Фото: gov.kz
Абай облысы Аягөз қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова қайта өңделген пластикті пайдалану арқылы жол жабынын жасаудың жаңа технологиясын ұсынды.
Жас өнертапқыш бұл жобамен 7-сыныптан бастап айналысып, бірнеше жыл бойы оны жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Зерттеу нәтижесінде тұрмыстық пластик қалдықтарын арнайы өңдеп, асфальт құрамына енгізудің тиімді тәсілін әзірлеген.
Сарапшылардың бағалауынша, пластик қосылған асфальт ұзақ уақыт бойы сапасын сақтайды. Есептеулерге сәйкес, мұндай жол жабыны 12–18 жылға дейін жөндеуді қажет етпейді, ал қолайлы жағдайларда 20–25 жылға дейін қызмет ете алады. Сонымен қатар, бұл әдіс дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жөндеу жұмыстарын автоматтандыру. Оқушы екі роботтан тұратын жүйені енгізуді ұсынады: біріншісі жол жабынындағы ақауларды анықтайды, ал екіншісі оларды жедел түрде жөндейді. Мұндай тәсіл жөндеу уақытын қысқартып, жолдарды күтіп ұстауға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сандуғаш Жаилганова
Парақшамызға жазылыңыз
