Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх мемлекеттік іс сапармен Астанада жүр…
Осы орайда бір нәрсе есіме орала береді. Жуықта Моңғолия парламентінде жер-су атауларының ежелгі есімдерін өзгертпей атау туралы заң қабылдап жатты. Жалпы моңғол халқы (халхалар – қалқалар, дөрбе, ұраңқай, туба, бұрят т.б. бар), моңғол мемлекеті (үкіметі) жер-су, ел атауларын өзгерпей, халық арасында бағзыдан қалыптасқан аттарымен атайтын жақсы дәстүр қалыптасқан. Оған көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мысалы ел, халықтар атауларына қатысты, айтпақ ойыма байланысты ғана бір-екі ресми мысал келтірейін:
Моңғолдар қытайды хиятад, корейді солонгос, орысты орос, венгрді унгар, грузинді гүрж, үндісті энэтхэг т.б. ал қазақты ХАСАГ дейді. Сөйте тұра ресми түрде қазақты «хасаг» демей Казах, елді Казахстан деп орыс тіліндегі нұсқаны негізге алған халықаралық атауды пайдаланады. Моңғол тілінде “К” дыбысы болмағандықтан оны кірме, шет елдік сөздер қатарында қолданады да атау соңындағы “х” дыбысын айтылымда күшпен “к” дыбысына айналдырып, қазақты «казак» деп атап, орыстың “казак”-тарымен шатастырып жатады.
Хасаг деген атау, 1240 жылы жазылған “Моңғолдың құпия шежіресінде” «хасаг тэрэг» (қазақ арбасы) сөзінде тайға таңба басқандай белгіленген атау. Моңғолдың ежелгі аңыздарында да «хасаг» этнос атауы ретінде кездеседі.
Моңғолдардың қазақты өздерінің байырғы атауымен айтпай «казах» деуі соңғы жүз жылдықтағы саясиландырылып, күшпен енгізілген, мәжбүрлікпен кіріктірген атауы. Солай болса да моңғол тіліндегі кейбір әдеби тарихи шығармаларда, журналдардағы шағын мақалаларда қазақты «хасаг» деп жазған жазбалар көп кездеседі.
Ауыз екі тілде моңғолдар “хасаг” десе, ондағы жергілікті қазақтар шамданады. Ол да бертін өткен ғасырдың елуінші жылдардан кейін қалыптасқан жағдай. Өткен ғасырдың қырықыншы жылдарында (1942-1952) қытайдың гоминдан билеушілері, кейін коммунистері Оспан батырдың атын жамылып Моңғолияға барымташы, қарақшыларды жіберіп отырды. Солардан көрген зардабын шекараға жақын орналасқан моңғолдар «Оспаны үлдэгдэл», «Оспан бүлікшілері», «хасагын дээримчид» (қазақ қарақшылары) жасады деп жек көрінішті атау қалыптастырды. Тарихқа қиянат осылай басталды. Бұл дұрыс емес, ол тарихты білмеу еді. Сөйтіп, қазақ деген сөздің моңғол тіліндегі байырғы «хасаг» деген атауының кемсітушілік кері мағынасы пайда болды. Осыдан болып билік жағымсыз мағына беретін атаудан құтылудың бірден бір жолы қазақты орыстардың атауы бойынша атау керек деп шешкен сияқты. Сөйтіп тарихи шындық жойылуға шақ тұр. Ал моңғолдардың қазақты “хасаг” деп атауы әділетті, байырғы жадыны сақтау болар еді.
Моңғол тілінде басқа жұрттың бәрін ресми түрде өздерінің бұрыннан қалыптастырған, санасына сіңген атымен атап, жазып, қазаққа келгенде неге орыстық үлгіні қалыптастырғаны қызық.
Моңғолияда “Хасагт хайрхан” деген тау бар, қазақшасы. “Қазақ тау” деген сөз. Бүгінгі талқыланып жатқан заң бойынша оны қалай өзгерпек? “Казах хайрхан” дей ме?
Менің жеке пікірім: Моңғол жұрты қазақты өздерінің ежелгі, бұрыннан айтып, дағдыланып, әбден жетесіне жеткізіп қалыптастырған атауымен “хасаг” атауы, елді де сонау атам заманнан қалыптасқан көне дәстүрді бұзбай, бүлдірмей Казахстанды Хасаг Улс деп атағаны жөн болар еді деп есептеймін!!! Сонда тарихи әділеттік қалпына келеді. Тарихи жады жаңғырады. Біз үшін де ақиқат өз шындығын табады. Б. Бақытбек
Парақшамызға жазылыңыз
