Фото: pixabay.com
Тамыз айының басынан бері Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны айтарлықтай баяулады. Егер екінші тоқсанда азық-түлік инфляциясы мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының айырмасы 4,6 пайыздық пунктті құраса, бүгінде бұл алшақтық 2,9 пунктке дейін қысқарды. Тек шілде-тамыз айларында азық-түлік бағасының өсуі 1,2 пайызға жетті, ал тамызда азық-түлік инфляциясы бар болғаны 0,5% болды, – деп жазады ҚР Сауда және интеграция министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, аталған көрсеткіш азық-түлікке жатпайтын тауарлармен салыстырғанда екі есе, ал қызметтермен салыстырғанда үш есе төмен делінген.
Азық-түлік қоржынына 160 атау кіреді, оның ішінде 19-ы ғана мемлекеттік реттеуге жатады.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) баға индексі 108% болса, тамыз айында өзгеріссіз қалған. Ал қыркүйектің үш аптасында 0,2%-ға өскен.
Оң динамика көкөніс бағасында байқалған. Тамыз айының басынан бері бағаның өсу қарқынын орта есеппен 2,5 есеге төмендету мүмкін болған. Мәселен, шілдеде картоптың келісі 300 теңге болса, бүгінде арзаны 184 теңгеден сатылып жатыр. Сәбіз 295 теңгеден 193 теңгеге, пияз 222 теңгеден 137 теңгеге арзандаған. Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы небәрі 5,3%-ға өскен. Қарақұмық 8,9%-ға қымбаттаған. Өйткені оның қоржындағы үлесі аз, жалпы индекске әсері мардымсыз.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар өнімдер ішінде баға динамикасына сиыр еті ең көп әсер етіп отыр.
Бұл өнім тұтыну қоржынында маңызды үлеске ие және бағаның өзгеруі халық бюджетіне айтарлықтай ықпал етеді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін жауырын-кеуде бөлігі ерекше сұранысқа ие. Ол азық-түлік тауарлары арасынан жалпы тұтыну инфляциясына әсері бойынша бірінші орында тұр – шамамен 2 пайыздық пункт. Жалпы ет бағасының индексі жыл басынан бері 25%-ға жуық болса, сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі 23,6% болған.
Министрлік салыстармалы талдауды да ұсынған.
Қазақстандағы және жақын шетелдегі сиыр еті бағасы 2023 жылдың желтоқсанында сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір келісі орта есеппен 2 506 теңге тұрса, 2024 жылдың қыркүйегінде 2 549 теңге, ал желтоқсанда 2 572 теңгеге жеткен.
Өзге елдермен салыстыру үшін мына деректер ұсынамыз. Бүгінде Қазақстанда сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір келісінің орташа бағасы 4 715 теңге.
Ресейде 10 180 теңге, Өзбекстанда 5 227 теңге, Арменияда 5 112 теңге, Тәжікстанда 6 070 теңге, Беларусьте 4 480 теңге.
Бағаны тежеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Бағаны тежеу мақсатында 15-і мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды. Бұл баға өсімін баяулатуға мүмкіндік берген. Егер ақпан–сәуірде өсім айына 3%-ды құраса, мамыр–шілдеде 1,4%-ға дейін түскен. Алайда қазақстандық етке көрші елдерде, әсіресе Өзбекстанда сұраныстың өсуі, сондай-ақ қайта өңделген етті экспорттау мүмкіндігі әкету көлемінің айтарлықтай өсуіне алып келді. Бүгінде сиыр еті экспорты 27 мың тоннаны құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 3,2 есе жоғары болып тұр.
Осыған байланысты Үкімет ішкі нарықты толықтыру шараларын қолдады. Жыл соңына дейін сиыр етін экспорттауға квота енгізу туралы шешім қабылданып, ет өңдеу кәсіпорындарына ғана сыртқа шығаруға рұқсат берілмек. Бұған қоса үш елден ірі қара мал етін импорттауға кедендік бажды нөлге теңестіру бастамасы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Ресей Федерациясынан да осындай ұсыныс түсті.
Өңірлерде азық-түлікке қолжетімділікті арттыру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасып жатыр.
Жыл басынан бері 3,7 мыңнан астам жәрмеңке өткізіліп, фермерлерге тегін сауда орны берілген. Бұл артық делдалдарды айналып өтуге және бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға көмектеседі. Бұдан бөлек күнделікті режимде сауда желілерінде және базарларда баға мониториңі жүргізіледі. Соңғы тексерістер нәтижесінде «Анвар», «Смолл» және «Магнум» желілерінде сауда үстемелері нормадан (5–14%) аспайтыны анықталған. Сиыр етінің келісі 2 650-ден 3 890 теңгеге дейінгі аралықта, сатып алу бағасына байланысты сатылып жатыр. Ал ӘМАТ тізіміне кірмейтін басқа бөліктерінің бағасы сорпа жиынтығына 500 теңгеден антрекотқа 5,5 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл позициялар мемлекеттік реттеу тізімінде жоқ.
Негізсіз үстемелер мен артық делдалдарға қарсы күрес жұмысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері ел бойынша өңірлік комиссиялар 747 отырыс өткізіп, нәтижесінде 345 өнімсіз делдал жойылған.
2 мыңнан астам әкімшілік қаулы шығарылыып, сауда үстемелерін бақылау аясында министрліктің аумақтық департаменттері 2,6 мыңнан астам қаулы қабылдаған. Оның ішінде 1,5 мыңы – жалпы 56,5 миллион теңгені құрайтын айыппұл, 1,2 мыңы – ескерту. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін асыру деректері бойынша ғана 2,2 мың қаулы рәсімделді, оның ішінде 1 мыңы – 39,6 млн теңге айыппұл, 1,2 мыңы – ескерту.
2025 жылдың басынан бері шамамен 9 мың баға қалыптастыру тізбегі талданып, 823-ке жуық бұзушылық қаупі анықталған.
Парақшамызға жазылыңыз