Ақтөбе облысында мемлекеттік сатып алулар деректеріне cәйкес, шенеуніктердің жайлылығы басты стратегиялық міндетке айналып бара жатыр. Соңғы айларда әкімдікке қарасты бірнеше басқарма толық жетекті, заманауи жабдықталған кроссоверлерді сатып алуға және алуды жоспарлауға тендер жариялаған. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат көлемі ондаған миллион теңгеге жетіп отыр.
Мемлекеттік бюджеттің үнемделуі тек халыққа қатысты ма?
Елде салық саясаты қатаңдап, жаңа айыппұлдар енгізіліп жатқан тұста, өңірлерде мемлекеттік бюджет қаржысына қызметтік көліктер сатып алу қарқыны бәсеңдер емес. Соның бір мысалы – Ақтөбе облысының Қаржы басқармасы. Осы жылдың наурыз айында бұл мекеме 21,9 миллион теңгеге қызметтік көлік сатып алуға бірінші рет тендер жариялаған. Бірақ ол өтінімдердің жоқтығынан жүзеге аспады. Қазіргі уақытта 8 сәуірде жарияланған екінші байқау әлі де жалғасып жатыр.

Құжаттамаға сәйкес, басқармаға 2026 жылы шығарылған, жүрісі 10 шақырымнан аспайтын, толық жетекті ақ түсті кроссовер қажет. Қозғалтқыш көлемі 2,5 литрге дейінгі GDi болуы тиіс.
Алайда басты мәселе негізгі сипаттамаларда емес, көліктің жабдықталу деңгейінде болып тұр. Болашақ қызметтік көлік жолақта ұстау, соқтығысудың алдын алу, интеллектуалды круиз-бақылау, соқыр аймақты бақылау сияқты заманауи жүйелермен толық қамтылуы керек. Бұдан бөлек, қауіпсіздік жастықтары, тұрақтандыру жүйелері, ABS, еңісте түсу мен көтерілуге көмек жүйелері қарастырылған.
Көліктің ішкі жабдықталуы да жоғары деңгейде болуы тиіс: былғары салон, цифрлық панель, кемінде 12,3 дюймдік мультимедиялық экран, Apple CarPlay және Android Auto, кілтсіз кіру жүйесі, рөл мен орындықтардың жылытқышы және артқы жолаушыларға арналған ауа арналары.
Қосымша жабдық ретінде жаңбыр мен жарық датчиктері, шиналардың қысымын бақылайтын жүйе, қашықтан іске қосылатын дабыл жүйесі, қысқы дөңгелектер жиынтығы мен ұзақ мерзімді кепілдік қарастырылған.
Мұндай талаптарды қызметтік сапарлардағы қауіпсіздік пен жайлылықпен түсіндіруге болады. Алайда өңірлерге қатысты әлеуметтік жобаларға, инфрақұрылымға және халықты қолдауға қаржы тапшылығы туралы билік тарапынан жиі айтылып жүргенін ескерсек, орынды сұрақ туындайды: бюджет қаржысын бақылауы тиіс құрылымға дәл осындай деңгейдегі көлік қаншалықты қажет?
Толық жетекті жастар саясаты
Қаржы басқармасынан бөлек, Ақтөбе облысының Жастар саясаты басқармасы да ашық байқау бойынша тендер жариялап, қызметтік көлік сатып алып үлгерген. Басқарма 15,3 млн теңгеге кроссовер сатып алу бойынша тендерді 2 және 10 наурыз аралығында өткізіп, нәтижесінде «Kol-Auto-Hyundai» ЖШС жеңімпаз атанған. Айта кететін жағдай, бұл сатып алу бірінші әрекеттен жүзеге аспай, екінші рет жарияланған байқау нәтижесінде ғана іске асқан.
Сурет: goszakup.gov.kz ресми ақпарат көзінен алынған
Техникалық талаптарға сәйкес, басқармаға 2026 жылы шығарылған, толық жетекті, ақ түсті кроссовер қажет болған. Көлік круиз-бақылау, жылдамдықты шектеу жүйесі, артқы камера және түрлі қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
Ішкі жабдықталуы да заманауи стандарттарға сай: мультимедиа жүйесі, цифрлық панель, былғарымен қапталған рөл. Дегенмен бұл тапсырыста орындықтар матамен қапталған – бұл жалпы шығын аясында аз да болсын үнемнің белгісі.
Климаттық жүйелер де техникалық талаптарда толығымен қарастырылған: екі аймақты климаттық бақылау, жылытқыштар, артқы жолаушыларға арналған ауа арналары және қосымша жылу жүйелері. Сонымен қатар тізімде жарық және жаңбыр датчиктері, USB порттары, жүргізу режимдері бар.
Осылайша, Ақтөбе облысы әкімдігіне қарасты тек екі басқарманың өзі қызметтік көліктерге 37 млн теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлаған.
Әкімдік басшылығына арналған автопарк
Егер әкімдіктің кейбір басқармалары бір көлік сатып алумен ғана шектелсе, аймақ басшылығына қызмет көрсететін құрылымдар әлдеқайда ауқымды мемлекеттік тапсырыстар берген. Ақтөбе облысы әкімдігінің Іс басқармасы осы жылдың ақпан айының соңында бірден төрт қызметтік көлік сатып алуға тендер жариялаған. 2 қара және 2 ақ көлікті сатып алудың жалпы сомасы 58 миллион теңгені құрады. Ал әрбір көлік бірлігінің құны – 14,5 млн болды.

Басты техникалық талаптар көбінесе басқа басқармалардың тендерлерінде көрсетілгендер талаптарды қайталаған. Көліктер кемінде 2 литрлік қозғалтқышпен және толық жетекті жүйемен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ оларда камералар, круиз-бақылау және шенеуніктер автопаркіне тән басқа да міндетті жүйелер қарастырылған.
Салон ішінде мультимедиялық жүйе, цифрлық панель, былғарымен қапталған рөл мен беріліс тетігі, екі аймақты климаттық бақылау, орындықтар мен алдыңғы әйнекті жылыту, сондай-ақ артқы жолаушыларға арналған ауа арналары болуы қажет. Технологиялар тізімінде жүргізу режимдері, смартфондарға арналған USB порттары, шиналардың қысымын бақылау жүйесі және акустикалық алдыңғы әйнек те бар.
Алайда бұл тендер өтпей қалған. Дегенмен мұндай жағдайлар мемлекеттік сатып алуларда жиі кездеседі. Әдетте тапсырыс өтпеді деп танылса, хабарландыру біраз уақыттан кейін қайта жарияланады.
Өткен жылдың мамыр айында ғана осы басқарма қызметтік көлікті бағалы ұсыныстарға ашық байқау арқылы 15,6 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған болатын.

Жоспарланған сатып алу сомасы жүзеге аспай, басқарма қызметтік көлікті 19,9 млн теңгеге сатып алған.

Жеңімпаз “СарыарқаАвтоПром” ЖШС болды. Сол кезде әкім аппараты үшін 2,5 литрлік қозғалтқышы, автоматты беріліс қорабы және стандартты жайлылық опцияларының жиынтығы бар кроссовер сатып алынды.
Оның ішінде мультирөл, электрлі күшейткіш, қозғалыс режимдерін таңдау жүйесі, орындықтар мен рөлді жылыту жүйесі, жарықдиодты оптика және USB қосылымы бар аудио жүйе бар. Осылайша, соңғы жыл шамасында ғана Ақтөбе облысы әкімдігінің бірнеше құрылымдары ондаған миллион теңгеге қызметтік көліктерді сатып алды немесе сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұл – қазақстандық мемлекеттік сатып алулар үшін үйреншікті жағдай. Алайда бір мәселе өзгеріссіз қалып отыр: халыққа үнемдеу қажеттілігі жиі айтылғанымен, мемлекеттік құрылымдардың өздері жайлылықтан бас тартуға асығар емес. Керісінше, жаңа қызметтік көліктерге қойылатын талаптар барған сайын егжей-тегжейлі әрі қымбат сипатқа ие болып барады.
Әсем Тугилова
Парақшамызға жазылыңыз

