/

Алматыда танымал блогер Молдахан Әділетхан ұсталды: оқиғаның мән-жайы

78 рет қаралды
фото: Vlast.kz

2026 жылғы 31 наурызда Алматыда танымал заңгер әрі блогер Молдахан Әділетханның ұсталғаны қоғамда қызу талқыға түсті. Ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде таралып, кейін ресми түрде құқық қорғау органдары тарапынан расталды.

Алматы қаласының полиция департаменті блогерге қатысты қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, оған көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, ал істің нақты қандай жарияланымға байланысты қозғалғаны әзірге нақтыланбаған.

Молдахан Әділетхан кім?

Молдахан Әділетхан — әлеуметтік желілерде кеңінен танылған заңгер-блогер. Оның Instagram парақшасына 1 миллионнан астам адам жазылған. Өзін құқық саласының маманы ретінде таныстырған ол азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кеңес беріп, құқықтық тақырыптарды қарапайым тілде түсіндіруімен танымал болған.

Ұсталуына не себеп болуы мүмкін?

Ресми органдар нақты себепті жарияламағанымен, бірқатар дереккөздер блогердің соңғы жарияланымдарына назар аударып отыр. Атап айтқанда, ол Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апаты туралы белсенді пікір білдірген. Бұл апат салдарынан үш адам қаза тапқан еді. Әділетхан Молдахан өз жазбаларында аталған оқиғаға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Кейбір мәліметтерге сәйкес, дәл осы мәлімдемелер оның ұсталуына ықпал етуі мүмкін деген болжам бар, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

Блогердің ұсталуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Оның аудиториясының үлкен болуы және құқықтық мәселелерді жиі көтеруі бұл жағдайға қоғам назарын күшейтті. Сарапшылар бұл оқиға Қазақстандағы ақпарат тарату жауапкершілігі мен сөз бостандығы арасындағы тепе-теңдік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығаратынын айтады.

Қазіргі таңда Молдахан Әділетханға қатысты іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ресми органдар қосымша ақпарат бермегендіктен, істің нақты мән-жайы мен құқықтық бағасы алдағы уақытта белгілі болады.

Амина Мелдебек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар