Halyk тағы бір мәрте беделді халықаралық сыйлыққа ие болды. Лондонда Euromoney халықаралық беделді басылымы ұйымдастырған Transaction Banking Awards 2025 салтанатты рәсімінде Halyk алғаш рет Kazakhstan’s Best Transaction Bank 2025 санатында жеңімпаз атанды.
Transaction Banking Awards – операцияларды басқару, есеп айырысу және төлем сервистері, сауданы қаржыландыру, сондай-ақ инновациялық цифрлық шешімдерді қоса алғанда, транзакциялық және корпоративтік банкинг саласындағы жетістіктері үшін жыл сайын жетекші қаржы институттарына табысталатын мамандандырылған халықаралық сыйлық.
Беделді сарапшылардың бұл мойындауы Halyk-тің транзакциялық банкинг саласындағы көшбасшылығын айқын көрсетіп, негізгі бірқатар көрсеткіштер бойынша қол жеткізген серпінді нәтижелеріне жоғары баға береді.
Halyk Euromoney тарапынан бірнеше мәрте жоғары бағаланған. Соңғы марапаттардың қатарында 2025 жылғы шілдеде өткен Euromoney Awards for Excellence 2025 рәсімінде алынған сыйлық бар, онда банк Қазақстандағы үздік банк деп танылды. Сарапшылар банктің рекордтық қаржылық көрсеткіштерін, цифрлық трансформациядағы табыстарын және тұрақты даму саласындағы көшбасшылығын атап өтті.
«Euromoney сыйлығы Halyk Bank-тің нарықтағы ең мықты ойыншылардың бірі ретіндегі ұстанымын айқын көрсетеді. Қаржы саласы қарқынды өзгеріп жатқан жағдайда банк тұрақты көшбасшылықты сақтап, даму қарқынын айқындайды. Беделді халықаралық басылымның биылғы жылы Halyk жетістіктерін екі рет атап өтуі біз үшін аса маңызды. Бұл бағалау жоғары бәсекелестік, жаһандық экономикалық тұрақсыздық, технологиялық трансформация және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді жедел енгізу жағдайында банктің тиімді жұмыс істеу қабілетін дәлелдейді. Біз бизнестің негізгі бағыттарын жүйелі түрде нығайтып, Қазақстанның банк секторының көшбасшысы болып қала береміз», – деп пікір білдірді Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.
Euromoney – жаһандық қаржы нарықтары мен банк секторына маманданған халықаралық іскерлік басылым. Журналды Euromoney Institutional Investor медиа тобы шығарады және транзакциялық және корпоративтік банкинг, сауданы қаржыландыру, капитал нарықтары, тәуекелдер, цифрлық инновациялар мен тұрақты даму сияқты әлемдік қаржы жүйесінің негізгі бағыттары бойынша аналитика, зерттеулер, сараптамалық пікірлер мен салалық рейтингтерді жариялайды. Euromoney жыл сайынғы халықаралық және аймақтық марапаттарымен, соның ішінде Awards for Excellence және Transaction Banking Awards сыйлықтарымен кеңінен танымал.
Halyk – жиынтық активтері 20 трлн теңгеден асатын Қазақстанның ең ірі банкі. Банктің үлесіне ҚР экономикасының нақты секторын кредиттеудің 50%-дан астамы тиесілі. Halyk Bank цифрлық арналар мен еліміз бойынша 540-тан астам филиалдан тұратын желі арқылы қызмет көрсететін ең ірі клиенттік базалардың біріне ие. Сонымен қатар банк Грузия мен Өзбекстанда өз қызметін жүзеге асырады. Halyk Bank шетелдік қатысусыз коммерциялық банктер арасында ең жоғары кредиттік рейтингтерге ие (инвестициялық деңгейде: Moody’s – Baa1 / Fitch – BBB- / S&P – BBB-).
Парақшамызға жазылыңыз
