Сурет: gov.kz
Алматы облысында қой жүнін терең өңдеуге арналған жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынның құрылысы басталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдегі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға және қайта өңдеу секторын күшейтуге бағытталған.
Жобаны «Мерген Холдинг» ЖШС жүзеге асырып отыр. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр болатын болашақ өндірістік кешен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көздейді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын жылына 2 мың тоннадан астам қой жүнін өңдей алады. Бұл жергілікті мал шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Өндірісте тазартылып, өңделген жүннен дәстүрлі текеметтер, көрпелер және халық тұтынатын өзге де өнімдер шығарылмақ. Бұл жоба өз бастамасын алғанда, оның нәтижесінде отандық өнім көлемі артып, импортқа тәуелділік азаяды деген мақсат қойылған болатын. Сонымен қатар жоба аясында «Қазақстанда жасалған» деген брендпен жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі көбейеді деп күтілуде.
«Мерген Холдинг» компаниясының бас директоры Сабит Алиевтің айтуынша, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.
«Алғашқы кезеңде автоматтандырылған құрылғылармен жұмыс істеуге 50-ге жуық адам қабылданады. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайған сайын қызметкерлер саны да артып, Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары тұрғындарының 70–80 пайызы жұмыспен қамтылады», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қой жүнінің басым бөлігі кәдеге аспай, далаға тасталып жатқанын хабарлаған едік. Облыстағы Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, өңірде 1 млн 171 мың бас қойдан жыл сайын шамамен 1800 тонна жүн қырқылады. Алайда соның небәрі 81 тоннасы ғана өңделеді. Қалған бөлігі пайдаланылмай, қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр.
Мамандардың айтуынша, өңделмеген жүннің бейберекет тасталуы экологиялық қауіпті тудырады. Ол шіріген кезде инфекциялық аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Ал полигондарға түскен жүн оттегі жетіспейтін қабатта метан бөліп, қоршаған ортаға қосымша зиян келтіреді. Техника ғылымдарының докторы – Сәрсенбек Әлиақбарұлы бұл мәселенің өзектілігін атап өтті.
«Малшыларда жүнді өңдейтін мүмкіндік болмағандықтан, оны көбіне тастайды немесе өртейді. Ал жүн жанған кезде ауаға зиянды заттар бөлінеді. Егер ауру малдың жүні шірісе, инфекция таралу қаупі артады. Инфекция айналадағы жан-жануар, жәндік арқылы адамдарға да тарайды», — деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай проблемаларды шешудің тиімді жолы – жүнді терең өңдейтін өндірістерді дамыту. Осы тұрғыда Алматы облысында қолға алынған жаңа жоба шикізатты кәдеге жаратып қана қоймай, экологиялық жүктемені азайтуға да мүмкіндік береді. Алайда басқа облыстарда да осындай бастамалар қолға алынса ғана, бұл мәселе өз шешімін толық таба алады.
Жоба іске асқан жағдайда өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, жеңіл өнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бере алады.
Әсем Тугилова
Парақшамызға жазылыңыз
