Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер, көрнекті театр режиссері, профессор Есмұхан Обаев 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялады.
Есмұхан Несіпбайұлы – қазақ театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол бүкіл ғұмырын сахна мәдениетін жетілдіруге, ұлттық режиссура мен актерлік мектепті қалыптастыруға арнады. Өнерге деген адалдығы мен кәсібилігі арқылы көпшілікке үлгі бола білді.
Ол 1941 жылы Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын және Мәскеудегі театр курстарын тәмамдаған. Әр жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры және Семейдегі Абай атындағы қазақ драма театрында қызмет атқарды.
Сонымен қатар, Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының ректоры болып, Мәдениет министрлігінде жауапты қызметтерде жұмыс істеді. 2001–2013 жылдары Әуезов театрының көркемдік жетекшісі болды, кейін осы театрда басшылық кеңесші қызметін атқарды. Ол шығармашылық жолында 100-ден астам қойылым сахналады. Ұлттық және халықаралық мәдени шараларға жетекшілік етіп, қазақ өнерін шетелде танытуға үлес қосты.
Есмұхан Обаевтың еңбегі жоғары бағаланып, ол «Парасат» және «Барыс» ордендерімен марапатталды, платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. Көрнекті өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мен мол мұрасы қазақ халқының жадында сақталады.
Сандуғаш Жаилганова
Парақшамызға жазылыңыз
