Алматыда Orda.kz ақпараттық порталының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесі басталды. Алайда қоғамдағы пікірталас қылмыстық іс шеңберінде ғана қалып отырған жоқ. Журналистің ісі сотқа дейінгі жария мәлімдемелердің сипаты, ақпарат көздерінің сенімділігі, журналистік стандарттар мен саяси коммуникацияның шекарасы туралы жаңа сұрақтарды күн тәртібіне шығарды.
2 шілдеде Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында журналист, Orda.kz порталының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Процесті судья Елена Кван жүргізіп отыр. Сот отырысы ашық деп жарияланғанымен, журналистер мен бақылаушылар негізгі залға емес, трансляция залына орналастырылды.
Гүлнар Бажкеноваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:
274-бап – «Көрінеу жалған ақпарат тарату»,
214-бап – «Заңсыз кәсіпкерлік қызмет»,
189-баптың 4-бөлігі – «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету».
Журналист 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отыр. Сол күні оның үйінде және Orda.kz редакциясында тінту жүргізілген болатын.
«Жеті айда екі рет қана жауап алынды»
Сот басталар алдында Гүлнар Бажкенова журналистерге берген түсініктемесінде 18 томдық қылмыстық іс бойынша жеті ай ішінде өзін екі-ақ рет жауап алуға шақырғанын айтты. Оның сөзінше, әрбір жауап алу шамамен 15 минутқа созылған.
Алайда Алматы қаласының прокуратурасы кейін арнайы мәлімдеме жасап, Бажкенованың бұл сөзі қылмыстық іс материалдарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Прокуратура тергеу әрекеттерінің көлемі туралы нақты деректерді сот барысында жариялауға болатынын мәлімдеді.
Гүлнар Бажкенова «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша сегіз эпизодтың қаралып жатқанын, олардың бесеуіне қатысты бейнежазбалар бар екенін айтты. Оның пікірінше, аталған материалдар жалған ақпарат емес, нақты айтылған пікірлер мен мәлімдемелердің тіркелген нұсқасы саналады.
«Бес адвокат бас тартты»
Сотқа дейінгі кезеңде қоғам назарын аудартқан тағы бір жайт – қорғаушылар мәселесі болды. Бұған дейін Бажкенованың мүддесін қорғаған адвокат Мұрат Адам лицензиясынан айырылғаннан кейін, журналист тағы бес адвокатқа жүгінгенін, алайда олардың барлығы әртүрлі себеппен істі жүргізуден бас тартқанын мәлімдеді.
«Әуелде келіседі, кейін «кешіріңіз, қолымнан келмейді, балаларым, отбасым бар» деп бас тартты», – деді Бажкенова журналистерге.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай санаттағы істерде адвокаттың қатысуы міндетті болғандықтан, сот оған мемлекеттік қорғаушы тағайындаған.
Қылмыстық іс неден басталды?
Іс материалдары бойынша жәбірленуші тарап ретінде Orda Media.kz ЖШС танылған. Компанияның қазіргі директоры әрі инвесторы Мақсат Ғаниевтің айтуынша, дау бастапқыда корпоративтік және қаржылық сипатта болған. Оның мәлімдеуінше, 2020–2021 жылдары жобаға 93 миллион теңге инвестиция салынған, ал кейін компания үлесін сатып алу мен қайта сату үдерістері кезінде тараптар арасында келіспеушілік туындаған.
Ғаниевтің айтуынша, 2022 жылы Гүлнар Бажкенова компанияның 100 пайыз үлесін сатып алғанымен, төлемдер толық көлемде жүргізілмеген. Кейін тараптар арасындағы дау азаматтық-құқықтық алаңнан қылмыстық өндіріске өткен.
Ал Бажкенова бұл айыптарды жоққа шығарып, істі «ойдан құрастырылған» деп атайды.
Аида Балаеваның мәлімдемесі неліктен қоғам назарын аударды?
Гүлнар Бажкеноваға қатысты қоғамдық пікірталасты күшейткен тағы бір фактор – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәлімдемесі болды.
Еске салсақ, 2025 жылы Orda.kz редакциясы сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге қатысты ақпарат жариялағаннан кейін, Аида Балаева бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеп, оны жалған дерек ретінде бағалаған болатын.
Алайда Гүлнар Бажкенованың соты басталардан бір күн бұрын Аида Балаева журналист туралы мүлде басқа сипаттағы пікір білдірді.
«Шынымды айтсам, ақпараттық кеңістікте Гүлнар жетіспейді. Ол мықты журналист, сапалы аналитикалық материалдар жасайтын кәсіби маман», – деді вице-премьер.
Осы мәлімдемеден кейін журналистік ортада және әлеуметтік желілерде бірнеше сауал туындады. Егер сот әлі басталмаған болса және адамның кінәсін тек сот анықтайтын болса, онда бұрын жария түрде сын айтқан лауазымды тұлғаның кейін кәсіби қолдау білдіруі нені білдіреді? Бұл – жеке пікір ме, әлде саяси сигнал ма?
Дина Елгезек қандай сұрақ көтерді?
Журналист Дина Елгезек әлеуметтік желідегі жазбасында дәл осы қайшылықтарға назар аударды. Оның пікірінше, мәселе тек Гүлнар Бажкенованың тағдырында емес, ақпараттың қайдан шыққаны мен оның қалай пайдаланылғанында жатыр.
Журналист Дина Елгезек әлеуметтік желідегі жазбасында Гүлнар Бажкенова ісіне қатысты бірқатар сұрақ көтерді. Оның пікірінше, қоғам үшін әлі де жауапсыз қалып отырған мәселелер аз емес.
«Гүлнәр Бажкенова ауыр айып таққан Мұрат Нұртілеу қазір Мемлекет басшысының кеңесшісі. Ал Айдос Садықовтың өліміне қатысты тергеу қадамдары аса байқалмайды. Мені ойландыратыны – «Орда» басылымының жетекшісіне «Нұртілеу ұсталды» деген ақпарды жеткізген кім? Бажкенова сұқбаттарында «сенімді дереккөз болғанын» айтқан. Сонда Нұртілеуге қатысты айыптауларға негіз болған ақпаратты кім берген? Сот барысында осы фактілер анықтала ма? Ал Айдос Садықовтың өліміне тапсырыс бергендерді құқық қорғау органдары іздей ме? Және ең маңызды сауал – Бажкенова біреудің тапсырысын орындады ма, әлде нақты фактілерге сүйенді ме? Егер Гүлнәр ақталып шықса, әріптес ретінде тек қуанатыным анық», – деді Дина Елгезек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дина Елгезек, атап айтқанда, Айдос Садықовтың өліміне қатысты жарияланған материалдар мен бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге қатысты айтылған айыптауларды еске салды. Оның пікірінше, қоғам үшін басты сұрақтардың бірі – журналиске ақпаратты кім жеткізгені және сол ақпараттың шынайылығы қандай болғаны. Егер ақпарат жалған болса, оның бастапқы көзі кім болды? Ал егер ақпараттың белгілі бір негізі болса, онда ол неге ресми түрде расталмады? Бұл сұрақтардың бір бөлігі сот барысында қарала ма, әлде олар саяси кеңістікте жауапсыз қала ма – әзірге белгісіз.
Соттан тыс қалған басты мәселе
Гүлнар Бажкенова ісі бүгінде бір ғана журналистің қылмыстық жауапкершілігі туралы мәселе емес. Бұл іс Қазақстандағы журналистиканың кәсіби стандарттары, редакциялық тәуелсіздік, ақпарат көздерінің сенімділігі және медиа мен саясаттың өзара байланысы туралы кеңірек дискуссияға айналып отыр.
Гүлнар Бажкенова ісі бойынша соңғы сөзді сот айтады. Бірақ бұл үдеріс аяқталғаннан кейін де, Қазақстандағы журналистика мен билік арасындағы шекара туралы пікірталас жалғаса беретіні анық.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз
