Алматының Орталық стадионында матч басталмастан бұрын ерекше атмосфера сезіледі. Сары-жасыл түске боялған трибуналарға көрермен біртіндеп жайғасып жатыр. Жанкүйерлердің “Алға, Қайрат!” деп үздіксіз қолдау білдіруі мен барабан үні стадионға келген көрерменге де, ойыншыларға да жігер сыйлайды. Бірер минуттан кейін еурокубок маусымы басталғалы тұр. Алматылықтар черногориялық “Сутьеска” футбол клубымен кездесуге дайын.

Алғашқы таймда Жоржиньо (Жорже Габриэл Кошта Монтейру) гол соқты. Алайда офсайд тіркеліп, гол есептелмеді. Осылайша алғашқы тайм 0:0 есебімен аяқталды.
Ойын екінші таймда қыза түсті. Матчтың 76-минутында “Қайраттың” бразилиялық футболшысы Лукас Африко гол соқты. “Жеңіс біздікі” деген ойда отырған жанкүйер мен футболшылар үшін күтпеген жағдай болды. Ойынның негізі уақытының соңғы секундтарында “Сутьеска” футбол клубының шабуылшысы Марко Мрвальевич дәл соққы жасап, гол соқты. Қонақтар есеп теңестірді.
Негізгі уақытқа 6 минут қосылды. Бірнеше шабуылдан кейін 93-минутында Қайраттың испаниялық шабуылшысы Марк Гуаль гол соқты. Осылайша, Қайрат алғашқы ойында 2:1 есебімен жеңіске жетті.
— Қазір ең маңыздысы — жеңіске жеткеніміз. Әрине, ойын біз күткендей өрбиді деп ойладық. Алайда жоспарымыз толық жүзеге аспады. Оның себептерін енді саралаймыз. Ойын барысында аздап қобалжығанымыз байқалды. Мүмкін алғашқы матчты өз алаңымызда өткізгендіктен жауапкершілік салмағы сезілген шығар, – дейді бас бапкер Рафаэль Уразбахтин.
Оның пікірінше, бұл физикалық емес, психологиялық тұрғыдан әсер етті. Футболшылардың қалыпқа келуіне де, тынығуына да, дайындалуына да уақыт жеткілікті болған. Былтыр қарсыластар “Қайраттың” ойын мәнерін жақсы білмеген шығар. Сондықтан қазіргідей мұқият дайындалмайтын. Ал қазір жағдай өзгерді.

Бұл ойында клубтың жас ойыншысы Исмаил Бекболат та қайта көзге түсті. Қосалқы құрамнан алаңға шығып, ойын нәтижесінің өзгеруіне әрекет етті. Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы ойындарда 3 мәрте ассист жасап, 1 рет гол соқты. Ал «Сутьескаға» қарсы кездесуде екі нәтижелі пас авторы атанып, клубтың жеңісіне үлес қосты.
— Иә, қазір Исмаилдың бабы жақсы. Біз онымен сөйлесіп, осы бағытта жұмысын жалғастыру қажет екенін айттық. Жаттығуға тыңғылықты қатысып, командаға пайдасын тигізіп жүр. Әрине, бәрі өзіне байланысты. Әзірге оны негізгі құрамда алаңға шығады деп нақты айта алмаймын, – дейді Рафаэль Уразбахтин.
Бас бапкердің айтуынша, алдағы қарымта матчқа дайындық барысын әлі пысықтау керек. Кездесудің сипаты өзгеше болатыны анық. Қарсылас шабуылға көбірек ден қояды, өйткені олар гол соғу қажет. Сондықтан ойын да басқаша өрбиді. Құрамды жан-жақты саралап, ойыншылардың қазіргі жағдайын ескереді. Команда капитаны әрі қорғаушы Александр Мартынович пен Лукас Африкода жеңіл жарақат бар.
Қарымта кездесу 16 шілде Черногорияның Никшич қаласында өтеді. Қазір алматылықтар қарымта кездесуге дайындықты бастап кетті.
Дариға Нұрғай
фото: instagram.com/f.c.kairat
Парақшамызға жазылыңыз


