмеймін. Бірақ сондай дерек болса, кітап авторы оны көрсетуі шарт.
Растайтын құжат бар ма?
Сенімді куәлік бар ма?
Өзбекәлі Жәнібектің өзі бір жерде бұл туралы айтқан ба?
Роза Бағланованың естелігінде бар ма?
Оқиғаға қатысқан тағы бір адамның сөзі бар ма?
Осындай деректер табылса, «мәтіннің авторы – Өзбекәлі» деген тұжырымды талқылауға болады.
Бірақ оны дәлелдеу үшін Роза Бағланованың саяси сауатын жоққа шығаруға мүлде болмайды.
МҮЛДЕ.
Өзбекәлі Жәнібектің тұлғасын биіктету үшін Роза Бағланованы кішірейтудің қажеті қанша?
Еш қажеті жоқ.
Өйткені «ол әнші ғана, мұндай саяси мәні бар мәлімдеме жасауға оның ақылы жетпейді» дегенге саятын логика Роза Бағланованың субъект ретіндегі рөлін жоққа шығарып отыр.
Оның батылдығын да, азаматтық позициясын да, көргенін айтып тұрған адам ретіндегі құқығын да жоққа шығарып отыр.
Жалпы тарихта әйелдің батылдығын, азаматтық позициясын не интеллектуал субъект болмысын түсіндіру үшін оның арғы жағына міндетті түрде ер адамды қойып, «шын авторын» іздеу де бөлек зерттеуге тұрарлық тақырып па деймін. Басқа да мұндай мысалдар жетіп жатқан шығар.
Зерттеу керек.
Мен Роза Бағланованың да, Өзбекәлі Жәнібектің де өмірбаянын зерттемегенмін. Білерім аз.
Сондықтан «бәрі дәл осылай болған» деп кесіп айтуыма болмайды.
Бірақ, бірақ, медиа саласында жүрген соң бір нәрсені айта аламын:
аты-жөні көрсетілмеген жалғыз куәгердің сөзін негіз етіп, адамның саяси сауатын жоққа шығарып, айтқан сөзінің авторлығын басқа адамға телуге болмайды.
Тағы айтарым: мұндай тұжырым жасауға үлкен дәлел керек.
Ал әзірге қолымызда бар анық дерек – Роза Бағланованың осы сөзді өзі айтып тұрған видеосы.
«Мен ол жерлерде болдым», – дейді әнші.
Қандай сөз, ә.
Көргенін, сезінгенін жеткізе отырып, сұрақ қояды.
Және мұның шешімін ашына талап етеді.
Мінберде өзі сөйлеп тұр.
Сондықтан «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабындағы осы үзіндіні Роза Бағланованы құнсыздандыратын тұс деп бағалаймын.
Кітап қайта басылса, «Туристерді тарту» бөліміндегі осы мәтін қайта қаралуы керек.
«Мәтіннің авторы – Өзбекәлі» дегенді растайтын нақты дерек бар болса – көрсетсін. Жоқ болса, жоқ екенін жазсын.
ЕҢ ӘУЕЛІ: «Роза Бағланованың мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ» деген сөйлемі кітаптан тұтастай алынып тасталып, оқырманға түсініктеме берілуі керек деп санаймын.
Кешірім де сұраса, артық етпейді.
Өзбекәлі Жәнібек те, Роза Бағланова да алып тұлғалар. Екеуі де көзі тірісінде мойындалған тұлғалар. Бірін кішірейте отырып екіншісін көтерудің қажеті жоқ.
Керісінше, зиян.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар