///

Боз кілемдегі тартыс: Qazaqstan Barysy-2026 атағы кімге бұйырады?

56 рет қаралды

Фото: ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі

Қазақ күресінде жылдың басты додаларының бірі саналатын Qazaqstan Barysy супертурнирі биыл өзінің мерейтойлық XV бәсекесіне жетті. 15 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін турнирге еліміздің барлық өңірінен іріктелген 40 палуан қатысады.

Алайда биылғы жарыстың ерекшелігі қатысушылар санында ғана емес. Боз кілемге әр кезеңде «алтын белбеуді» иеленген үш чемпионның қатар шығуы турнирдің спорттық салмағын айтарлықтай арттырып отыр. 2017 жылғы жеңімпаз Еламан Ерғалиев, 2021 жылғы чемпион Дәурен Нұралинов және 2023 жылғы бас жүлде иегері Ғалымжан Қырықбай бір турнирде белдеседі. Бұл тәжірибелі палуандар мен жаңа буын спортшыларының тоғысуы.

Үш чемпион – үш түрлі тарих

Qazaqstan Barysy тарихындағы чемпиондардың қайта оралуы турнирдің басты интригасына айналып отыр. Еламан Ерғалиевтің бұл жарысқа жеңісінен тоғыз жыл өткен соң қайта қатысуы ерекше жағдай. 2017 жылғы жеңістен кейін араға ұзақ уақыт салып супертурнирге оралу оның қазіргі мүмкіндігін де сынға салмақ.

Ал Дәурен Нұралинов пен Ғалымжан Қырықбайдың жекпе-жегіне жанкүйерлердің қызығушылығы бөлек. Екі палуан арасындағы текетірестің тамыры 2021 жылғы финалға барып тіреледі. Сондықтан олардың биылғы кездесуі жай ғана кезекті белдесу емес, бірнеше жылдан кейін қайта жалғасқан спорттық бәсеке ретінде қабылдануда.

Бұл жерде маңызды мәселе бұрынғы жетістіктің қазіргі нәтиженің кепілі бола алмайтыны. Қазақ күресінде палуанның физикалық дайындығымен қатар, турнирлік тәжірибесі, тактикалық ойлауы және ұзақ жарыста күшті дұрыс бөлуі шешуші мәнге ие.

Фавориттер шеңбері кең

Биылғы Qazaqstan Barysy-ның тағы бір ерекшелігі чемпиондардан бөлек, қазіргі таңда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген бірқатар палуанның қатысуы.

Солардың бірі – Қайсар Шәмшидинов. 100 келіден жоғары салмақтағы 2025 жылғы Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері әрі «Түркістан Барысы-2026» турнирінің жеңімпазы. Ол жарыстың басты фавориттерінің қатарында тұр. Яғни Шәмшидиновтың артықшылығы тек атағында емес, соңғы уақыттағы нәтижесінде.

Нұрдәулет Жарылғаповтың тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Qazaqstan Barysy турнирінің үш дүркін жүлдегері атанған «Қара бура» лақап аты бар палуан осы аралықта 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанып үлгерді. Нұрдәулет бұл доданың ерекшелігін жақсы біледі. Мұндай тәжірибе шешуші белдесулерде айрықша рөл атқаруы ықтимал.

Сондай-ақ Qazaqstan Barysy-2024 турнирінің қола жүлдегері Саят Шәмшиев пен Қазақстан чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Олжас Шынкеев те назардан тыс қалмайды. Шынкеевтің спорттық мансабын ішкі істер органдарындағы қызметімен қатар алып жүруі оның спорттағы жолының өзіндік ерекшелігін көрсетеді.

Әскер барыстары да боз кілемде

Биылғы турнирдің құрамында әскери спортшылардың болуы да бәсекені күшейтеді. «Әскер Барысы-2026» турнирінің бірінші және екінші орын иегерлері Айдар Бескемпір мен Әділ Оразбаев отан қорғаушылардың намысын қорғайды.

Айдар Бескемпір Азия кубогының жеңімпазы әрі Азия чемпионатының жүлдегері. Демек, бұл палуандардың қатысуы турнирдің географиясын ғана емес, спортшылар арасындағы бәсекелестік ортаны да кеңейтеді.

Кімнің мүмкіндігі басым?

Турнир қарсаңында нақты жеңімпазды атау қиын. Себебі Qazaqstan Barysy – бір күндік жарыс болғанымен, палуаннан бірнеше факторды қатар талап ететін дода. Біріншіден, физикалық дайындық. Екіншіден, белдесулер арасында күшті қалпына келтіру. Үшіншіден, қарсыластың әдісін жылдам танып, тактиканы өзгерте білу.

Осы тұрғыдан қарағанда, жарыстың басты фавориттері ретінде Қайсар Шәмшидинов пен тәжірибелі чемпиондарды атауға болады. Бірақ турнирдің табиғаты күтпеген нәтижелерге де жол береді. Өңірлік іріктеуден өткен палуандардың арасынан да фавориттердің жолын кесетін спортшы шығуы ықтимал. Өйткені олардың әрқайсысы өз өңірінде ең мықты екенін дәлелдеп, елдің басты боз кілеміне жолдама алды.

Басты мәселе – «Барыс» атағын кім алады?

Qazaqstan Barysy-2026-ның мәні жеке белдесулер мен жекелеген чемпиондардың қайта оралуымен ғана шектелмейді. Бұл турнир қазақ күресінің қазіргі деңгейін көрсететін өзіндік спорттық индикаторға айналып отыр.

Биыл боз кілемде бірнеше буынның өкілдері кездеседі: бұрын «Барыс» атанған чемпиондар, халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған спортшылар, әскери турнирлердің үздіктері және өңірлік іріктеуден сүрінбей өткен палуандар. Олардың әрқайсысының жолы бөлек болғанымен, мақсат бір – супертурнирдің бас жүлдесін иелену.

Сондықтан биылғы жарыстың басты сұрағы «кім чемпион болады?» дегеннен гөрі, қазіргі қазақ күресінің ең мықты палуаны кім екенін кім дәлелдейді? деген сауалға келіп тіреледі.

15 тамызда осы сұраққа боз кілем жауап береді. Сол күні Qazaqstan Barysy-2026 чемпионы ғана емес, «Тайтұяқ» ауыспалы кубогының да жаңа иегері анықталады.

Назарларыңызға елдің басты боз кілеміне шығатын барлық палуанның тізімін ұсынамыз: 

1. Олжас Шынкеев — Астана қаласы.
2. Мейіржан Сламшаиков — Астана қаласы.
3. Санжар Жабборов — Алматы қаласы.
4. Жансерік Жұмабай — Алматы қаласы.
5. Нұрсұлтан Қожагелдіұлы — Шымкент қаласы.
6. Саят Шамшиев — Абай облысы.
7. Дәурен Нұралинов — Абай облысы.
8. Дастан Баухан — Ақмола облысы.
9. Жанболат Дартаев — Ақмола облысы.
10. Амирбек Рахимов — Ақтөбе облысы.
11. Ерасыл Амангелді — Ақтөбе облысы.
12. Нұрғали Жолтаев — Алматы облысы.
13. Мәди Еділбаев — Алматы облысы.
14. Әділет Сапарғалиев — Атырау облысы.
15. Дулат Багенов — Атырау облысы.
16. Эльнар Жанболатұлы — Батыс Қазақстан облысы.
17. Мерей Бердіғали — Батыс Қазақстан облысы.
18. Ғалымжан Қырықбай — Жамбыл облысы.
19. Данил Фёдоров — Жамбыл облысы.
20. Ерсайын Нияз — Жетісу облысы.
21. Бекарыс Садуақас — Жетісу облысы.
22. Марлен Жаңғабыл — Қарағанды облысы.
23. Жанибек Жақсыжол — Қарағанды облысы.
24. Алмас Жұмағали — Қостанай облысы.
25. Нұрсұлтан Қаблан — Қостанай облысы.
26. Еламан Ерғалиев — Қызылорда облысы.
27. Нұрым Сәлімгереев — Қызылорда облысы.
28. Нұрдәулет Жарылғапов — Маңғыстау облысы.
29. Жантілек Нұртілепұлы — Маңғыстау облысы.
30. Мұхтар Далелханұлы — Павлодар облысы.
31. Рахат Манап — Павлодар облысы.
32. Әділет Мурзаш — Солтүстік Қазақстан облысы.
33. Қайсар Шамшидинов — Түркістан облысы.
34. Мейіржан Абдималиков — Түркістан облысы.
35. Қайрат Бейсенов — Ұлытау облысы.
36. Элдияр Дюсенбин — Ұлытау облысы.
37. Серікбол Естай — Шығыс Қазақстан облысы.
38. Қасиет Қарқын — Шығыс Қазақстан облысы.
39. Айдар Бескемпір — «Әскер Барысы».
40. Әділ Оразбаев — «Әскер Барысы».
Түгелбай Бисен, 
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар