//

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Стамбул: Континенттер, уақыт және естелік арасындағы қала

100 рет қаралды

 Стамбулда болған кез-келген серуенші бір қала емес, бірнеше қаланы аралағандай сезімде қалады. Еуропа мен Азияны жалғаған қала түрлі мәдениеттер, өркениеттер мен мемлекеттердің куәсі болғандығы айқын сезіледі.

Стамбул бір мағынада ғана сипаттала алмайтын қала. Оны түсіну үшін оның көшелерін, су жолдарын, тарихи ғимараттарын аралап көру керек, өйткені бұл қала бірнеше өлшемде бірдей өмір сүреді. Азия мен Еуропаның аралығында орналасу қаланың тек урбанистикалық құрылымына ғана емес, оның әлеуметтік, мәдени және саяси ерекшелігіне де әсер етпей қоймасы айқын. Стамбулдағы серуен – уақыт кеңістігінде, өлшемсіз ренктерде  серуендеу, ежелгі империялардың үнін қазіргі заманның қарбаласымен қатар сезіну.

Көпқабатты тарих: Византия мен Константинопольден Стамбулға

Стамбулдың тарихы б.з.б. 7 ғасырдағы Византия атауымен белгілі қаладан басталады. Алғашында шағын грек колониясы Эгей мен Қара теңізді байланыстыратын стратегиялық маңызды аймақта орналасты. Табиғи порт, төбелер қоршауындағы кеңістік және теңіз жолдарының тоғысында орналасу қаланы  маңызды орталыққа айналдырды.

Византия бірнеше ғасырға созылған қарқынды өсімнің нәтижесінде, 330 жылы император Константиннің тұсында Константинополь атауына ие болып, Шығыс Рим империясының астанасына айналды. Қала империялық билік, христиан теологиясы және өнердің орталығы ретінде қарқынды дамыды. Айрықша құрылыс – Айя София – инженерлік шеберлік, өнер және рухани әрекеттестіктің біртұтас көрінісі. Оның биік күмбезі адамның талпынысы мен құдайға деген арманын бейнелейді.

1453 жылғы Осман жаулауынан кейін қала жаңа бетбұрыс жасады. Стамбул деп аталған қала үш континентке созылған империяның астанасына айналды. Осман урбанистикасы мен сәулеті қаланың ландшафтына терең із қалдырды. Топқапы сарайы, Көк мешіт және Сүлеймание мешіті өнердің, діннің және биліктің үйлесімінің куәсі. Әр монумент Стамбулдың өркениеттік көпқабаттылығын ашады: Византияның мұраларын сақтай отырып, Осман дәуірінің ерекше өнерінің өзара кеңістіктік үйлесімін қамтамасыз етеді.

География айқындаған тағдыр

Стамбул географиясы оның ерекшелігінің ажырамас бөлігі. Қара теңізді Мәрмара теңізімен байланыстыратын Босфор бұғазы сауда, миграция және мәдени ықпалдастықтың маңызды арнасы болды. Жеті төбе мен өркениеттер мен мәдениеттерді байланыстырған су жолдары ғасырлар бойы урбанистикалық жоспарлау, сауда-экономикалық әлеует пен қорғаныс қажеттілігін айқындады. Теңізге жақындық экономикалық өмірдің заңдылықтары мен даму үдерісін айқындады, ал қаланы қоршаған төбелер көрініс, қорғаныс және эстетикалық сұлулықтың әлеуетін ашуға септігін тигізді.

Заманауи Стамбул да күрделі географиялық құрылым. Көпірлер мен кемелер Еуропа мен Азияны жалғастырса, урбанизация мен халық саны жаңа инфрақұрылымдық шешімдерді талап етуде. Бұрын қорғаныс логикасы бойынша құрылған архитектура заманауи қала үшін жаңа сынақ пен ізденіске жол ашуда.

Мәдени үйлесім қаласы

Стамбулдың мәдениеті ғасырлар бойы жалғасын тапқан империялар, табиғи миграция және сауданың дамуынан қалыптасқан мозаика тәрізді. Дін тұрғысынан ол христиан, мұсылман және йахуди қауымдарының үйі болды. Бұл қала архитектурасының ажырамас бөлігі ретінде шіркеулер, мешіттер мен синагогалардан көрініс тапты. Грек, армян, араб, түрік және басқа мәдениеттердің іздері, әдебиетте, көшелердің атауларында және ас мәзірінде сақталды. Стамбул тағамдары – өміршең архив: бәліштер, симит, бұрек, шиш ғасырларға созылған мәдени синтездің көрінісі.

Қала – маңызды шығармашылық орталық. Византиялық мозаикалар, Осман миниатюралары және заманауи түрік әдебиеті Стамбулды эстетикалық жаңалықтың ордасы ретінде қалыптастырды. Орхан Памук сынды жазушылар жеке тұлға мен қала өзгерісінің ықпалы арасындағы байланысын зерттейді. Заманауи өнер сахнасы жаһандық диалогқа қатысып, қатысып қана қоймай миграция, жаңашылдық және тарихи сана тақырыптарына тың серпін беруде.

Тірі (жанды) қала: көшелер, базарлар және күнделікті өмір

Стамбулдың серпілісі күнделікті өмірде айқын көрінеді. Қала көшелері балықшылар, жолаушылар және көшедегі сатушылармен толы. Көне базарлар мен Дәм базарлары дыбыс, түс және иіс алуандығымен айналдырады. Каракөй іспеттес аудандар архитектуралық көпқабаттылықты көрсетеді. Византия қабырғалары, Осман дәуірі үйлерімен іргелес жатса, жаңа құрылыс нысандары қалаға қайталанбас заманауи сипат береді. Бұл көшелерде тарих пен бүгін бірге өмір сүреді, динамика мен естелік үйлесімін табады.

Қаланың ритмі ағып жатқан уақытпен тығыз байланыста өрбиді. Алтын мүйістегі таңғы тұман, кемелердің жаңғырығы мен саудагерлердің дауысы, кешкі уақытта энергияға толы қаламен ауысады: шатырдағы барлар, көшедегі музыканттар және мешіттердегі жарықтар дымқыл тас жолдарға шағылысып, көпқабатты, қайталанбас уақыт сезімін береді

Даму қиындықтары: өсу, теңсіздік және орнықты даму

Стамбул бүгінгі күні халқы 15 миллионнан асқан, жаһандық мегаполис. Түркия экономикасының тек орталығы ғана емес, қарқын беруші күші бүгінгі күні экономиканың әр түрлі салаларын қамтиды. Олар қаржы, өндіріс, тасымал және туризм. Бірақ экономикалық өсім кейбір күрделі мәселелердің қайнар көзіне айналуда. Қаланың өсуі, көлік кептелісі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар қиындықтар тудыруда. Жұпына үйлер мен люкс жобалары бойынша жасалған заманауи архитектура ғажаптары бірге өмір сүреді. Бұл әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктің көрінісі. Тұрақты жер сілкінісі қаупі де барМұның барлығы қалаға өзіндік із қалдыратын, дамуда ескерілуі қажет маңызды көрсеткіштер.

Экологиялық тұрақтылық – мегаполистің орнықты болашағын қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе. Босфор, сауда мен мәдениеттің өмірлік арнасы бола тұра ластану, балықты артық аулау және құрылыстың кері әсерін сезбей отыр деу орынсыз. Жасыл аймақтардың азаюы, қала көлемінің кеңеюі мен белсенді урбанизация тарихи аудандардың келбетін өзгертуде. Даму қажеттіліктерін қоршаған ортамен үйлесімде жопарлау болашақ ұрпақ алдында ана құрлым маңызды міндеттердің бірі кекендігі сөзсіз.

Стамбул және болашақ: төзімділік пен трансформация

Осы қиындықтарға қарамастан, Стамбулдың болашаққа сеніммен қарайды. Қала әскериқоршаулар, оккупация, империялар құлдырауы және экономикалық дүррбелеңдерден аман қалды.Бұл бейімделу мен төзімділіктің айғағы. Заманауи даму мәселелерін шешу үшін қаланың бұл қабілетіерекше маңызды. Тек осы факторларды саралай отырып қала халықтың өсуі, жер сілкінісі қаупі, экологиялық тұрақтылық және әлеуметтік келісім мәселерін еңсеріп мыңжылдықтың маңызды орталығы мәртебесін сақтай алады.

Мәдени тұрғыдан, Стамбул мәдени, тарихи байлығын сақтай отырып, жаһандану мен жаңашылдыққа бейімделуге мүмкіндік алуда. Технология, шығармашылық индустриялар және халықаралық қатынас қаланың көпқабатты, көпқырлы тарихын баяндаса, оның стратегиялық орналасуы сауда, қаржы және мәдени дипломатия үшін кең мүмкіндіктер ашады.

Стамбулдың болашағы қаланың қарама-қайшылықтарды үйлестіру қабілетіне байланысты болады. Жаңашылдық пен тарихи мұра, өсу мен тұрақтылық, әлеуметтік теңдік пен экономикалық дамудың арасында баланс сақтай алу қаланың өркендеуіне жаңа тылсым берері сөзсіз.

Стамбул – өркениеттің айнасы

Стамбул жай ғана қала емес; ол тірі архив, адамдық амбицияның сахнасы, өркениеттердің тоғысу нүктесі. Оның көшелері, су жолдары және бейнесі төзімділік, шығармашылық және бейімделуден тұрады. Византиядан Константинопольге, орта ғасырлық Стамбулдан, заманауи мегаполиске дейін қала үнемі өзін қайта жаңартып, түлеп, өткенін ұмытпай нық басып келеді.

Стамбулдағы серуен – тарихты қозғалыста, әрекетте көру, мәдениетті тірі диалог ретінде сезіну, қалалық өмірдің мүмкіндіктері мен қиындықтарын түсіну. Бұл қала қарама-қайшылықтарды үйлестіріп, көпқабатты, болашақ өткеннен ажырамайтын тарихтың куәсі. Стамбулдың көшелері, күмбездері, көпірлері мен базарлары адамзат тарихының тірі куәсі. Бұл қала ең алдымен өркениеттерді қалыптастырушы, тоғысмтырушы, мәдениетаралық делдал, әрі қайталанбас әсемдік пен шығармашылық шабыт қаласы болып қала береді.

фото: жеке мұрағаттан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар