Алматыда жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі саналатын XXXIV Ғұсман Қосанов Мемориалы басталды.
Жарыс алғашқы күні қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті.
400 метрді 54.04 секундта жүгіріп өткен Александра Залюбовская, сырықпен 5,4 метрге секірген Иван Товченик және биіктікке секіру бағдарламасында 1,84 метрді бағындырған Надежда Дубовицкая алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар Виктория Ан (100 метр, 12.02), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 57.85) және Ақбілек Құралбай (1500 метр, 4:37.0) күміс медаль жеңіп алса, тағы бір күмісті 4×100 метрге жүгіру эстафетасында Қазақстан ерлер құрамасы иеленді.
Желаяқтар құрамасы сапында Виталий Земс, Алмат Төлебаев, Дамил Сүтжанов және Әділ Омарбеков болды.
Ерлердің нәтижесін әйелдер эстафетасында жарысқан Виктория Ан, Мария Ефремова, Аделина Земс пен Александра Залюбовская төрттігінен құралған Қазақстан-1 командасы қайталады.
Ал Арина Мишеева, Кристина Ермола, Валерия Сафонова мен Алина Чистякова секілді желаяқ спортшылардан құралған Қазақстан-2 командасы үшінші орынға табан тіреді.
Деңгейлі жарыстың алғашқы күнінде ядро итеруші Иван Иванов 19.12 метр, диск лақтыру сынында бақ сынаған Евгений Лабутов 56.05, тағы бір ядро итерген спортшымыз Надежда Богданова 11.38 метр көрсеткішімен қола жүлдегер атанса, Елнұр Мұхитдинов 400 метр, 47.50, Игорь Хрунин 1500 метр, 3:55.18 көрсеткіштерімен үздік үштікке ілікті.
Ғұсман Қосанов Мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze Level санатына енген халықаралық маусымдағы маңызды жарыстардың бірі.
Биылғы додаға 17 елден 214 спортшы қатысып жатыр.
Жарыс барысында спортшылар қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына рейтингілік ұпайлар жинайды.
Түгелбай Бисен
Фото: Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметінен
Парақшамызға жазылыңыз