//

11 аспапты меңгерген сарбаз

72 рет қаралды

Сурет: ҚР Ұлттық Ұланы

Түркістан. Күн енді атқан шақ. Әскери бөлімнің бір бұрышынан домбыраның қоңыр үні естіледі. Бұл – қатардағы сарбаз Рамзат Азизұлының шертіп отырған күйінің үні. Ол қару мен тәртіпті қана емес, өнерді де өзіне серік еткен ерекше ұландық сарбаз.

Бір қарағанда, ол – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген қарапайым ғана әскери қызметші. Алайда оның бойында ерекше бір дарын бар. Рамзат 11 музыкалық аспапта аса шеберлікпен ойнай алады.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде қызмет ететін сарбаз домбыра, шертер, гитара, бас-гитара ойнауды еркін меңгерген. Сонымен қатар кахон, дарбука, дабыл, тұяқтас сияқты ұрмалы аспаптарды, сондай-ақ сазсырнай, шаңқобыз, фортепианода да әсем әуенді нақышына келтіріп орындайды.

Бұл қабілет оның бойында бір күнде ғана қалыптасқан жоқ. Рамзат Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Музыкамен төрт жасынан бастап айналыса бастаған. Алғашқы домбыра сабағын ата-анасынан алған. Оның отбасында өнерге жақын жандар көп: ата-анасы музыка пәнінің мұғалімдері болса, ағасы прима-домбырада, әпкесі прима-қобызда ойнайды. Сол себепті де сарбаз кішкентайынан музыка әлеміне жақын болған.

Сурет: ҚР Ұлттық Ұланы

Өз отбасының көмегімен өнер жолындағы алғашқы қадамдарын жасағаннан кейін Рамзат Астанадағы «Шабыт» колледжінде «бас домбыра» мамандығын меңгеріп, кәсіби білім алған. Әскерге дейін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония жанындағы «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінде өнер көрсетіп, телевизиялық жобаларға қатысқан.

Әскерге келген соң оның өнерлі қыры бірден байқалған. Бөлім басшылығы сарбаздың қабілетін ескеріп, шығармашылығын жалғастыруға жағдай жасаған. Қазір Рамзат әскери бөлімдегі мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушыларының бірі.

Сурет: ҚР Ұлттық Ұланы

Күндіз ол Түркістан қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Туристерге толы түркі әлемінің астанасындағы әскери қызмет үлкен жауапкершілікті қажет етсе де, сарбаз өз қызметін жақсы атқарады. Ал бос уақытында арнайы жаттығатын бөлмеде музыкамен айналысады.

«Музыка маған ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Қызмет барысында да жинақы әрі мұқият болуыма  өз септігін тигізеді», – дейді сарбаз.

Рамзат үшін әскери қызмет пен өнер бір-біріне кедергі келтіретін қайшылықтар емес. Керісінше, бірін-бірі толықтыратын жас сарбаздың өмірлік жолының ажырамас бөліктері. Бірі оны тәртіпке үйретсе, екіншісі – ішкі тыныштықты сақтауға көмектеседі.

Әсем Тугилова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар