///

Тілек Қайырдынұлы. МАЙ СІҢГЕН АЛАҚАН (Ғибратты әңгіме)

240 рет қаралды

Қазір мені сырттай көргендер бағалы көлік мініп, үстіме қона кеткен костюм кигеніме қарап, “тағдыры жеңіл, жолы болған біреудің баласы”, “бәлкім, тумысынан бай немесе бір шенеуніктің еркетотайы” деп ойлайтын шығар. Бірақ алақанымдағы кетпейтін қара даққа, тырнақ астына сіңіп қалған майдың ізіне бір сәт үңілсе, ол ойдың бекер екенін аңғарар еді.

Адамның қайдан шыққанын кейде оның сөзі емес, қолы айтып береді.

Оқиға 2000-жылдардың басында, әлемдегі ең суық астана саналатын Улаан-Баатар қаласының шетіндегі Дарь-Эх ауданынан басталды. Тау бөктеріндегі қоршаусыз, жұпыны қараша үй қыста жел өтінде, жазда шаң ішінде қалатын. Ол үй байлықтан кенде болса да, үнсіз төзімге бай еді. Бірақ тағдыр оны да көп көрді.

Тырбанып бізді асырап жүрген әкем мен он төртке, інім сегізге толғанда жол апатынан көз жұмды. Ол қаралы күн үйімізге ғана емес, жан дүниемізге де суық орнатты. Анам қайғыдан селсоқ күйге түсіп, көпке дейін сөйлемей қойды. Артынша ауыр жұмыстың салмағы қосылып, ақыры төсекке таңылды. Шаңырағымызда үміт ұшқыны бәсеңдеп, мұңды үнсіздік орнады. Сол салқын үнсіздік мені ерте есейтті. Тоғызыншы сыныптан кейін мектептегі оқуымды жалғастыра алмадым. Маған торығып отыра беруге уақыт жоқ еді. Балалықты кейінге ысырып, тіршіліктің ауыр жүгін арқалауға тура келді. Себебі дәл сол сәтте маған кітап емес-нан, қалам емес-көмір маңыздырақ болды. Таңдау болды ма, әлде тағдырдың бұйрығы ма-оны әлі күнге дейін ажырата алмаймын.

Таң қылаң бере тұрып, маңайдағы үйлерге құдықтан су таситынмын. Бір шелек су-елу немесе жүз төгрөг. Суықта қолым үсіп, белім талып қайтатын. Күндіз Нарантуул базарына барып, арба итеріп нәпақа табуға тырыстым. Бірақ әлсіз білегім мен қорған болар адамның жоқтығы ересектердің көзіне бірден түсті. “Саған әлі ерте, барып асығыңды ойна!”-деп келемеждеп, шетке шығарып тастайтын.

Осылай сенделе жүріп бір күні дөңгелек жөндейтін ескі шеберхананың маңын місе тұттым. Майдың күлімсі иісі аңқыған, темірдің дауысы үзілмейтін көлік жөндеу орындары бар аула еді. Алғашында отын-су әкелу, құрал ұстату, еден сыпыру тәрізді шаруаларға көмектестім. Доңғалақ ауыстыруды, жамап-жасқауды сырттай көріп, көкейіме түйдім. Кейіннен шеберлер үлгермей жатқанда, қосымша жұмыстарды айтқызбай-ақ өз бетіммен атқара бастадым.

Темірдің де өз мінезі бар екенін сол жерде түсіндім. Ол адам секілді: күшпен емес, сабырмен көнеді.

Ол жерде менің ешқандай лауазымым болған жоқ. Тек майлық-сулыққа салатын “қол бала” едім. Күнделікті табысым болса көлік жөндеушілердің сол сәттегі көңілінен қиып берген тиын-тебені. Бірақ дәл сол жерде алақаныма май сіңді. Сол май мені өмірдің ауырлығына үйретті. Тапқаным анамның дәрісіне, інімнің оқуына сеп болды.

Қақаған қыстың бір кеші еді. Жаңа жыл мейрамы жақындап қалған. Қалтамда -күні бойғы еңбегіммен алған 3500 төгрөг, жарты бөлке нан мен бірнеше бауырсақ. Бұл жолы анама дәрі, ініме тәтті ала алмағаныма өзегім өртеніп, суық желге қарсы жасымды жұтып келе жаттым.

Сол сәтте жол жиегінде капоты ашық тұрған ескі “Истана” маркалы көлікті көрдім. Қасында қолы тоңып дірілдеген, кілт ұстауға шамасы жетпей тұрған бір адам. Жүзі әбден әбіржіп кетіпті, қолының кемтарлығы да бірден байқалады. Басқалар сияқты өтіп кетуіме болар еді, бірақ түйсігім тоқтатты.

-Аға, көмектесейін бе?-дедім.

Ол маған сенімсіздеу қарап:

-Ремені үзіліп қалыпты. Өзім ауыстырайын десем икемім келмей әрі қолым жансызданып қалды, -деді күрсініп.

Дорбамды жерге тастай салып, күртемді шешіп, көліктің астына кірдім. Ызғарлы жер денемді мұздатып, суық темір қолымды қарып барады. Бірақ менің өн бойым тоңға, қолдарым мұндай күнделікті күрделі жұмысқа да, қара майға да үйренген еді. Қараңғыда сипалап жүріп, бір сағаттай әуреленіп, ременьді ауыстырдым. Қолым сырылып, киімім майға малшынды. Бірақ көлік от алған сәттегі әлгі адамның жүзіндегі қуаныш бүкіл шаршауымды ұмыттырды. Өзімді бейне бір ысылған көлік жөндеушідей сезініп қалдым.

-Машинаға отыр, үйіңе жеткізіп салайын, — деді ол.

Көліктің іші жылы екен, жаңа піскен нанның иісі аңқып тұр. Сөйтсем, ол кісі нан цехында таратушы болып істейді екен. Жол бойы көп сөйлеспедік, бірақ қысқа сұрақ жауаптармен менің жағдайымды ұғысты. Үйге жеткенде ол маған бір дорба нан мен тоқаш ұстатты, үстіне ақша қосып ұсынды. Мен ақшадан бас тарттым. Мүмкін, сол сәттегі өзімді қолынан іс келетін азамат сезімін сыйлаған адамдық көмегімді ақшаға айырбастағым келмеген болар. Сол түні үйіміз нанның иісіне толды…

Арада үш күн өткенде, тағдырдың жылы лебі есігімізді қақты. Ақ “Истаналы ағай” қайта келді. Артқы есігі ашылғанда, ішінен ескі болса да, мен үшін баға жетпес қазына-дөңгелек жөндеуге арналған құралдар, компрессор, домкрат пен сан түрлі сайман шықты.

-Бұларды досымның ескі гаражынан алдым, -деді ол кісі. -Қолданылмай жатқанша, өз иесін тапсын. Мұның бәрі енді сенікі. Бірақ бір шартым бар: ешқашан өтірік айтпа, ешкімді алдама. Әлсізге әрдайым қол ұшын бер.

Он бесінде өмірден талай соққы жеген бала үшін ол кісі құтқарушы періштедей көрінді. Сол күні менің жанарыма жас үйрілді. Бұл әлсіздік емес, аманат арқалаған адамның көз жасы еді.

Ертеңіне ескі дуалымыздың қақпасына “ДӨҢГЕЛЕК ЖӨНДЕУ”-деп жазып іліп қойдым. Әр істі адал атқардым. Түн ортасында есік қақса да, тұрып қызмет көрсеттім. “Маған сенген ағайдың аманатын ақтауым керек” деген ой алға жетеледі.

Жылдар өтті. Кішкентай күрке үлкен шеберханаға айналды. Кәсібім өрге басты. Анам толық емделіп, аяққа тұрды, інім оқуын алаңсыз оқып озат оқушы болды. Бүгінде менің қалада үш автосервисім, қосалқы бөлшек сататын дүкендерім бар. Мен жұмысқа адам аларда дипломына емес, алақанына қараймын. Өйткені май сіңген алақан өтірік айтпайды.

Мен ол ағайды көп жыл іздеп, өткен жылы ғана таптым. Есімі Төмөрөө. Зейнетте екен. Алғашында мені танымады.

-Көлігіңіздің ремені үзілгенде көмектескен, қолы майлы кішкентай баланы танисыз ба? -дегенімде, көзіне жас алып, мені құшағына қысты.

Оның жақсылығын ақшамен қайтару мүмкін емес еді. Сондықтан мен оған немерелерін қыдыртып жүрсін деп, баяғы өзі мінгендей, бірақ жап-жаңа аппақ “Истана” көлігін сыйладым. Ол кісі үнсіз ғана менің май сіңген қолымды сүйді…

Адам үшін шын байлық — денсаулық пен адамгершілік. Бүгін қолыңыз майға малынып, жолда қалуыңыз мүмкін. Бірақ берілмеңіз. Бір күні біреу сізге сенім артады, біреу сізге өз “компрессорын” сыйлайды. Ең бастысы -сол сенімге лайық болып, адамдық қасиетті жоғалтпау.

Менің атым Бат-Эрдэнэ. Бүгінде уақыт тауып, сервис киімін киіп, дөңгелек жамағанды ұнатамын. Өйткені күйген резеңкенің иісі маған: “Өткеніңді ұмытпа!”-деп ескертіп тұрады. Адам кім болғанын ұмытпаса ғана, кім болатынын жоғалтпайды.

Тілек Қайырдынұлы, 2026

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар