Австрия төрінде, Stockerau қаласында жыл сайын жалауы желбірейтін “European Central Superleague” халықаралық турнирі биыл да өз мәресіне жетті.
Кәрі құрлықтың кіл мықтылары бас қосатын байрақты бәсекеде алаң иелерімен қатар Хорватия, Венгрия, Словения және Словакияның ең үздік командалары сынға түседі.
Бұл – Еуропаның орталығындағы үстел теннисінің нағыз тарландары таразыға түсетін, беделі биік дода.
Осы жолы да жанкүйерлерді тәнті еткен тартысты кездесулердің қорытындысында жеңіс тұғырына оралдық Айдос Кенжеғұлов намысын қорғайтын “Stockerau” клубы көтерілді.
Қайсар мінез, қайтпас жігер және командалық үйлесімнің арқасында австриялық ұжым қарсыластарын қапы қалдырып, чемпиондық атақты қорғап қалды.
Осылайша Айдос Кенжеғұлов беделді еуропалық турнирдің екі дүркін жеңімпазы атанып отыр. Бұл – тек жеке спортшының жетістігі емес, қазақ үстел теннисінің абыройын асқақтатқан тарихи табыс.
– Мен бұл турнирде екінші жыл қатарынан ойнап отырмын. Биыл былтырғы жеңісімізді қайталадық. Жалпы, менің командам бұл турнирді алты мәрте жеңіп алған. Сол алты жеңістің екеуіне өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын, – дейді Айдос Кенжеғұлов.
Расында, “Stockerau” клубының алты дүркін чемпион атануы – жүйелі еңбектің, тұрақты дайындықтың және жеңіске деген мызғымас сенімнің нәтижесі. Ал сол жеңістердің екеуінде қазақ баласының қолтаңбасы қалуы – ел мерейін үстем еткен қуанышты жаңалық.
Бір айта кетерлігі, регламент бойынша жоғарыда аталған мемлекеттердің тек ең үздік бір ұжымы ғана қатысатындықтан, Айдостың ағасы Дастан Кенжеғұлов намысын қорғайтын команда бұл жолы дүбірлі додаға қосыла алмады. Дегенмен бұл – спорттағы бәсекенің заңдылығы. Ал ағайынды Кенжеғұловтардың еуропалық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүргені – қазақстандық жанкүйерлер үшін зор мақтаныш.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
