//

Ақмарал Ерекешева әлем чемпионатында 6-орын алды

39 рет қаралды

Фото: ҚР ТжСМ Спортты дамыту дирекциясы

Көркем гимнастикадан Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында көпсайыс бағдарламасының финалы аяқталды. Қазақстан құрамасының жас спортшысы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева дүбірлі додада 6-орынға тұрақтады.

16 жастағы отандасымыз төрт жаттығудың қорытындысында 116.000 ұпай жинап, өзінің халықаралық аренадағы жоғары нәтижелерінің біріне қол жеткізді.

Көпсайыстың қорытындысында: бірінші орын Дарья Варфоломеева (Германия) – 119.500 ұпай, екінші орын Стилияна Николова (Болгария) – 117.600 ұпай, үшінші орын София Раффаэли (Италия) – 117.550 ұпай. Ал Ақмарал Ерекешева – 116.000 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады.

Осылайша қазақстандық спортшы әлемнің ең мықты көркем гимнасттары арасында үздік алтылықтан орын алды. Бұл нәтиже Ақмаралдың спорттық мансабындағы маңызды белестердің бірі.

Өйткені әлем чемпионатының жеке көпсайыс бәсекесінде 73 елден 102 спортшы бақ сынады. Яғни қазақстандық гимнаст әлемдік доданың ең үздік спортшылары шоғырланған финалында өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті.

Ақмарал Ерекешева үшін әлем чемпионаты мұнымен аяқталған жоқ. 16 тамызда ол жекелей жаттығулар бойынша финалда бақ сынайды. Қазақстандық спортшы таспа және ұршық жаттығуларында жүлде үшін күреседі.

Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған Ақмаралдың ересектер арасындағы әлемдік бәсекеде де өз деңгейін көрсетуі – отандық көркем гимнастиканың болашағы зор екенін көрсетеді.

Ендігі кезекте жанкүйерлердің назары 16 тамыздағы финалдарға ауып отыр. Ақмаралға сәтті өнер көрсетіп, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада тағы бір мәрте биіктен желбіретуіне тілектеспіз!

Түгелбай Бисен,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар