//

Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі қайғылы жағдай: өрт сөндірушілердің жолын бөгеген жүргізушіге айыппұл салынды

191 рет қаралды
Бейнеден алынан кадр

Астанадағы жантүршігерлік өрт кезінде «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің ауласына кірер жолды бөгеп тастаған көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицияның мәліметінше, тұрғын үй ауласына кіреберісті жауып тұрған көлік шұғыл қызметтердің жұмысын қиындатқан. Құтқарушылардың жедел жетуі үшін көлік оқиға орнынан дереу алынып тасталған. Кейін жүргізуші анықталып, оған қатысты тиісті шара қолданылды.

Жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабы — «Көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу» бойынша жазаланған. Аталған бапқа сәйкес, айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы 21 625 теңге) 15 АЕК-ке дейін (64 875 теңге) белгіленеді. Айыппұл көлемі құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты анықталады.

Оқиғаның мән-жайы

Өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. 21 қабатты ғимараттың 15-қабатындағы пәтерден шыққан жалын салдарынан үш бала қаза тапты.

Оқиға кезінде өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып үлгерді. Ол ауыр күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Сонымен қатар, жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы ондаған тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан.

Алайда бұл жағдай тек қайғылы оқиғамен ғана емес, оның айналасындағы даулы жайттармен де қоғам назарын аудартты. Соның бірі — төтенше сәтте өрт сөндірушілердің жолын бөгеген жүргізушінің шамамен 70 мың теңге айыппұлмен ғана шектелуі.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Көпшілік жүргізушінің әрекеті мен оған берілген жазаға қатысты өз пікірін білдіріп жатыр.

  • “Бір адамның жауапсыздығы орны толмас қайғыға әкелді. Үш сәбидің өмірі қиылған жағдайда 60-70 мың теңге айыппұл жеткілікті ме? Иә, өрт – тілсіз жау. Ажал да айтып келмейді. Десе де, мұндай жағдайда жанама түрде адами фактор да үлкен рөлге ие. Бәлкім, әлгі көлік өрт сөндірушілердің жолын бөгемесе, уақыт ұтып, сәбилер тірі қалар ма еді? – деп жазады желі қолданушыларының бірі.

Мұндай пікірлер қоғамда жиілеп барады. Көпшілік төтенше жағдай кезінде әр секундтың маңызы бар екенін алға тартып, кез келген кедергінің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтады.

Сандуғаш Жаилганова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар