//

Динара Закиева балаларға қатысты қылмыстар туралы мәлімдеме жазды

70 рет қаралды

Фото: pixabay.com

Балалар омбудсмені Динара Закиева балаларға қатысты қылмыстар туралы мәлімдеме жазды.

– Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.

Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараны сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында біз шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында болған оң өзгерістерді де көріп отырмыз, бұл туралы да айту маңызды, – деп жазды өкіл.

Оның хабарлауынша, 9 айдың қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс саны 18%-ға азайған, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24%-ға төмендеген.

– «Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22% және 50%-ға азайды.

Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы — қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы. Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу.

Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда. Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады. Кейінгі 10 жылда алғашқы рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді.

Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақтылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты.Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді.

Балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсініктеріңіз. Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек, – делінген жазбада.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар