///

«Qazaqstan Barysy – 2026» турнирін дебютант Жантілек Нұртілепұлы жеңіп алды

141 рет қаралды

Фото: Qazaqstan Barysy 

Маңғыстау облысының намысын қорғаған Жантілек Нұртілепұлы («Лабақ батыр») қазақ күресінен елдің басты додаларының бірі – «Qazaqstan Barysy – 2026» турнирінде топ жарды. Қазақстан Республикасының спорт шебері үшін бұл жарыс ерекше тарихи мәнге ие. Себебі ол аталған супертурнирге алғаш рет қатысып, бірден бас жүлдеге қол жеткізді.

Жантілек Нұртілепұлы жарыс барысында өзінің шеберлігі мен мықты дайындығын көрсетті. Жартылай финалда ол Қостанай облысының өкілі, Қазақстан Республикасының спорт шебері Алмас Жұмағалиді («Өтей батыр») жеңіп, финалға жолдама алды.

Ал шешуші белдесуде маңғыстаулық балуан Жамбыл облысының тәжірибелі өкілі, «Қазақстан Барысы – 2023» турнирінің чемпионы әрі екі дүркін жүлдегері Ғалымжан Қырықбаймен («Барыс») кездесті.

Тартысты белдесуде Жантілек Нұртілепұлы қарсыласынан басым түсіп, «Qazaqstan Barysy – 2026» турнирінің алтын белбеуін иеленді.

Айта кетерлігі, Жантілек Нұртілепұлы – биылғы турнирдегі ең жас балуандардың бірі. Дебюттік жарысында-ақ елдің үздіктерін мойындатып, басты жүлдені жеңіп алуы оның қазақ күресіндегі болашағы зор екенін аңғартты.

Турнирдің үшінші орны Шымкент қаласының өкілі, Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы чемпионы Нұрсұлтан Қожагелдіұлына («Батыр») бұйырды. Ол қола жүлде үшін белдесуде Алмас Жұмағалиден басым түсті.

Жеңімпазға «Qazaqstan Barysy» алтын белбеуі және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды. Күміс жүлдегер күміс белбеу мен 3,5 миллион теңге, ал қола жүлдегер қола белбеу және 1,5 миллион теңге иеленді.

Осылайша, Жантілек Нұртілепұлы өзінің алғашқы «Qazaqstan Barysy» додасында-ақ жеңімпаз атанып, қазақ күресінің жаңа жұлдыздарының бірі екенін дәлелдеді.

Түгелбай Бисен, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар