///

Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, саясаттанушы: Қазақстанда әлеуметтік әділеттік жұмыс істемейді

132 рет қаралды
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскен. Алайда осы өсім халықтың тұрмысында нақты сезілмеді. Өйткені инфляция деңгейі 12,3% болып, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 13,5%-ға қымбаттаған.

Бұл кезеңде жалақы номиналды түрде артқанымен, оның нақты сатып алу қабілеті төмендеді. Басқаша айтқанда, табыс көбейгендей көрінгенімен, сол ақшаға алатын тауар мен қызмет көлемі азайған. Соның салдарынан нақты жалақы индексі 98% болып, табыстың шын мәнінде өспегенін көрсетті.

Осы қайшылықты саяси социология тұрғысынан түсіндірген саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева экономикалық өсім мен халықтың әлеуметтік әл-ауқаты арасында тікелей, жүйелі байланыс жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейіне және базалық тұтыну тауарларының бағасына автоматты түрде байлайтын арнайы формула қажет. Сонда ғана экономикалық өсім халықтың өмір сапасына нақты әсер ете алады.

ӨСІМ БАР, БІРАҚ ТҰРМЫС НЕГЕ ЖАҚСАРМАЙДЫ?

–  Толғанай ханым, ресми деректерде 2025 жылы макроэкономикалық өсім сақталғаны көрсетіледі. Алайда саяси социология тұрғысынан алғанда, экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы қоғамның субъективті әл-ауқат сезімімен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сіздің зерттеулеріңізде осы қарама-қайшылық қалай көрініс тапты?

– Иә, бұл – Қазақстандағы ең өзекті құрылымдық проблемалардың бірі. Бізде экономикалық өсім мен әлеуметтік саясат арасында жүйелі байланыс жоқ. Елдің жалпы табысы артса да, сол өсімнің әлеуметтік салаға бөлінетін үлесі автоматты түрде өзгермейді және қайта қаралмайды.

Мысалы, экономика өсіп жатыр, мемлекет пайда тауып отыр. Бірақ азық-түлік бағасы қымбаттағанда, коммуналдық қызметтер тарифі өскенде немесе инфляция екі таңбалы деңгейге жеткенде, әлеуметтік төлемдер мен жалақы соған пропорционалды түрде түзетілмейді. Соның салдарынан халықтың нақты табысы төмендей береді.

Егер азық-түлік бағасының немесе коммуналдық қызметтердің қымбаттауына байланысты әлеуметтік төлемдерге жүйелі индексация енгізілсе, онда экономика мен әлеуметтік саланың арасындағы байланыс нақты көрінер еді. Мысалы, базалық тұтыну себетінің құны 10–15 пайызға өссе, әлеуметтік жәрдемақылар мен ең төменгі жалақы да дәл сондай мөлшерде автоматты түрде көтерілуі тиіс. Бірақ бізде мұндай тетік жоқ.

Қазіргі жүйеде экономика өсіп жатқанымен, бюджеттің әлеуметтік блокқа бөлінетін үлесі өзгеріссіз қалады. Ол инфляцияға да, ең қажетті тауарлар бағасының серпініне де тәуелді емес. Туындап отырған мәселе әлеуметтік саясаттың экономикалық шындықтан үзіліп қалғанын көрсетеді.

Мұны реттеудің нақты жолы бар. Кемінде үш жылда бір рет, ал азық-түлік пен коммуналдық қызметтер сияқты ең базалық қажеттіліктердің бағасы 25–30 пайыздан жоғары өсе бастаған сәттен-ақ, мемлекет келесі жылға арналған әлеуметтік жәрдемақылардың, ең төменгі жалақының және зейнетақының мөлшерін міндетті түрде қайта қарауға тиіс. Бұл үдеріс саяси шешімге емес, ресми статистикаға және тұтыну бағалары индексіне тікелей байланысты болуы қажет.

Тек осындай автоматты индексация формуласы енгізілген жағдайда ғана экономикалық өсім халықтың нақты өмір сапасына әсер етіп, «өсім бар, бірақ тұрмыс неге жақсармайды?» деген қайшылық жойыла бастайды.

Егер әлеуметтік төлемдер азық-түлік бағасының өсуімен тікелей байланыстырылса, онда әлеуметтік жәрдемақыға күн көріп отырған адамдар – әсіресе көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар – экономиканың өскенін, мемлекеттің әл-ауқатының артқанын нақты сезінер еді.

Ал қазір бұл байланыс сезілмейді. Көбіне жәрдемақы көлемі сол күйі өзгеріссіз қалады. Оны қашан және қалай қайта қарайтыны да түсініксіз: бәлкім, бес жылда бір рет, бәлкім тек президенттің саяси шешімімен ғана өзгеретін шығар. Өйткені бұл жүйелі механизм емес. Әлеуметтік төлемдер деңгейі бір ғана адамға – президентке тәуелді. Үкімет пен экономистер мәселені қалай жеткізсе, солайша президент рұқсат бергенде ғана қандай да бір түзету жасалады.

Ал шын мәнінде, мұндай шешімдер жеке адамның еркіне емес, жүйенің өз ережесіне енгізілуі керек. Мысалы, азық-түлік пен базалық қажеттіліктердің бағасы 25 пайыздан жоғары көтерілген сәттен бастап, әлеуметтік төлемдердің деңгейі автоматты түрде қайта қаралуға тиіс. Әр адам алатын жәрдемақы көлемі толықтай өзгеруі керек. Сол кезде әлеуметтік блокқа жауапты министрлік бұл ұсыныстарды үкімет деңгейіне шығарып, ел бюджетінің әлеуметтік шығындары соған сәйкес міндетті түрде түзетілуі қажет.

Сонда ғана экономика мен әлеуметтік саланың арасындағы өзара байланыс айқын көрінер еді.

Қазір бұл олай емес. Экономиканың тапқан пайдасы тағы да белгілі бір қалталарға кетеді, жаңа жобаларға жұмсалады, түрлі бастама ойлап табылады. Бірақ сол табыстың ешбір бөлігі әлеуметтік салаға өтпейді. Тіпті аз ғана үлесі де әлеуметтік көмек бөліміне бөлінбейді.

Егер осы өзара байланыс жүйенің ішкі ережелерінде нақты әрі қатаң жазылып тұрса, оның нәтижесі көрінер еді. Бірақ тағы да қайталап айтамын: мұндай шешімдер бір ғана адам – президент арқылы қабылданатын болғандықтан, экономиканың өсуі мен елдің жалпы дамуы әлеуметтік салаға шын мәнінде әсер етіп отырған жоқ.

Орташа табыс пен инфляция қатар өскен жағдайда, халық үшін шешуші фактор бәрібір нақты сатып алу қабілеті болып қала береді. Яғни табыс қағаз жүзінде өссе де, егер баға одан жылдамырақ қымбаттаса, тұрмыс, әл-ауқат жақсармайды.

АДАМНЫҢ ТАБЫСЫНЫҢ КЕМІНДЕ 40–50 ПАЙЫЗЫ ҒАНА БАЗАЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРГЕ,  ҚАЛҒАН 50 ПАЙЫЗЫ ӨЗІН ДАМЫТУҒА ЖЕТУІ ТИІС

–  2025 жылғы әлеуметтік мониторинг деректері табыс пен баға арасындағы бұл теңгерімнің қоғамдағы көңіл күйге әсерін қалай көрсетеді?

– Әрине, бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік көңіл күйіне және азық-түлік бағасына тікелей байланысты. Өйткені адамның негізгі қажеттілігі – тамақ. Біз мұны талай рет айттық: егер жалақының 60 пайызы тек базалық қажеттіліктерді өтеуге, яғни азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге кететін болса, бұл сол адамның да, сол мемлекеттің де кедей екенін көрсетеді.

Адам тек ас-ауқатын алып, баспанасының ақысын төлеп қана қоймай, қалған қаражатты өзін дамытуға, білім алуға, мәдени іс-шараларға баруға, кітап оқуға, саяхаттауға жұмсай алса ғана қоғам дамиды.

Қазір, мысалы, мемлекет басшысының сұқбаттарын қарасақ, ол қырық жастағы, бірақ ойлау деңгейі он бес жастағы адамдар бар екенін сынайды.

«Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», – деген еді президент.

Бірақ олардың ойлау деңгейі неге сондай? Өйткені олардың өмір салты тек азық-түлік пен баспанаға ақша табумен ғана байланысты. Жалақысы төмен, мардымсыз адам таңертеңнен кешке дейін тек «нан мен тамаққа қалай ақша табамын?» деп ойлаумен ғана жүреді.

Ондай адамның өзін дамытуға да, кітап оқуға да, бос уақыты да болмайды. Сондықтан бұл қоғамның кінәсі емес. Тоқаев қазір жауапкершілікті қоғамға артқысы келеді, бірақ шын мәнінде мәселе жалақыны есептеу жүйесінде жатыр. Жалақы тым төмен.

Мемлекеттің өз халқына, өз азаматтарына осылай қарауы – ауыр мәселе. Салықтар өсіп жатыр, бірақ азаматтарға деген құрмет байқалмайды.

Егер мемлекет халықты шынымен құрметтесе, жалақыны солай есептеуі керек: адамның табысының кемінде 40–50 пайызы ғана базалық қажеттіліктерге, яғни тамаққа, баспанаға жұмсалатындай болуға тиіс. Ал қалған 50 пайызы өзін дамытуға, мәдени өмірге қатысуға, кітап оқуға, саяхаттауға және басқа да қажеттіліктерге жететіндей болуы керек.

Ал қазір адамның уақытының 90 пайызы тек күнкөріс үшін кетіп отырса, әрине, қырық жастағы адамның ойлау деңгейі он бес жастағы баланың ойлауынан алыс болмайды. Сондықтан бұл жерде туындап отырған күрделі мәселе Қазақстан азаматтарында емес, Қазақстан үкіметінде. Өйткені олар жалақыны есептейтін осындай формулаларды ойлап табады да, кәсіби білімі бар, жоғары білімді мамандарға 200–300 мың теңге сияқты мардымсыз жалақы тағайындайды. Мен мұны мемлекеттің өз азаматтарына деген қорлайтын, құрметсіз көзқарасы деп есептеймін.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ МЕН КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР ҚҰНЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК КӨҢІЛ КҮЙІН АЙҚЫНДАЙТЫН БАСТЫ ФАКТОРЛАР

– Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы инфляция 12,3% болып, азық-түлік бағасы бір жылда 13,5%-ға қымбаттады, ал нақты жалақы индексі 98% деңгейінде қалды. Осы көрсеткіштерді ескерсек, сауалнамаларда халықты алаңдататын бағаның өсуі, табыс тұрақсыздығы және болашаққа сенімсіздік енді уақытша күйзеліс емес, құрылымдық проблемаға айналды деуге бола ма?

– Өкінішке қарай, азық-түлік бағасының қымбаттауы мен коммуналдық төлемдер мәселесі халық үшін әлі күнге дейін ең өзекті, ең ауыр тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл проблемалар түбегейлі шешілген жоқ, керісінше соңғы 20–25 жыл бойы қайталанып келеді. Шамамен 2 000 жылдан бері сол күйі сақталып отыр деуге болады.

Мен өзім әлеуметтік мәселелерге алғаш рет 2004–2005 жылдары белсенді араласа бастадым. Содан бері, егер 2008–2015 жылдар аралығындағы социологиялық зерттеулерге қарасақ, олардың көпшілігін тікелей өзім жүргіздім. Айтқым келгені: бұл тақырып ешқашан түбегейлі өзгерген емес.

Ал оның өзгеруі үшін, өзім бұған дейін де айтқанымдай, ең алдымен саяси элита өз азаматтарын құрметтей бастауы керек. Мемлекет өз халқын сыйлауға тиіс. Тек өз қалтасын ойламай, халықтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бет бұруы қажет.

Бұл, өз кезегінде, ең алдымен жалақыны дұрыс есептеу арқылы ғана мүмкін болады. Қазіргі жалақы адамдардың аштан өлмей, әрең күн көруі үшін ғана беріліп отыр. Соның салдарынан азық-түлік бағасының өсуі мен коммуналдық төлемдер мәселесі халық үшін үнемі көтерілетін, бітпейтін проблемаға айналып отыр.

Өкінішке қарай, бұл факторлар 2025 жылға дейін де өз ықпалын жоғалтқан жоқ. Менің ойымша, тіпті шекара сыртындағы жағдай өзгеріп, экономикалық блоктарға деген көзқарас өзгерген күннің өзінде де, бұл үрдіс әлі кемінде он жылға созылады. Азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтер құны халықтың әлеуметтік көңіл күйін айқындайтын басты факторлар болып қала береді.

Әрине, егер адамның қаражаты ең қарапайым қажетті заттарды алуға да жетпесе, ол сөзсіз наразы болады. Бірақ ең қауіптісі – азық-түлікке жететін ресурстың жетіспеуі адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Егер біз қазір негізгі тәсілдерімізді өзгертпесек, жақын болашақта әлсіз, аурушаң халықты алып қалуымыз мүмкін.

Өйткені адамдар дұрыс тамақтанбайды, қажетті дәрумендерді алмайды, физикалық тұрғыдан қалыпты дами алмайды. Әсіресе бұл балалар мен жас ұрпаққа қатысты өте қауіпті. Соның салдарынан жақын арада өлім-жітім көбейеді немесе аурушаң қоғам қалыптасады.

Сондықтан, меніңше, мемлекет адамдарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі керек.

ЖАЛАҚЫНЫ БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІККЕ БАЙЛАЙТЫН ЖҮЙЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖІКТЕЛУДІАЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙТАДЫ

Жұмыссыздық деңгейі ресми түрде салыстырмалы түрде тұрақты деп көрсетіледі. Бірақ сапалы, тұрақты және әлеуметтік кепілдігі бар жұмыспен қамтылу мәселесі қаншалықты өткір күйінде қалып отыр? Бұл жағдай әлеуметтік фрустрацияға қалай ықпал етуде?

– Қазір әлемде қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі ретінде үлестіру моделі (distributive justice model) кеңінен талқыланып жүр. Бұл туралы Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы (ILO), OECD және Еуропалық комиссияның зерттеулерінде көп жазылады. Қазақстанда да осы мәселе жиі қозғалады, бірақ әзірге оны жүйелі түрде енгізуге бағытталған нақты институционалдық қадамдар жасалып жатқан жоқ.

Әлеуметтік әділеттіліктің бірнеше моделі бар, алайда салыстырмалы зерттеулер көрсеткендей, ең тұрақтысы – дәл осы үлестіру моделі. Оның негізгі қағидасы мынада: жоғары білімі бар адам белгілі бір ең төменгі жалақы шегінен төмен табыс алмауға тиіс. Яғни табыс құрылымы адамның білім деңгейіне, кәсіби біліктілігіне және еңбек өтіліне тікелей қатысты болуы керек.

Мысалы, Еуропа елдерін алайық. OECD-нің 2022–2023 жылдардағы деректеріне сәйкес, Германия, Франция, Нидерланд, Швеция сияқты елдерде жоғары білім алған адамның медианалық жалақысы 3 000 еуродан төмен түспейді. Университет бітірген маман үшін ең төменгі табыс шамамен 3 800–4 200 еуро аралығында, ал профессорлар мен аға ғылыми қызметкерлердің базалық жалақысы 5 000–5 500 еуродан кем емес. Бұл елдерде жалақының «білімге қайтарымы» (returns to education) 35–60% аралығында, яғни жоғары білім алған адам орта біліммен шектелген адамнан кемінде 1,4–1,6 есе көп табыс табады. Бұл – сатылы жүйе. Ол адамның біліміне сай еңбекақы алуын қамтамасыз етеді және әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан ең тиімді модель болып саналады.

Ал Қазақстанда осы логика жұмыс істемейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жоғары білімді қызметкерлердің орташа жалақысы кейбір салада біліктілігі төмен жұмысшылардың табысынан да аз. Мысалы, 2024–2025 жылдары жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының орташа жалақысы өңдеу өнеркәсібі немесе құрылыс саласындағы жұмысшылардың табысынан төмен болған кезеңдер болды. Бұл – адам капиталының құнсыздануының айқын белгісі.

Еуропада осы мәселені дәл қазір әлеуметтік әділеттіліктің үлестіру моделі арқылы шешіп отыр. Мысалы, колледж деңгейінде біліктілік алған адам үшін базалық ең төменгі мөлшер – шамамен 2 000 еуро. Одан кейін оның тәжірибесіне, еңбегіне, еңбек өнімділігіне және отбасылық жүктемесіне қарай үстемақылар қосылады. Егер ол жоспарды орындаса немесе өнімділігі жоғары болса, тағы үстеме беріледі. Біліктілігі артқан сайын, соған сай жалақысы да өседі.

Мысалы, базалық мөлшер колледж бітірген жұмысшы үшін 2 000 еуро болса, оның біліктілігіне қарай тағы 100–150 еуро қосылады. Университет бітірген маман – кемінде 4 000 еуро, профессор – кемінде 5 000 еуро алады.

Бұған қосымша үстемелер беріледі: шет тілдерін білетіні үшін, ғылыми жарияланымдары үшін, монография жазғаны үшін, патенттері үшін. OECD елдерінде мұндай үстемелер айына орта есеппен 300–800 еуроға дейін жетеді.

Яғни профессордың ең төменгі жалақысы – 5 000 еуро. Ол енді ғана профессор атанған болса да, университеттік ортада белгілі бір еңбек өтілі бар адам ретінде әлеуметтік тұрғыдан лайықты табысқа ие болады. Бұл – үлестіру әділеттілігі деп саналатын жүйе. OECD-нің 2023 жылғы есебіне сәйкес, дәл осындай үлестіру модельдерін қолданатын елдерде табыс теңсіздігі (Gini коэффициенті) 0,24–0,29 аралығында, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,33–0,35 шамасында. Яғни жалақыны білім мен біліктілікке байлайтын жүйе әлеуметтік жіктелуді айтарлықтай азайтады.

Меніңше, біз де әлеуметтік әділеттіліктің негізіне дәл осындай модельді алуымыз керек. Өйткені тек осы жол ғана экономикалық өсімді халықтың нақты тұрмысымен байланыстыра алады. Халықаралық тәжірибе мен эмпирикалық деректер көрсетіп отырғандай, жалақының білімге, инфляцияға және еңбек өнімділігіне сезімтал болуы – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі шарты.

Сұқбаттасқаныңызға рақмет!

 

Бегім КӨКТҮРІК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

36 спортшы бар, нешеуі ойда?

Италияда өтетін 2026 қысқы Олимпиадаға баратын Қазақстан командасының толық құрамы белгілі болды. Ол ақпарат ҚР туризм