Соңғы бес жылда Қазақстанда жастар арасындағы өзіне қол жұмсау көрсеткіші Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында көш бастап тұр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегінше, көбіне 20-24 жас аралығындағы жастар суицидке жиі барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, Қазақстандағы жиі кездесетін он өлім себебінің тоғызыншысы – өзіне қастандық жасау. Ал әлемдік статистикаға назар аударсақ, 2023 жылғы халықаралық Wisevoter есебі бойынша Қазақстан 178 елдің ішінде 19-орынды иеленген. Бұл туралы Tengrinews.kz басылымы жазды. Десе де, бес жылда Қазақстан бойынша жастар арасындағы өзіне қол жұмсау көрсеткіші азайып келеді.
Соңғы бес жылда суицидтің ең жоғары көрсеткіштері Ақмола облысында тіркелді. Ондағы жастар саны мен тіркелген жағдайлар азайғанымен, мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ. Үш жылда Ақмоладағы жастар саны – 796 621 адам. Бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, жастар саны 2,37%-ға азайған. Ал өзіне қол жұмсау көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 114,21 жағдайды құрайды. Яғни Ақмолада әр 100 мың адамның 114-і өзіне қол салған. Ақмола облысы Қазақстанда өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша көш бастап тұрғанымен, ондағы көрсеткіш 5 жылда 22%-ға азайған. Десе де, соңғы 5 жылда Қазақстан бойынша жастар арасындағы өзіне қол жұмсау көрсеткіші азайып келеді.
Статистика өзіне қол жұмсау жағдайларының саны жастардың көптігіне тікелей байланысты еместігін көрсетеді. Мәселен, Алматы қаласы жастар саны бойынша алғашқы үштікке енгенімен, суицид көрсеткіші бойынша ең төменгі орындардың бірінде тұр.
Соңғы үш жылдағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда жастар саны ең көп өңірлер – Түркістан облысы, Алматы облысы және Алматы қаласы. Алайда өзіне қол жұмсау жағдайлары бұл өңірлерде салыстырмалы түрде төмен: Түркістан облысында – 35, Алматы облысында – 55, ал Алматы қаласында – 20 жағдай тіркелген.
Бұл тақырыпты зерттеу барысында 10–24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар тобы қарастырылды. Бес жыл ішінде осы санатта 100 мың адамға шаққанда 89,34 суицид жағдайы тіркелген. Яғни әр 100 мың жас пен жасөспірімнің 89-ы өзіне қол жұмсаған.
Жас ерекшеліктері бойынша көрсеткіштер төмендегідей:
– 10–14 жас: 8,61 жағдай;
– 15–19 жас: 30,41 жағдай;
– 20–24 жас: 50,34 жағдай.
Көріп отырғанымыздай, 20–24 жас аралығындағы топ суицидке жиірек барады. Бұл құбылыс ересек өмірге қадам басу кезеңіндегі психологиялық қысыммен, отбасылық мәселелермен, оқу барысындағы қиындықтармен және өзге де әлеуметтік проблемалармен байланысты болуы мүмкін.
Психологпен сұхбат
Жастар арасындағы суицидтің себептері мен оның алдын алу жолдарын тереңірек түсіну үшін маман пікіріне жүгіндік. Осы тақырыпта жасөспірімдер және ересектер психологы Бисенова Жаниямен сұхбаттастық.
Оның айтуынша, суицидке әкелетін негізгі факторларға отбасылық, әлеуметтік, биологиялық және экономикалық жағдайларды жатқызуға болады. Сонымен қатар күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдай мен күйзеліс деңгейі де маңызды рөл атқарады.
«Суицидтік қауіптің ерте белгілеріне адамның мінез-құлқындағы өзіне тән емес өзгерістер, құнды әрі сүйікті заттарын тарата бастауы, әңгіме барысында «егер мен жоқ болсам», «мен болмағанда» деген тіркестерді жиі қолдануы, сондай-ақ өзіне қасақана зиян келтіруі жатады», – дейді психолог, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және өмірлік дағдыларды қалыптастыру бойынша өңірлік тренер Жания Бисенова.
Психологтың айтуынша, суицидке әрекеттенген адам көп жағдайда тікелей немесе жанама белгілер береді. Мұндай белгілерді дер кезінде байқаған қоғам – ең алдымен ата-ана, достар мен мұғалімдер алғашқы көмекті көрсете алады. Ал жағдай күрделене түскен кезде міндетті түрде психолог немесе өзге де мамандардың көмегіне жүгіну қажет.
Маман суицид бір адамның ғана мәселесі емес әрі ол бір ғана себептің салдары болмайтынын атап өтті. Бұл – түрлі фактордың тоғысуынан туындайтын күрделі құбылыс. Сондықтан оның алдын алу шаралары да кешенді түрде жүргізілуге тиіс.
«Көмекке жүгіну – әлсіздік емес. Қоғамда психологиялық қолдау мен ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру қажет. Өкінішке қарай, бұл бізде әлі де жеткіліксіз. Осы орайда 111 сенім телефонын атап өткім келеді. Бұл нөмір тәулік бойы жұмыс істейді және қоңырау шалу тегін. Қиын жағдайда, зорлық–зомбылыққа не буллингіге ұшырағанда кез келген адам тегін психологиялық көмек ала алады», – дейді психолог Жания Бисенова.
Елімізде соңғы жылдары жастар арасындағы суицид көрсеткіші төмендеп келе жатқанымен, мәселе әлі де өзекті әрі алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Сондықтан қоғамда суицидтік мінез-құлық белгілері байқалған жағдайда, бейжай қарамай, дер кезінде әрекет етіп, кешендікөмек көрсету маңызды.
Ақбота Абаева
Парақшамызға жазылыңыз

