///

Гүлнар Бажкенова ісі: журналистік жауапкершілік пен ақпарат еркіндігі мәселесі

124 рет қаралды
фото жеке мұрағаттан

Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық істің басталуы Қазақстанда журналистік қызметтің құқықтық шекарасы, ақпарат көзінің құпиясы және сөз бостандығы туралы пікірталасты күшейтті. Осыған орай құқық қорғаушы, «Media Qoldau» құқықтық медиа орталығының жетекшісі, сондай-ақ «Құқықтық медиа-центр» (Legal Media Center) қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, медиазаңгер Гүлмира Біржановамен сұхбаттасып, журналистің құқықтық жауапкершілігі, ақпарат көзін қорғау тетіктері және мұндай істердің отандық медиа кеңістікке ықпалы жөнінде пікірін сұрадық.

Сарапшы журналистерге қатысты істерде жарияланған мәліметтің шынайылығымен қатар, ақпараттың қоғамдық маңызы, журналистің кәсіби міндетін қалай орындағаны және деректі тексеру үшін қандай әрекет жасағаны да ескерілуі керек екенін айтады. Оның пікірінше, Гүлнар Бажкенова ісі бір журналистің жауапкершілігімен ғана шектелмейді. Аталған іс Қазақстандағы медиа еркіндігі, өзін-өзі цензуралау деңгейі және журналистердің құқықтық қорғалуы туралы маңызды қоғамдық талқылауға жол ашты.

– Сот процесі барысында журналист жариялаған ақпаратты кімнен алғанын және оны жарияламас бұрын қандай жолмен тексергенін анықтауға құқылы ма? Мұндай жағдайда журналистің ақпарат көзінің құпиясын сақтау құқығы қалай қорғалады?

– Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңында журналистің ақпарат көзі мен авторлық құпияны сақтау құқығы көрсетілген. Заңда журналистің авторлық және ақпарат көзі құпиясын сақтауға құқығы бар екені айтылады. Бірақ сол норманың өзінде сот талап еткен жағдайда мұндай құпиялар мен ақпарат көздері жария етілуі мүмкін деген шектеу бар.

Сондықтан сот белгілі бір жағдайда журналистен ақпаратты кімнен алғанын және оны жарияламас бұрын қалай тексергенін сұрата алады. Өкінішке қарай, ұлттық заңнама журналистік құпияны мойындағанымен, сот талабымен ақпарат көзін ашу мүмкіндігін де қалдырады.

Халықаралық құқықтық стандарттар мен журналистік этика қағидаттары ақпарат көзінің құпиясын әлдеқайда кең қорғайды. Өйткені дереккөзді қорғау – сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистиканың негізгі кепілдіктерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық тәжірибе мен Қазақстан заңнамасының арасында айырмашылық бар.

– Егер журналист ақпаратты сенімді деп есептелген дереккөзден алып, кейіннен оның шындыққа сәйкес келмейтіні, жалған немесе беделге нұқсан келтіретін мәлімет екені анықталса, журналистің құқықтық жауапкершілігі қандай өлшемдер бойынша белгіленеді?

– Мұндай жағдайда басты мәселе ақпараттың ресми түрде расталған-расталмағанында емес, оның шындыққа қаншалықты сәйкес келетініне тіреледі. Егер журналист жариялаған мәліметтің рас екенін дәлелдей алмаса, ол мәлімет анонимді немесе сенімді деп есептелген дереккөзден алынса да, құқықтық тәуекел туындайды. Ақпарат жалған, шындыққа жанаспайтын немесе адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәлімет деп танылса, журналист жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Өкінішке қарай, қазақстандық құқық қолдану тәжірибесінде журналистің қоғамдық мүдде үшін әрекет еткені, кәсіби міндетін орындағаны және ақпаратты адал ниетпен жариялағаны үнемі толық ескеріле бермейді. Сот тәжірибесінде көбіне жарияланған ақпараттың шынайылығы мен оның құқықтық салдарына басымдық беріледі.

– Журналистің көрінеу жалған ақпарат таратқаны дәлелденуге тиіс пе, әлде жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмеуінің өзі жауапкершілікке тартуға жеткілікті ме? Мұндай істерді қарау кезінде ақпараттың қоғамдық маңызы, журналистің оны тексеру үшін қабылдаған шаралары және балама пікірдің берілуі ескеріле ме?

– Менің ойымша, көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған істерде журналистің қасақана әрекеті міндетті түрде дәлелденуі керек. Яғни сот журналистің ниетін, кінә нысанын және жарияланымнан кейін туған нақты салдарды жан-жақты бағалауға тиіс. Егер материал жарияланғаннан кейін нақты зиян немесе теріс салдар туындамаса, онда залалдың сипаты мен көлемін қалай анықтау керек деген сұрақ ашық қалады.

Сондықтан мұндай істерде ақпараттың шындыққа сәйкестігімен шектелуге болмайды. Материалдың қоғамдық маңызы, журналистің деректі тексеру үшін жасаған әрекеті, балама пікірдің берілуі және жарияланымның нақты құқықтық әрі әлеуметтік салдары бірге қаралуы қажет.

– Ақпараттың қоғамдық маңызы, журналистің деректі тексеру үшін жасаған әрекеттері және материалда балама пікірдің берілуі сот бағалауында қаншалықты ескерілуге тиіс? Мұндай істердің қазақстандық журналистикаға ықпалы қандай болуы мүмкін?

– Қазір аталған істің барлық мән-жайы толық белгілі емес. Айыптаудың бірнеше бап бойынша тағылғаны белгілі болғанымен, нақты қай жарияланымдар іс материалдарына кіргені және сотта қандай дәлелдер қаралатыны толық ашылған жоқ. Сондықтан істің құқықтық бағасы туралы түпкілікті пікір айтуға әлі ерте.

Дегенмен бір нәрсені нақты айтуға болады: мұндай істер қазақстандық журналистикаға әсер етпей қоймайды. Әсіресе, онсыз да күшейіп тұрған өзін-өзі цензуралау үрдісін одан әрі арттыруы мүмкін. Сондықтан сот ашық өтіп, істің барлық мән-жайы объективті әрі жан-жақты қаралуы қажет. Сонымен қатар журналистің кәсіби мәртебесі мен қоғам үшін маңызды ақпаратты таратудағы рөлі ескерілуге тиіс.

Сот процесі заң талабына сай, ашықтық пен әділдік қағидаттары негізінде өтеді деп үміттенеміз.

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар