/

Қазақстан «Жер сағаты» акциясына қайта қосылады

66 рет қаралды

28 наурыз күні еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі түрде жарық сөнеді. Бұл – электр энергиясын үнемдеуден бұрын, табиғатқа деген құрмет пен экологиялық жауапкершіліктің символы.

Биыл Қазақстан жаһандық климат өзгерісіне қарсы бағытталған «Жер сағаты» халықаралық бастамасын 17-рет қолдамақ.

17 жылдық дәстүр

Еліміз бұл экологиялық қозғалысқа алғаш рет 2009 жылы еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың бастамасымен қосылған еді. Содан бері жыл сайын миллиондаған қазақстандық осы игі істің бір бөлшегіне айналып келеді.

2026 жылы да Қазақстан әлемдік қауымдастықпен бірге табиғатты қорғаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап, ортақ жауапкершілікке үндемек.

Акция қашан және қалай өтеді?

Шараның басты мақсаты – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.

Қатысу шарты қарапайым:
Уақыты: 28 наурыз, сағат 20:30 (жергілікті уақыт бойынша);
Әрекеті: бір сағатқа жарықты және тұрмыстық электр құрылғыларын өшіру.

Бұл күні еліміздің ірі қалаларындағы әкімшілік ғимараттар мен ең танымал нысандардың сәулеттік жарықтандыруы уақытша сөндіріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы мақсат – үнемдеу емес, үлкен экологиялық қозғалысқа қолдау білдірудің көрнекі белгісі.

Пайдалы үзіліс

Көпшілік үшін бұл 60 минут – күнделікті қарбаластан бір сәтке бой сергітіп, тыныс алуға берілген мүмкіндік. Гаджеттер мен теледидардан уақытша бас тартып, кешті отбасымен өткізуге, таза ауада серуендеуге немесе тыныштықта ой елегінен өткізуге болады.

«Жер сағаты» – бір реттік акция ғана емес. Бұл – әрқайсымызға табиғатқа деген жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыру керектігін еске салатын маңызды үндеу.

Назерке АҚБЕРДІ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар