Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумның дауыс беру қорытындыларын жариялады. Қорытындыларға сәйкес референдум өтті, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды деген қаулы шығарды.
Елімізде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны – 12 482 613. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы санының 73,12 пайызы.
Жарияланған мәліметтерге сүйенсек дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқан және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оның оң шешімін жақтап дауыс берген.
Бұл Орталық референдум комиссиясының ресми мәліметтері. Ал тәуелсіз байқаушылар референдумнан қандай қорытынды жасады?
Батыс Қазақстан облысындағы сайлау учаскелерінің саны 489, облыс орталығы Орал қаласында 136. Оралдағы Жария және Абырой тәуелсіз байқаушылар ұйымдары облыс бойынша 68 дауыс беру бекетін байқаушылармен қамтамасыз еткен. Өңірдегі жалпы сайлаушылар саны 446 391 тұрғын болса, тәуелсіз байқаушылардың арқасында 130 137 сайлаушының дауысы қорғалған. Екі ұйымның хаттамалар негізіндегі қорытындысы бойынша сайлауға қатысым – 42% көрсеткен. Оның ішінде жаңа Конституцияны қолдап дауыс бергендер 63% болса, қарсы дауыс бергендер 33%.
Жария және Абырой тәуелсіз байқаушылар ұйымдары референдум алдында әлеуметтік желі арқылы тәуелсіз байқаушыларды жинады. Оларға арнайы трениң өткізіп, байқаушыларға қажет білім беріп, дағдыларды үйретті. Сонымен қатар осы уақытқа дейінгі тәжірибелері жайында айтып, болған шынайы кейстерді талдады. Кейстер негізінен сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтарға қатысты болды. Байқаушыларға сол заң бұзушылықтар болған кезде қалай әрекет еткен дұрыс, заң бұзушылықтар қалай ресімделеді деген маңызды сұрақтарға жауап берілді. Трениңдерге шамамен 50-ге жуық байқаушы болуға ниетті адамдар қатысты. Олардың барлығына трениң соңында ұйымның атынан референдум процесін байқау құқығын беретін жолдамалар берілді.
Жария ұйымының тәуелсіз байқаушысы Хәкім Меңдібай Оралдағы №440 учаскеде байқаушы болған. Хәкім ағаның назарын аударған қызық факт азаматтардың көпшілігінің бюллетенді жәшікке салу кезінде фотоға түсіруін сұрауы болған. Таңғы сағат 07.00 мен 16.00 аралығындағы санағы бойынша сағат сайынғы динамика төмендегідей болған:
7:00–8:00 — 30 сайлаушы,
8:00–9:00 — 48 сайлаушы,
9:00–10:00 — 70 сайлаушы,
10:00–11:00 — 102 сайлаушы,
11:00–12:00 — 100 сайлаушы,
12:00–13:00 — 70 сайлаушы,
13:00–14:00 — 60 сайлаушы,
14:00–15:00 — 50 сайлаушы,
15:00–16:00 — 38 сайлаушы.
Хәкім аға ең жоғарғы белсенділік түске дейін болғаны туралы айтады, ал түстен кейін сайлаушылар ағыны бәсең болып, адам саны азая берген.
– Орал қаласындағы педагогикалық институт ғимаратында орналасқан №440 учаскеде дауыс беру бекетінде байқауда болдым. Жалпы сайлаушылар саны — 1981 адам, соның ішінде дауыс бергендері 728 адам. Яғни, қатысу деңгейі 37% ғана болды. Ең маңыздысы: дауыс бергендердің 55%-ы жаңа Конституцияға қарсы дауыс берді. Ауқымды мемлекеттік кампанияны және референдумды өткізуге бөлінген 20,8 мрд теңге қаржыны есепке алсақ, бұл көрсеткішті жоғары белсенділік деп атауға келмейді. Осыған кеңінен таралған жарнама мен шақыруларды қосатын болсақ, азаматтардың басым көпшілігі бұл науқаннан тыс қалуды жөн көрген сыңайлы. Ал байқаушы ретіндегі біздің басты міндетіміз референдум процесін тапжылмастан мұқият байқау және қорытынды хаттаманы қолымызға алу, – деген байқаушы дәлел ретінде хаттаманың фотосын берді.
Мен өзім де осы жолы байқаушы болып референдум барысын байқағым келді. Оралдағы Жария тәуелсіз байқаушылар ұйымына барып, байқаушы болғым келетінін айтып, ұйымның трениңдеріне қатыстым. Байқаушылар жұмысын ұйымдастыру, үйлестіруге көмектестім. 14 наурыз күні ұйымның өкілдері маған тәуелсіз байқаушылар штабында болып байқаушылардан келетін мәліметтерді жинап өңдеуді және олардың жұмысын үйлестіруді тапсырды. Референдумда байқаушы бола алмадым, алайда координаторлық міндетті атқардым. Бұл мен үшін маңызды, әрі жауапты міндет, әрі маған таныс емес жаңа тәжірибе болды.
Қызығы мен шыжығы мол болған тәуелсіз байқаушылар штабының қызметі туралы Азамат Хамза баяндап береді.
«Референдум қарсаңында тәуелсіз байқаушылар штабында болдым. Штабтағы негізгі міндеттерімнің бірі – тәуелсіз байқаушыларды оқыту болды. Кәсіби тренер емеспін, бірақ сайлау құқығын зерттеп, заңды талдап жүрген соң, әрі байқаушы ретінде тәжірибем болғандықтан, соны бөлісуді жөн көрдім. Жаңадан келген байқаушылар дауыс беру учаскесінде өздерін еркін сезінуі үшін процесті заң баптарымен түсіндірдім. Осылай 3-4 күн ішінде 50 шақты бақылаушыны оқытқан шығармын. Одан кейінгі міндеттерімнің бірі – референдум күні байқаушылардан ақпарат жинап, өңдеп, бұқаралық ақпарат құралдарына тарату болды. Әрине, мен үшін ең қызығы – дауыс беру учаскесіндегі бақылау. Сол жерге барып, күні бойы бақылағым келді. Бірақ ұйым басшылары штабта көбірек пайда тигізеді деп шешкендіктен, учаскелік бақылауға қатыса алмадым, тек жарты сағатқа ғана өз сайлау учаскемдегі Хәкім ағаны алмастырдым.
14-наурыз күні кешкісін Орал қаласындағы 136 учаскенің 104-і байқаушылармен қамтылды. Бірақ олардың тек жартысы ғана жұмысын толық атқарды. Көбі таңертең өзіне бекітілген учаскеге бармады. Меніңше, олардың арасында әдейі кедергі келтіру үшін жіберілгендер бар. Кей бақылаушылардың жолдамалары жарамсыз деп танылды. Бұл да кедергінің бір түрі. Ұйым филиалы «орталықтың» мөр үлгісінің өзгергенін референдум күні ғана білді. Жолдамадағы мөрдің сәйкессіздігіне байланысты байқаушыларды кіргізбеу немесе шығару заңсыз деп ойлаймын. Сонымен қатар, кейбір байқаушылар посттарын тастап кетті немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат берді. Бұл да күмән тудырады. Штабтағы үйлестірушілердің телефондарына шабуыл жасалып, үздіксіз қоңыраулар мен хабарламалар келді. Мұның бәрі бақылауға кедергі келтіру.
Дегенмен барлық қиындықтарға қарамастан, тәуелсіз байқаушылар БҚО бойынша 68 учаскеде бақылау жүргізді. Олардың мәліметтері бойынша қатысым – 42%. Оң шешімді қолдағандар – 63%, қарсы дауыс бергендер – 33% (*Нәтиже жиналған ақпаратқа қарай жаңартылуы мүмкін). Оның ішінде 58 учаске қалада, 10-ы аудандарда орналасқан. Ал тәуелсіз байқаушылар болмаған учаскелердегі жағдай белгісіз. Референдум нәтижелері облыстар бойынша бөлек жарияланбағандықтан, бұл деректерді салыстыратын мүмкіндік жоқ. Егер ел бойынша барлық учаскелер тәуелсіз бақылаумен қамтылғанда, шынайы көрініс әлдеқайда анық болар еді. Өкінішке орай, қоғам бақылаудың маңызын толық түсінбейді. Кейбір адамдар «сайлаудың қалай өтетінін білеміз» деген пікір айтады, бойкот жариялайды. Егер сол энергияны бақылауға бағыттағанда, нәтиже мүлде басқа болар еді. Бірақ …
Штабта бізді алаңдатқан жайт болды. «Біреулердің» кеңесімен халық сағат 12:00-де жаппай учаскелерге келеді деген ақпарат тарады. Адам көп жиналса, байқаушыларға қиындық туындай ма деп ойладық. Бірақ халық бұл үндеуге ермеді. байқаушылардың сағат сайынғы есебіне сәйкес, ең көп адам 10:00–11:00 аралығында келді, одан кейін келушілер саны азая бастады.
Трениң барысында: «Сіздер қаһарман емессіздер. Байқау – жұмыс. Сіз біреудің дауысын қорғау үшін емес, заң бұзылмауын қадағалау үшін барасыз»? – деп үйреткен едім. Шын мәнінде олай ойламаймын. Таңғы 6:30-дан түнгі 22:00-ге дейін тапжылмай байқау жүргізу оңай емес. Оның үстіне бұл жұмысқа ақы төленбейді (жұмысына ақы төленген байқаушылар да бар, бірақ олардың тәуелсіздігіне күмәнім бар). Сондықтан мен өз штабымдағы барлық байқаушыларға алғыс айтамын. Сіз – қаһармансыз!», аяқтады сөзін тәуелсіз байқаушылар штабының координаторы Азамат Хамза.
Альфия Шамай,
БҚО, Орал қаласы



